«Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіліп жүрген «Сырғалым», «Әке серті», «Ұлжан» және «Ағайындылар» және т.б. туындылары таяуда Түркия жұртшылығына жол тартпақ. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркияға ортақ телехикая түсіру туралы келісім де жасалды. Түрік жағы оған қолдау білдіріп, жан-жақты көмек көрсетуге әзір екендіктерін айтып отыр Бұл туралы осы аптада болған Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаевтың Түркияның мемлекеттік TRT телеарадиокорпорациясының басшылығымен болған кездесуі барысында белгілі болды.
Отандық танымал «Сырғалым», «Әке серті», «Ұлжан» және «Ағайындылар» және т.б. туындыларын түрік тіліне дубляж жасауға осы Түркиядағы Қазақстан елшілігі көмек көрсететін болыпты. Бұған дейін де Түркияның басты телеарналарында «Балалық шағымның аспаны», «Жаужүрек мың бала» сияқты туындылар көрсетіліп, түрік көрермендерінің көңілінен шыққаны белгілі. Қазіргі таңда Түркияның әйгілі TRT-AVAZ қазақтың ұлттық спорт түрлерін, оның ішінде әсіресе, көкпарды түркітілдес бауырларымыздың арасында кеңінен насихаттауды қолға алған. Естріңізге сала кетейік, 2009 жылы алғаш рет хабар тарата бастаған TRT-AVAZ телеарнасы 2012 жылдан бері қазақ тілінде де хабар таратуда. Редакция күн сайын көрсетілетін жаңалықтар топтамасын әзірлейді, оған «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының басшылығы да атсалысуда.
Әрине, өзге елде қазақтың телесериалдары көрсетілетініне біз қуанамыз. Алайда кино өндірісіне әбден машықтанып алған елдер біздің сериалдарымызды қалай қабылдайтыны алаңдатады. Өйткені өзіміздің сериалдарымыз әлгі күнге жергілікті көрермендерімізді қанағаттандырып отыр дей алмаймыз.
Үнді, кәріс, түрік сериалдарын көруге әбден үйір болып қалған қазақ көрермендерінің назарын қазақ телесериалдарына аударудың өзі қиын болып тұрғанда өзге елдің халқы біздің сериалдарды көреді дегенге сену қиын.
Қазіргі таңда кішкентай бүлдіршіндеріміздің өзі үндінің киімдеріне қызығады, солардың сөйлеу мәнерін салып алады, дәстүрлерін жатқа біледі. Ал біздің сериалдарымыз қазақты өзге елге қай қырымен танытпақ?
Жасөспірімдер, жастар кәрістердің телесериалдарындағы романтикалық махаббатына қызығады. Ал түріктердің сериалдары сапасы жағынан бізді он орайды.
Негізінен «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетіліп жүрген сериалдар «Көркем фильм» студиясында түсіріледі. Режиссер Рашид Сүлейменовтың қазақ сериалдарын дамытуға еңбек етіп жүргенін жоққы шығармаймыз, дегенмен біздің сериалдарымыздың сценарийі әлі де жұтаңдау екенін, жасандылықтың басым екенін мойындауға тура келеді.