Жуырда Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Бүкіләлемдік би күніне орай, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Дәурен Тастанбекұлы Әбіровтің еске алу кеші ұйымдастырылды.
Университеттің өнер және мәдениет факультетінің хореография кафедрасы ұйымдастырған бұл шара өнер саңлағының 90 жылдығына орайластырылған. Қазақ халқының тұңғыш кәсіби балетмейстері, хореография өнерінің дара тұлғасы Дәурен Тастанбекұлы Әбіровтің есімін ел есінде мәңгі сақтау, артына із қалдырған өшпес мұрасын жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткізілетін кеште хореография кафедрасының өнерлі студент қыздарымен қатар, университеттің мақтаныштары – «Томирис» би ансамблі мен «Алтынай» би ансамблі өнер көрсетті.
Шараға Д.Әбіровтің көзін көрген достары, бірге жұмыс істеген әріптестері, Рамазан Бапов, Раушан Байсейітова, Людмила Рудакова, Зарема Қастеева, Людмила Кремер сынды бекзат өнердің белді өкілдері арнайы қонақ ретінде шақырылды. Кешке сондай-ақ Дәурен Тастанбекұлының балалары мен туыстары да қатысты.
Дәурен Тастанбекұлы Әбіров – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында музыкалық білім беру факультетінің жанынан хореография мамандарын даярлайтын бөлім ашуға септігін тигізген, ұлттық би өнеріне өшпес із қалдырған дара тұлға. 1952 жылдан 1977 жылға дейін Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының балетмейстері және бас балетмейстері болып жұмыс атқарған жылдары ол үлкен балет репертуарын жасады, атап айтқанда олар: В.Великановтың «Қамбар мен Назымы», Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш–Баян сұлуы», Н.Тілендиевтің «Достық жолымен», Ц.Пуни мен Э.Глиердің «Эсмеральдасы», Ф.Ярулиннің «Шуралесі», Б.Астафьевтің «Бақшасарай фонтаны», А.Меликовтың «Махаббат туралы аңызы», Ғ.Жұбанованың «Аққанаты», А.Зацепиннің «Хоттабыч» қойылымы. Дәурен Әбіров сондай-ақ «Қыз Жібек», «Біржан–Сара», «Амангелді», «Қамбар сұлу», «Айсұлу» және тағы да басқа 14-тен астам опералық спектакль мен табысты орындалған көптеген концерттік нөмірлердің қойылымдарын жүзеге асырды.
«Қыздар университеті» медиа орталығы
Қазақтың тұңғыш балетмейстерін еске алды
Последние статьи автора