Қазақтың қаһарман ұлы өмірден өтті

Қазақ қоғамы, айбынды Алаш жұрты абыройлы ақсақалынан айырылды. 90 жасқа қараған шағында Халық қаһарманы, Ке­ңес Одағының Ба­ты­­ры, Қазақстан Республи­ка­сы­ның тұңғыш қорғаныс министрі, Армия ге­не­ралы, көрнекті мем­ле­кет қайраткері Саға­дат Қожахметұлы Нұрмағам­бет­ов дүниеден озды.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылдың 25 мамырында Ақмола облысының Еңбек ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол 1942 жылы әскер қатарына шақырылған. 1-Белорусь майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротасын, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарған. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты. 1946 жылы Әскери академияны, 1981 жылы Бас штаб академиясын бітірген. 1950-1989 жылдары Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округы әскерлері бастығының орынба­сары, Оңтүстік әскер тобы (Венгрия) басты­ғының бірінші орынбасары қызмет­терін абыроймен атқарған. 1990 жылдан ҚР соғыс, еңбек және Қарулы Күштері ардагерлері Кеңесінің төрағасы, 1991-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992-1995 жылдары ҚР қорғаныс министрі, армия генералы. 1996 жылы ҚР Прези­дентінің кеңесшісі. КСРО, Ресей, Украина басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталған. Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы.
Ресми өмірбаяны осылай түзілген Сағадат Қожахметұлы еліміздің қорғаныс саласында көшбастар тұлға болды. Өмірі өнегеге толы абзал адам ғұмырының соңы­на дейін өз ұлтына, Қазақстан халқы­на адал еңбек етті. Екі тізгін, бір шылбырды тең ұстаған Сағадат Нұрмағамбетовті Қазақстанның әр баласы үлгі тұтып өсті. Адамдық пен азаматтықты қатар алып жүруде де биіктік таныта білді.
Еліміз Тәуелсіздігін алғанда жаңа жас мемлекеттің қорғаныс саласын құру, күшейту мемлекеттің қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету Сағадат Нұрмағамбетовтің маңдайына жазылыпты. Дәл осындай сын сағаттарда ауыр да болса, абыройлы міндетті ұлт перзенті адал атқарды. Сол үшін де ол абырой биігіне көтеріліп, ұлтының біртуар перзенті атанды. Генерал Нұрмағамбетовтің тәлімі мен тәрбиесін алған шәкірттер бұл күнде Қазақстанның Қарулы Күштері саласында әрқилы қыз­мет­­терді атқарып келеді. Бұның барлығы да оның мемлекет қауіпсіздігіне қосқан зор үлесі болып саналады. Осындай әр­қилы қызметтері арқылы Сағадат Нұр­ма­ғам­бетов мем­лекет құрушы азаматтардың санатында болды. Тәуелсіз мемлекеттің шаңырағы мен керегесінің ортасында Нұрмағанбет­ов­тің қадаған уығы бар деп зор сенім­мен айтуымызға болады.
Сағадат Нұрмағамбетов Қазақ ұлты­ның, Қазақстан мемлекетінің аясында шек­­­теліп қалған жоқ. Ол – берісі пост­кеңес­­тік елдерге, арысы жарты әлемге аты та­ныл­ған айбынды тұлға. Сол себепті ұлт мақта­нышы биігінде тұр.
Ол «В памяти нет тишины» және «Мой передний край» атты кітаптар жазып қалдырды. Оның өнегеге толы өмір жолы мен атқарған қызметтері жайында құнды дүние ретінде жуырда ғана жарық көрген белгілі қаламгер Болат Жүнісбековтің «Отасу» роман-дилогиясын айтуымызға болады.
Қазақ деген ұлттың атын танытқан айдынды азаматын туған елі, ту тіккен мемлекеті ешқашанда ұмытпасы анық. Еліміздің әрбір азаматы тұғырлы тұлғаның есімін туған әкесіндей аялап, аяулы бейнесін мәңгі есте сақтайды.


