«Тәушен», «Міржақыптың оралуы», «Нәубет», «Мағжан», «Кісен ашқан», «Алашорда» секілді қазақтың бағы мен соры дерлік жайларды тізіп, бас-аяғы 30 шақты деректі фильм түсірген режиссер Қалила Омаров биыл 55 жасқа келді. Ал оның шығармашылық ғұмырына – 30 жыл!
Осыған орай, күні ертең сағат 14.30-да Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде кинодокументалист Қалила Омаровтың «Нәубет» пен «Мағжан» атты туындыларының көрсетілімі болады. Атап айтарлығы, биыл тарихи датаға толы жыл: 1932 жылғы аштыққа 80 жыл толса, 1937 жылғы репрессиядан бері де 75 қыс еріп, соншалық көктем келіпті. Қалила Омаровтың «Нәубет» пен «Мағжаны» – қазақтың басындағы осындай қаралы күндерге арналып түсірілген туындылар. Олар да өздері тиек еткен тақырып секілді кезінде талай теперіш көріп, енді бүгін ғана қайта тіріліп, көрерменге оралды десе болғандай.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, режиссердің ұлдары да өзінің жолын қуып, бүгінде деректі фильм жолына түскен. Тіпті Қуаныш атты ұлы әкесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы «Форточкадан қонған бақ» атты туындыны түсірді, осы кеште соның тұсауы кесілмек.