«Қилы заман» қайран қалдырды
Өткен жұмада М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Мұхтар Әуезовтің романы бойынша сахналанған «Қилы заман» тарихи трагедиясының премьерасы аншлагпен өтті.
Ұлтымыздың ақтаңдақ тарихын қайта парақтап, өткенімізге үңілтетін қойылым қара шаңырақ театр сахнасының төрінен ойып тұрып орын алды. Қабырғалы қаламгер Мұхтар Омарханұлының түрлі саяси науқандарға байланысты ең алдымен Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген соң барып төл оқырманымен қауышқан «Қилы заман» туындысы алғаш рет 1997 жылы сахналанған. Сонау 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезеңіндегі зұлматты баяндап, атақты Қарқара көтерілісінің тарихынан сыр шертетін бұл шығарма бүгінгі көрерменге жаңаша сипатта ұсынылып отыр. Қалың көрерменін қайран қалдырған «Қилы заман» пьесасына белгілі театр, әдебиет сыншылары, тарихшы ғалымдар мен мәдениеттанушылар жоғары баға беріп отыр. Ақ патшаның қазақ азаматтарын қара жұмысқа алу туралы жарлығына, отаршылдық саясат, зорлық-зомбылыққа қарсы шыққан елдің кешегісі мен бүгінін зерделеуге бастайтын жаңа қойылымның ең басты идеясы – ұлт рухын асқақтатып, өткен тарих пен бүгінгі күнді сабақтастыру.
Ұлы суреткер туындысының сахналық нұсқасын жасаған – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын-драматург Нұрлан Оразалин. Қоюшы-режиссер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ә.Рахимов, қоюшы-суретші – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Е.Тұяқов, композитор – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б.Дәлденбай. Осы орайда тарихи драманың қойылымы жөнінде белгілі әдебиетші ғалым, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов бізбен ой-пікірін бөліскен еді:
– «Қилы заман» пьесасы қазақ көрерменінің көңілінен шығатын, ұлт тағдырын арқалаған үлкен қойылым болды. Бұл жерде драматургиялық шеберлік пен режиссерлік шешімнің бір арнада тоғысып, қойылымдағы актерлердің де образдарды шынайы сомдауы үлкен рөл ойнады. «Қилы заман» бұдан бұрын да сахналанған. Дегенмен бұл жолғы қойылымның түр-сипаты да, жөні де бөлекше әсерге бөледі. «Қилы заман» – қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің шығармашылығында ерекше орын алатын туынды. Әлі күнге дейін айтар ойы мен маңызын жоймаған бұл шығарманың жазылуына кезінде бір топ Алаш зиялылары түрткі болғаны белгілі. Ал тарихи тұрғыдан алғанда шығармаға арқау болған қаралы Қарқара көтерілісін қолына қару алып, өзінің ұлттық мүддесі үшін күрескен қазақ рухының сілкінісі деп бағалағанымыз жөн. Сондықтан да ұлтымыздың өткен өмірінде өзіндік салмағы бар осынау тарихи кезеңнің шындығын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, түсіндіру – біздің парызымыз. Осы тұрғыдан алғанда «Қилы заманның» жаңаша сахналық нұсқасы ұзақ жылдар театр репертуарынан түспейді деп сенім білдіремін. Бұл ретте шығарманың сахналық нұсқасын жазып шыққан ақын, драматург Нұрлан Оразалин мен талантты режиссер Әубәкір Рахимовтің еңбегін айрықша атап өткім келеді. Бүгінгідей алмағайып заманда мұндай тарихи шығармалардың сахна төрінен көрінуі әсіресе жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімінің оянуына, намысын сақтап, патриоттық рухының қалыптасуына үлкен ықпал етпек.