Қажымұрат ШЕШЕНҚҰЛ: Жаңа жылдық концертте залдағы көрерменге "Құрбан айттарыңыз қабыл болсын" деппін...
«Қара жорға» дегенде делебесі қозып билемейтін қазақ жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қара жорғаны» алғаш рет «арғы беттегі» қандастарымыз елімізге алып келгеннен бастап-ақ қазақтың бір тойы осы әнсіз өтпейтін болды. Көпшіліктің көңілінен шыққан «Қара жорға» әнінің орындаушыларының бірі белгілі әнші Қажымұрат Шешенқұл дейтін азамат. Таяуда Қажымұрат «Алаш айнасының» редакциясында қонақта болған еді.
Алтай аймағының тумасы Қажымұрат бауырымыздың есімі Алтай, Шыңжаң өлкелерінде, Үрімжі қаласы секілді қазақтар тұратын өңірлерде жастайынан танылған. Өнер ауылына өзінің отты да, ойнақы, сазды да, сырлы сезімге толы әсем әндерімен келген әнші бала кезінен ән мен жырға құмартқан.
Қажымұрат Шешенқұл 1983 жылы 27 ақпанда Алтай аймағы Қаба ауданы Көлбай ауылы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Көпбалалы отбасының кенжесі Қажымұрат тілі шықпай жатып былдырлап ән айтып, би билейтін.
Қажымұрат: – Мен көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Әкем мен анам тоғыз бала өсірді. Мен үйдің кенжесімін. Біз отбаымысызбен өнерді жақсы көреміз, кішкентайымыздан ән мен жырды тыңдап, бойымызға сіңіріп өстік. Әкем бізге домбырамен әндер орындап, күй тартып беретін. Нағашыларым да өнерден құралақан емес. Бала кезде бәріміз мақтау сүйеміз ғой. «Әнді жақсы айтасың» деген мақтау естіп қалсақ соған марқайып, үлкен сахнада ән салуды армандайтынмын. Ең алғаш сахнаға 1 клас оқып жүргенде домбырамен ән салып шықтым. Сөйтіп мектепаралық кештерде ән айтып кейін ауданға, аймақтарға таныла бастадық. Мен музыкадан басқа сурет салуды жақсы көрдім, спортпен де айналыстым, бірақ осының бәрінен де жаныма ән жақын болды. Сондықтан болар орта мектепті бітіргеннен кейін Шыңжаң педагогика университетінде музыкатану мамандығы бойынша білім алдым».
Қажымұраттың есімі әнші-сазгер ретінде Қытай жерінде өте танымал. Бала кезінен сахнаға шыққан өнер иесі кейінен сазгерлігімен де танылды. Оның «Бүлдірген қыз, «Сені ғана», «Мақпалжан» секілді әндері халық арасында кең таралды.
Қажымұрат: – Мен мектепте 5 класта оқып жүргенде өлең жазатынмын. Менің балалықпен жазған өлеңдерімді аға-әпкелерім оқып алып күлетін. Әлі күнге дейін олар менің сол өлеңдерімді айтып балалық шағымызды еске алып отырады. Кейіннен сәл есейе келе өлең жазуды қойдым. Бірақ әнге деген құштарлығым бәрінен басым болғандықтан ба, жоғары класта оқып жүргенімде ән жаза бастадым. Бірақ сол кездегі әндерімді ұялып ешкімге көрсетпейтінмін. Жанымдағы өнерге жақын достарымның жазған әндерімен өзімдікін салыстырып қарасам, өзімдікі біртүрлі ұнамай тұратын. Жоғары оқу орнына түсер кезде «Ақ жайық» атты клубқа барып дайындалып жүрдік. Сонда достарым менің бірнеше әнімді естіп, жақсы бағасын беріп жатты. Кейбіреуі тіпті әнімді ұнатып, орындап та жүрді. Кейіннен өзімнің әндерімді тыңдарман жақсы қабылдайтынын біле бастадым. Мен ең алғаш Үрімші қаласында үлкен сахнаға шығып, өзімнің «Сені ғана» деп аталатын әнімді орындаған едім. Әлі есміде, жаңа жылдық кешке арналған концерт болатын. Сонда сахнаға шыққандағы толқығаным соншалық, көрерменге «Құрбан айттарыңыз қабыл болсын» деппін. Бәрі ду күліп жатты. Мен сонда да өзімнің не айтқанымды түсінбесем керек, жұрт мені марапаттап қол соғып жатыр екен деп ойлаппын. Кейін сахнадан түскен соң жанымдағылар. «Көрерменді құрбан айтымен құттықтағаның не?» деп қояды. Міне, осындай да қызықтар болған. Сөйте-сөйте сахнаға да бойымыз үйренді. Ал «Сені ғана» әнім хитқа айналды.
