Жаһандану заманында әлсіз елдердің ұлттық құндылықтары жойылып, бірте-бірте өзіндік болмыстарынан айырылатыны белгілі. Алпауыт мемлекеттердің саясатымен жасалып отырған осынау зұлматқа жұтылмас үшін не істеу керек? Әрине, сол ұлттық құндылықтарды дамыту арқылы ғана қарсы тұруға болады. Осы орайда өз ойын ашық білдіріп, онысын нақты ісімен де дәлелдеп, саятшылықпен айналысып, ұлттық дәстүр-салтымызды дәріптеп жүрген азамат, медицина ғылымының докторы Дамир Абайділдаұлының таза қанды тазы итіне қатысты айтар назына назар аударсақ.
Ұлттық құндылықтарымыздың құжаты жоқ
Өкінішке орай, осы мәселеге қазақ қоғамының атқарушы органдары енжарлық танытып жүрген жайы бар. Мәселен, көзі ашық жұртшылық көкпарымызды қырғыздар ұлттық ойын, қымызымызды немістер, қазыны жапондар ұлттық тағамдары ретінде халықаралық ұйымдардан құжат алып алғанын біледі. Ал баршамыз кеуде кере мақтан тұтып жүрген қаншама ұлттық құндылықтарымыздың әлі күнге дейін құжаты жоқ. Меніңше, осы мемлекеттің негізін құраушы ұлт ретінде әрбір қазақ баласы ұлттық құндылықтарды құнттап, отансүйгіш болуы қажет. Әйтпесе жоғарыдағылар әзірге мұндай мәні зор мәселелерге назар аудармай келеді. Ал олар көңіл аудармады екен деп бос қарап отыруға тағы болмайды. Біздер, яғни таза қанды ат баптап, қазақы төбеттер мен тазыларды жүгіртіп саятшылық жасап жүрген азаматтар бірлесіп, осы істі қолға алып жүрміз. Бүгінгі күнге дейін жүйелі ғылыми түрде атқарған біраз істеріміз бар. Атап айтқанда, әлемдегі тазы тұқымдас иттер тұқымының шығу тарихын зерттей отырып, қазақы тазылардың қалыптасу кезеңдерін анықтауға қол жеткіздік.
Тарихы
Деректерге көз салсақ, тазының әлемдегі тарихы он мыңдаған жылдар бедерінен көрініс береді. Мәселен, араб слюгтерінің шыққан тегін тазымен байланыстырып, біздің заманымызға дейінгі 8-10 мыңжылдықтарда бар болғанын айтады. Бұл деректің растығын археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тазы тұқымдас иттердің сүйектері де дәлелдей түседі. Ал 1895 жылы Ресейде жарыққа шыққан Л.П.Сабанеевтің ғылыми еңбегінде мұндай ұшқыр иттердің 6 мың жыл бұрын ежелгі Египетте болғанын жазады. Шығыс ғалымдарының еңбектерінде қазіргі Қазақстан аумағындағы көшпенді рулардың тазылары өте ұшқыр, алысқа жүгіретін төзімді екендіктері келтірілген. Олай болуы заңды да еді. Өйткені көшіп-қонып жүрген елдің таулы, орманды немесе кең сахара жазығында неше түрлі жүйрік киіктерді қуып, қарсақ, түлкі, қасқыр секілді жыртқыш аңдарды ұстауға машықтанған тазылар физиологиялық тұрғыда дамитыны даусыз. Сондықтан біздің қазақ даласындағы тазылар өзге елдердегі ұқсас тұқымдастарынан жан-жақты ерекшеленіп тұрады.
