Қобыз – тек қана ұлттық музыкалық аспап емес, сонымен бірге Тәңірге табынған ата-бабаларымыздың қасиет тұтқан бір тотемі де болғаны белгілі. Қасиетті зат емес пе, кез келген үйден табыла бермейтіні де сондықтан шығар. Бүгінде қарағайдың түбінен қайырып алып жасайтын киелі аспапты қолдан шабатын шеберді табу да - қиын шаруа.
Кеңестік кезеңде әр нәрседен ілік іздеп, тіміскіленіп жүретін шолақбелсенділер қобызды бақсы-балгерлердің аспабы деп қара күйе жаққысы да келді. Бірақ сан ғасыр сорабынан аман-есен шыққан қобыз бүгінде қазақтың бас аспаптарының қатарына қосылды. Байырғы қазақ шеберлері оның ішегін жылқының құйрық қылынан жасайды екен. Онда да сойылған жылқының емес, тірі жылқының құйрық қылын жұлып алып, тұзға салып қайнатып барып, әбден баптап тағады екен. Қазір тым таралған, қобыздың әуелгі тұрпатынан тым жіңішкеріп кеткен сым шекті қобыздар шықты. Қобыз сияқты екі тізенің ортасына қысып отырып тартатыны болмаса, оның скрипкадан айырмасы шамалы. Ал скрипканы қобыздың көшірмесі санайтындар баршылық.
Сонау көнеден келе жатқан киелі аспап екіге бөлінеді. Бірін – қылқобыз, екіншісін нарқобыз деп атайды. Бүгінде күй тартуға арналған тұрқы шағын ғана аспапты қылқобыз атап жүр. Ал нарқобыздың шанағы үлкен. Оның қылқобыздан айырмасы басына жезден, темірден соғылған сылдырмақтар ілінген, үні күркіреген жуан болып келеді. Тарихи деректерге сүйенсек, нарқобызды, негізінен, бақсылар шалған сияқты. Бақсы сарыны аталатын жанр ғасырлар бойы осы нарқобызбен орындалып келген. Осы күнге аты жеткен қобызшылардың көбі абыз, жырау, бақсы болған. Бүгінде ел арасында оны музыкалық аспап ретінде емес, емшілерге арнап жасайтын шеберлер баршылық. Негізгі стандарт бойынша емес, оның дауысы күңіреніп шықса болғаны деп есептейтіндер де жоқ емес. Ал қобызбен емдейтін емшілер де некен-саяқ. Бұрынғы бақсылық дәстүрге сайсақ, қобыз үні адамның бойындағы жын-шайтанды қуады-мыс. Осы сөздің жаны бар шығар, расында, қобыздың күңіренген қою үнін естіген адамның тұла бойы түршігіп, ерекше сезімге бөленетіні де рас. Медицина тілімен айтқанда, қобыз үнімен емдеу тәсілін мелотерапия деп атайды... Сапалы жасалған қобыздың өзі бірнеше мың доллар тұрады. Ағаштан шауып алуға қанша қажыр-қайрат жұмсалады. Шығыны да бар. Бүгінде өнерпаздарымыз пайдаланып жүрген нарқобыз – 2 мың, 1 мың доллар тұрады...
Шымқаладағы тарихи-мәдени этномұражай директоры Кендебай Қарабдалов – алтын қолды қобыз жасаушы шеберлердің бірі. Қобызды қалай жасаудың қыр-сырын терең меңгерген ұста: «Қобыз жасайтын ағашты ұзақ кептіремін. Сонда ғана ол керемет үн шығаратын болады. Қара ағаштан, қарағайдан, еменнен де жасауға болады. Кептірген соң оны ыстап, әбден баптау қажет. Өзімнің нарқобызымның шанағын нардың терісінен жасағанмын. Қобыздың тұла бойына тағылған әр айнаның, жылқының қылынан иірілген шектің атқаратын өз қызметі бар», – дейді. Қобызды жасаушылар оны кәсіп емес, ата-бабадан қалған аманат деп есептейді. Әрі бағасын да анау айтқандай аспанға ұшырмай, өз иесіне келісімді бағасына сатады. Киелі аспапты жасау да оңай емес. Дегенмен киеге сенген ұсталар нәпсіге бой алдырмай, қанағат тұтуды үйренген.... Соңғы әлетте қобыздың эстрадалық үлгіге түскен дыбысы жиі пайдаланылып жүр. Мұның өзі эстрадада қобыз аспабының қайталанбас сазды әуеніне айрықша сұраныс бар екендігін көрсетсе керек. Еуропа елдері даңғаза эстрададан әбден қажып, мезі болған. Сондықтан да олар қобыздың күңірене, тереңнен тебірене шығатын үніне ғашық. Тыңдаған әуені «құлағынан кіріп, бойын алған» соң, олар қобыз сияқты этноаспаптарды жоғары бағалайды. Тіпті шетелге гастрольдік сапармен жиі шығатын өнерпаздарымызға ағылшындар «біздің мұндай көне аспабымыз жоқ. Керемет қой, қалай сақтап бүгінге жеткізгенсіздер?» деп таңғалыпты. Оларда жоқ, бізде бар. Ендеше, бізге де қолда барды қадірлеп, қобыз сияқты көне жәдігерлерімізді ұлттық брендке айналдыратын уақыт жетті.
Әуеде – қобыз үні
Қобызбен орындалатын шығармалар бүгінде түрленіп, заманауи үлгіде дамып келеді. Тыңдармандардың қатары да молая түсуде. Жуырда отандық бір әуе компаниясы өз жолаушыларына керемет сый жасады. Компания ұшақ борттарында қобызда орындалған күйлерді сан мыңдаған жолаушылардың назарына ұсынды. Бүгінде елдің бәрі есірік эстрадаға елітіп жүрген шақта қобыздың тасада қалып кетпей, болашақта дами беретінінің айқын дәлелі болса керек.
Қорқыт-аңыз
Қорқыт десе қобыз, қобыз десе Қорқыт еске түсетіні рас. Негізінен, киелі аспапты VIIІ- IX ғасырларда Қорқыт жасаған деген аңыз бар. Аңызға құлақ түрсек, Қорқыт жігіт жасына жеткенде түсіне ақ киімді адам кіріп, о дүниелік болатынын айтып, аян береді. Бақиға аттанғысы келмеген Қорқыт желмаясына мініп, әлемнің әр түкпірін аралап, ажалдан қашып құтылмақ болыпты. Бірақ қайда барса да ажалмен бетпе-бет жолыға беріпті. Амалы қалмаған Қорқыт қобыз шауып, желмаяның терісін шанағына керіп, күңірене күй шертіпті. Қобыздан шыққан киелі үнге айналаның бәрі тынып, күйге елітіпті. Жылан бейнесінде келген ажалдың өзі де киелі сазға елітіп, беттей алмаған деседі.