Өмір түгілі өнер де өтпелі кезеңдерді бастан өткеріп жатқан 90-жылдары алғаш түсірілген клип – композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Қимай сені барамын» әні болатын. Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған жаңа ән академияны енді ғана бітірген жап-жас театр актрисасын үлкен өнер айдынына қалай алып шықты?
– Бала күнімде Роза Рымбаеваның орындауындағы «Құс жолы» дейтін әнін есім кете тыңдап, қосыла шырқап, өскенде әнші болсам, осы композитор маған арнап ән жазса ғой деп армандайтын едім. Қазір таң қаламын, адамдар армандаса, армандар орындалады екен, – дейді әнші Меруерт Түсіпбаева.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына актриса болып қабылданған кезімде спектакльде мен ойнайтын кейіпкер ән айтатын болды. Ал ол әнді Төлеген Мұхамеджанов жазатын болды. Ол кісі сол кезде менің дауысымды тыңдап көріп: «Меруерт, менде бір ән бар. Біраз танымал әншілер оны орындауға сұрап жүр. Бұл әнге жаңа дауыс керек, жаңа бір леп болса екен деп отырмын. Ол әнді танымал болмаған бір әнші жаңа бір келбетпен алып шықса деп жүр едім», деді.
Музыка мэтрі мені үміттендіргенімен де, мә саған бердім бұл әнді, орындай бер деген әңгіме болған жоқ. Өйткені, композиторды да түсінуге болатын еді. Ол кезде институтты енді ғана бітіріп келгенмін, ешкім танымайтын актрисамын. Оған қоса, бұл әнді тағы бір жас әнші орындағысы келіп, дайындалып жүр екен.
Ал композитор өзінің жаңа әніне іштей «кастинг» жүргізіп жүріпті. Қысқасы, осы әнді айтып көруге рұқсат берген сияқты болғанымен, маған түбегейлі сенген жоқ. Осылайша екі айдай осы әнге дайындалып, екі әнші де жазатын болдық. Әннің сазы, сөзі, өңдеуі бірдей, орындайтын адам – екеу едік. Екінші әншінің дауысы өте лирикалық болды. Ал менің қоңыр дауысымда драма бар.
Сонымен, ол кезде қазіргідей екі бұрыштың бірінде дыбыс жазу студиясы жоқ. Тек «Қазақфильм» киностудиясында ғана үлкен дыбыс жазу студиясы мен бір ғана Әлім Байғарин деген адам болатын. Сонымен, бұл әнді түске дейін Рано атты әнші, түстен кейін мен барып жаздым. Ән дайын болған соң радиодан ғана беріліп жүрді.
Ал бұл «Тамаша» ойын-сауық отауының аты дүркіреп тұрған кезі болатын. Оның сахнасында ән салу екі әншінің біріне бұйырмайтын бақыт. Қысқасы, мен де осы «Тамашада ән салуды армандап, бағымды сынап көруге кірістім. Өзім де жақсымын, әнім де жақсы деп, желпілдеп «Тамашаға» барсам, жарайды деп бірден алды. Екі күн қатарынан репетицияларына қатысып, таныс біткенге «Тамашада» ән айтатын болдым деп, құлақтарын шулатып қуанып жүрмін. Дәл концерт болатын күні етек-жеңім желбіреп, концертке жетіп барсам, «Тамашаның» бағдарламасында жоқпын. Бұл – үлкен сахнаға шығатын болдым деп желкілдеп келген жас әншінің алғаш маңдайы тасқа соғылуы болатын.
Бірақ, жастыққа тән албырттықпен, «жоқ, жеңілмеймін» дедім мен. Өзімнің тоқтамайтынымды білдім. Өйткені, бұл керемет ән күндердің күнінде тыңдарманның жүрегіне жол табатынына кәміл сендім. Біздің Жүргенов академиясында клип түсіретін бір таланты жігіттің бар екенін естіген едім. Ол кезде көп адам клип дегеннің не екенін де білмейтін. Сонымен, әлгі баланы академиядан тауып алдым. Оған әнді ұсынған кезімде ұнаса тегін түсіріп бере-тіндігін айтты. Ол қазіргідей ұялы телефон дейтін жоқ заман еді, бір күні театрда жұмыста жүрсем, Данияр келіп, ертең клипті түсіреміз, деді.
Ал мен клип түсіруге дайын емес екендігімді, тіпті, көйлегім де жоқ екенін айтып жатырмын. Ол камераны бір күнге ғана жалға алғанын айтып, мұндай мүмкіндікті жібермей, сол сәтте клипке түсетін жігіт ізде, деді. Сол арада бір актрисаның көйлегін сұрап алып, ер адамды қайдан табарымды білмей, драма театрының актері Кеңес Нұрлановты тауып алмақ болғанмын. Бұл әрекетімнен түк шықпаған соң, қысылтаяң уақытта күйеуімді клипке түсуге көндіріп, ертесіне клип түсіруге кірісіп кеттік. Даниярдың қасында көмекшісі бар еді. Соған: «Ветер» деп айғайласа ол студент үлкен картон қағазбен шашымды желпи жөнеледі. «Солнце» десе айнаны шағылыстырып, бетіме жарық түсіреді. Қазіргідей арнайы эффектілер, музыкалық технологиялар атымен жоқ. Міне, «Қимай сені барамын» әні осылай бір күнде дүниеге келді.
Сол Данияр Чункенеев 23 жасында менің атымды шығарып, бір жылдан кейін қайтыс болып кетті. Сол бір талантты адам бір ғана бейнебаянымен менің атымды шығарды да, өмірден озды.
Ең күлкілісі, әрең тапқан көйлегімнің бейнеклипте сұлбасы да жоқ. Бұл да Чункенеевтің талантының жемісі. Осылайша, менің орындауымда бұл ән бір ғана клиппен елге танылып кетті.
Сол жылдары клип қайта-қайта «31 телеарнадан» беріліп жатты. Клиптің барлық жерде қойылып жататындығы соншалықты, сол жылдары «Үтікті қоссаң да Меруерт Түсіпбаева ән айтады» дейтін қағытпа қалжың болатын.
Композитор мен әншінің шығармашылық тандемінде «Қимай сені барамын» әнінен кейін де «Жаным-ау, алдың баурап», «Сағынған жоқпын», «Сені ғана сүйемін», «Кешір, ана» сияқты бірқатар тамаша әндер дүниеге келді.
«Шынымды айтсам, Төлеген Мұхамеджановтың «Қимай сені барамын» әні маған тағдырдың тартуы болатын», дейді әнші.
«Егемен Қазақстан»