Қазақстанға Қажымұраттан бұрын әндері бірінші болып келді. Қазақ елі Қажымұратты «Қара жорғасы» арқылы жақсы қарсы алды. Әннің «Қыздар, жігіттер, келіңдер «қара жорға билейік» деген нұсқасын әнші 2009 жылы алғаш рет Республика сарайында орындаған болатын. «Қара жорғадан» басқа «Сені ғана», «Мақпалжан», «Сүйкімдісің», «Хат», «Мұң бар менде», «Сені сағындым», «Ана», «Ару қыздар», «Күлкіңді ұнаттым» секілді әндердің орындаушысы әрі авторы Қажымұраттың әндерін Тоқтар Серіков, Құрманбек Әлімжан, Шахаризат Сейдахмет секілді әншілер, «Алаш», «Аршын», «Азия» топтары орындап жүр.
Қажымұрат: – Қазақ елінде менің төлқұжатыма айналған ән «Қаражорға». Ал басқа әндерімді көпшілік білгенменен сол әндердің авторы, орындаушысы мен екенімді білмей жатады. Мен бұған түсіністікпен қараймын. Қанша айтқанмен менің атамекенге келгеніме көп болған жоқ. Оның үстіне Қазақстанда жас әншілер өте көп. Мен алдағы уақытта Қазақстанда әнші ретінде өзіндік бет-бейнемді қалыптастырамын деп үміттенемін. Қазақстанның мемлекет ретінде мәдениеті, білімі өте жоғары деңгейде. Әсіресе мәдениет, өнер ордаларындағы, жоғары оқу орындарындағы оқу сапасы өте жақсы. Біз Қытай жерінде жоғары оқу орынында қытайша оқыдық.. Тек орта мектепті қазақша бітірдік. Қазір қытайдағы орта мектептерде ары кетсе бір сағат қазақша, қалғаны қытай тілінде оқытылады.
Қажымұрат секілді шеттен келген қандас бауырларымыздың елге-жерге деген махаббатының шексіз екені олардың әрбір әрекетінен көрініп тұрады. Қажымұартттың ағайындас туысы белгілі боксшы Қанат Ислам, әнші Арай, Тасқан секілді жігіттердің бойындағы рух, жігер оларды алға қойған мақсаттарына жетелей түсетіндей.
Қажыимұрат: – Мен Тасқын секілді миллиардты жылатқан әнші жігітті, Арай бауырымды қазақ ретінде жоғары бағалаймын. Олар әнді жүректерден жүрекке жеткізу үшін ерекше көңіл-күймен орындайды. Дегенмен әр әншінің өз стилі, тыңдаушысы бар. Мына әнші керемет, мына әнші нашар деп мен бәріне уәкілдік айта алмаймын. Ең бастысы әнші тыңдарманына өзінің орындауындағы әнді сіңіре білуі – бұл нағыз өнер.