Қасиеті
Жалпы, ғалымдар Орта Азиядағы тазыларды үш топқа бөліп қарастырып жүр. Оларды тік құлақ, шашақ құлақ және жарғақ құлақ тазылар деп атайды. Осылардың ішінде біздің елде шашақ құлақ және жарғақ құлақ тазылар көп тараған. Бұл итке «тазы» атауы бекер берілмеген. Өзге ит тұқымдастарына қарағанда тазы өте таза болады. Оның үстінен ешқандай иіс сезілмейді. Қанша ашығып бара жатса да, өлексе немесе былғаныш тамақ жемейді. Лас жерге жатпайды. Иесіне адал қызмет ететін қасиеті және бар. Бір сөзбен айтқанда, осындай тазалығы үшін тазы атауын иемденгені даусыз. Ислам дінінде итті харам санайтыны бар емес пе? Алайда ғұламалардың бірі кезінде арнайы түсініктеме беріп, онда мұсылманшылық тыйымдардың ішінде жалпы итке байланысты шектеулердің тазыға қатысы жоқ екенін айтқан. Тазыны далада қалдыруға, жерге жатқызуға болмайтынын қатаң тапсырған. Үйде арнайы орын дайындап, астына жұмсақ зат төсеп, тазыны сонда ұстауға өсиет еткен. Жүйрік ат пен тазыны сипалап, тазалаған соң қолын жумай-ақ, намазға отыра беруге болатынын айтқан. Тазыға құнарлы таза тамақ беруді тапсырған. Бұдан тазының жаратылысынан өте таза болатынын анық аңғаруға болады. Мұсылман елдерінде осынау ұшқыр ит аса құнды саналған. Бұл жағдай біздің қазақ арасында да солай қалыптасқан ғой. Тазыны қолы жеткен дәулетті адамдар ұстаған. Үйінде немесе арнайы орын дайындап асыраған. Астына аңның немесе малдың жұмсақ терісін төсеген. Таза сүт пен тамақ жасап берген. Ұшқыр тазы, жүйрік ат, қыран құспен саятшылық жасаудың кереметі туралы өлеңдер Абай атамыздан бастап, ақын, жыраулардың талайының жырына арқау болған. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен бастап, көптеген жазушыларымыздың деректі әңгімелерінде де қазақ даласындағы тазылардың ерекше қасиеттері көп жазылған. Мәселен, киікті қуып жеткен жүйріктігі, қасқырмен таласқан батылдылықтары, аңшылық кезінде адамдай ақылдылықтары келтірілген.
Тазыға қатысты тоғыз ұсыныс
Сан түрлі ерекше қасиеттерге ие тазымызды әлемнің 200-ден аса мемлекеті мүше халықаралық ұйымның сараптауына салып, төл итіміз ретінде құжаттап алуымыз қажет. Бұл ұйым Халықаралық кинологиялық федерация \FCI\ деп аталады. Олардың он шақты талабы бар. Ең бірінші талап – осы ұйымға өтініш жазып, мүшелікке өту керек. Екінші – ұсынылып отырған ит тұқымының мұрагерлікпен жалғасып келе жатқан өзгешелігі, басқа иттерге ұқсамайтын қасиеті ғылыми дәлелмен берілуі тиіс. Үшінші – өзімізде қазақы тазы ұстаушылардың ұлттық клубы болуы қажет. Төртінші – ұсынылған ит басының тұқымдық стандартқа сәйкестігі болуы керек. Бесінші – ең болмағанда үш атасынан бері жалғасып келе жатқан көрмелерде алған бағасы болуы шарт. Алтыншы – үш атасына дейін ұяластарымен қосылмаған тазылардың тұқымы болуы тиіс. Жетінші – ұсыныс жасап отырған мемлекеттің тұқым құру жүйесі мен өмір сүру тарихын дәлелдейтін базасы болуы қажет. Сегізінші – мемлекет жыл сайын FCI сарапшыларының көрмесіне тазыларын қатыстыруы тиіс. Бізде дәл қазіргі таңда осы талаптардың жартысы орындалған. Ал тоғызыншы, ең бастысы – әр аймақтағы тазылар тұқымын өсіріп жүргендердің басын біріктіре алмай келеміз. Егер өткен ғасырдың отызыншы жылдары зерттеуші А.А. Слудскийдің жазуынша, Қазақстандағы 10 мың тазының таза тұқымдысы 30 пайыз болса, қазіргі таңда 1000 тазының таза тұқымдысы 30 пайызға жетпейді. Қалғандары әртүрлі тұқымдармен араласып кеткен. Алайда оны асыраушылар әрқайсысы өзінің итін таза деп, бір мәмілеге келе алмай жүр. Ең басты кедергі де осы болып тұр. Сондықтан да істі жүзеге асырумен енді арнайы органдар айналысуы тиіс.
Қазақстан Кинологтер одағының (ҚКО) бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстарын басшылыққа ала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бір құрылымы қолдарына алатын болса, әр аймақтағы тазы өсірушілерді бір мәмілеге келтіруге болады. Қалған талаптарды екі-үш жылда орындай аламыз. Одан кейін халықаралық ұйым есігін қаға береміз. Бұл тұрғыда экономикасы бізден төмен Өзбекстан мен Тәжікстан өздерінің 3 түрлі жергілікті аңшылық иттерін халықаралық ұйымның сараптамасына салып, құжаттап алды. Қазақстан бұдан ары кешігетін болса, енді біраз жылда таза қанды тазыны «Қызыл кітапқа» кіргізуге тура келер...
Қазақы тазы «Қызыл кітапқа» енудің алдында тұр!
Последние статьи автора