Өзге елде тұратын азаматтар атамекеннің қадірін жақсы біледі ғой. Шетелде қандастарымызға қандай жағдай жасалып, ауылдарына дейін даңғыл жол салып, баспаналы болуға мемлекет көмектесіп, небір тиімді саясатты жүргізіп отырса да олардың аңсары өздерінің отандарына ауып тұратыны заңдылық. Тұрсынбек Қабатов бауырым айтпақшы, «шетелге шыққанша асығамыз, бірақ туған жерге қайтқанша тіпті асығамыз». Атамекенге деген сүйіспеншілік, сағыныш, құрмет белгілі ақын Алмас Ахметбекұлының жырларынан көрініп тұрады. «Көк тудың желбірегені» әнінің авторлары Ермұрат Зейіпхан, Алмас Ахметбекұлы ағаларымыз нағыз патриот, ұлтджанды азаматтар дер едім.
Қазіргі таңда Қажымұрат шығармашалығына белсене кірісіп, репертуарын жаңа әндермен толқытыруда. Ол еліміздегі той-тоймалақтарға, концерттерге жиі шақырылады. Таяуда продюсермен жұмыс істеуді қолға алмақ.
Қажымұрат: – Бүгінде әнші қауымның басты табыс көзі той болып тұр ғой. Сондықтан сұранысқа сай әндерді жазуды қолға алдым. Бірақ бұл менің шығармашылығым тойға арналған әндермен шектеліп қалады деген сөз емес Егер әнші-сазгерлердің тойдан басқа табысы болса, әрине, басқа да стильдегі әндер жазылар еді, жазылып та жатыр. Бірақ ондай әндердің қаржысын өз қалтамыздан шығаруға тура келеді. Дегенмен болашақта тоймен ғана шектеліп қалмай рухты көрсететін, елге қажет әндер шығару да ойымда бар. Кей кездерде тойда немесе түрлі жиындардат отырғанда «пәленше бір әнді 3000 долларға сатып алыпты» деген секілді сөздерді естіп қаламыз. Әркім өзіне жарнама жасау үшін де айтылатын болу керек мұндай әңгімелер. Мен әндерімді сұрағандардың бетін қайтармаймын, әншінің патша көңілінің қалауымен берген қаржысын қанағат етемін. Тойға шақырушыларға да солай. Әннің бағасынан бұрын құны маңыздырақ. Тек осынын парықтай білсек болғаны.
Қажымұрат тек әнін жазып, сахнаға шығып шырқап жүрген әнші ғана емес, елінің ертеңіне алаңдайтын, халқының амандығын, бірлігін тілейтін азаматтардың бірі. Былтыр Қажымұраттың отбасы қанішерлердің кесірінен қайғыға душар болғанда қабырғамыз қайысқан еді. Жалдамалы жұмысшылары Қажымұраттың інісін, жеңгесін 3 және 7 жасар сәбилерді өлітіріп кеткеннен кейін бүкіл бір әулет қана емес, арғы беттегі қандастарымыз, барша қазақ елі қайғыдан қан жұтты. Қылмыскерлерді өмір бойғыға бас бостандықтарынан айырса да жүректерде жазылмас жара қалды.
Қажымұрат: – Әулетіміздегі былтырғы қайғылы жағдайдан кейін енді-енді есімізді жиып келе жатқан жайымыз бар. Алладан сабыр сұраймыз, бірақ жан жарамыз ешқашан жазылмайды. Осы жағдайдан кейін Қытайдағы қандастарымыз Қазақстанда оқып жатқан балаларын алып кетті, осында келгелі отырған біраз отбасы райларынан қайтты. Осындай қандықол қарақшылар жер басып жүрмесе екен. Мұндай қайғы-қасірет ешқандай отбасында болмасын.
Осыдан біраз уақыт бұрын Үрімжіде көтеріліс болғанда да ұйғырларға еш қатысымыз жоқ болса да біз үйімізден шыға алмай қалған кездер де болды. Тіпті дүкенге шығып су алу мұң болған еді. Алла тағала елімізді, халқымызды соғыстан сақтасын. Елімізде бейбітшілік, тыныштық болса екен. Елбасымыз айтқандай, ұлтын сүйетін азаматтар көбейе берсін!!!
Қажымұрат Шешенқұлдың әндерін "Алаш жұлдызы" радиосынан тыңдай аласыздар.