Елбасы көңіл айтты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы және Қазақстан Республикасының алғашқы қорғаныс министрі
Сағадат Нұрмағамбетовтің
қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген ол майданда фашистік басқыншыларға қарсы ерлікпен шай­қасты. Ерлігі жоғары мемлекеттік награ­далармен атап өтілді.
Соғыстан кейінгі өмірін әскери қыз­метке арнап, мұнда да талантты сардар, тамаша қолбасшы ретінде танылды. Өзінің біліктілігі мен талапшылдығына қоса, қарапайымдылығымен және әділ­дігімен әріптестерінің арасында зор абырой мен беделге ие болды.
Ол ел тәуелсіздігінің бастапқы қиын-қыстау жылдарында Қазақстан Респуб­ликасының алғашқы Қорғаныс министрі ретінде еліміздің Қарулы Күштерін қалыптастырып, нығайтуға өлшеусіз зор үлес қосты. Сол себепті оған Халық қаһар­­маны атағы берілгенін ерекше сезім­мен еске аламын.
Халқымыз оның еңбегін ешқашан ұмытпайды, ал оның жарқын дидары біз­дің жадымызда мәңгі сақталады».
* * *
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков
Сағадат Нұрмағамбетовтің
туған-туыстарының қайғысына ортақта­сып, көңіл айтты.
«Бұл бүкіл Қазақстан үшін орны толмас қаза. Біз ұстазымыздан әрі сенім­ді досымыздан айырылдық. Сағадат Қо­жах­метұлы Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында аңызға айналған тұлға ретін­де қалады».


Бір ауыз сөз
Сағадат Нұрмағамбетов, ҚР Халық Қаһарманы:
Біз соғысуға емес, жеңуге мүдделі болдық
– Біз біртұтас ұлтқа айналып, ортақ ше­ка­рамызды бекіттік. Ішкі, сыртқы саяса­ты­мызды жүйелі жүргізудің арқа­сын­да әлем­ге танылдық. Ал осыдан 20 жыл бұрын әлем­ді былай қойып, бізді Мәс­кеудегі­лер­дің өзі басқалармен шатастырып жататын. Қа­зір Қазақстанды барлық ел жақсы бі­леді. Бұл, ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұл­тан Әбішұлының еңбегінің арқасында жет­кен жетістігіміз деп ойлаймын.
Елдің Тәуелсіздік алуы – әрине, мен үшін де үлкен мәртебе. Алғашқы қорғаныс министрі есебінде біраз қиындықты бастан кешкеніміз де рас. Бұрынғы қалыптасқан одақтық әскери доктринадан Тәуелсіз ел­дің әскери доктринасына көшу шаралары­ның бәрі де біздің араласуы­мызбен, көз ал­ды­мызда өтті. Осы шаруа басқа респуб­лик­а­ларда оңай болса оңай болған шығар, ал бізде аса қиынға соққаны белгілі. Қа­зақ­­стан­ның ол кезде қару-жарағы кемел бұрын­ғы Кеңестер Одағынан аса зор көлем­де ядролық потенциалға ие болып қалғаны да белгілі. Соның бәрінің ішінара Қорғаныс министрлігіне қатысы болғаны рас. Ақыр соңында Президент Н.Назар­баев­тың дана басшылығының арқасында біз ядролық қару-жарақтан құтылдық. Әрі ол әлемдегі бұрын-соңды қайталанбаған ерекше оқиға болатын. Бұл орайда Ел­басы­ның ерекше ерлігін атап өту парыз. Онан да бетер жаңа әскери доктринаға сай Қарулы Күштер қалыптастыру да оңайға соққан жоқ. Ұлттық кадр жетіспеді. Қазір соның бәрі артта қалды. Қиындықты жеңіп шығуға шама-шарқымыз келгенше атса­лы­су­ға тырыстық. Нәтижесі белгілі. Тәуел­сіз елдің жаңа Қарулы Күштері қалыптасты. Жаңа ұлттық кадрлар шықты. Алғашқы Халық Қаһарманы атануымды сол кездегі сіңірген еңбегіме берілген лайықты баға деп қабылдаймын. Әскери маман, соғыс ардагері есебінде сонау генерал Берзарин кеудеме қадаған Кеңес Одағы Батырының «Алтын Жұлдызы» қандай маңызды болса, мен үшін Президент Н.Назарбаевтың өз қолымен кеудеме қада­ған Халық Қаһар­маны белгісі де соншалық­ты ардақты. Тағ­дырына әскери адам болу жазылған мен сияқтылар үшін мұнан өткен қандай бақыт керек?! Қалай болғанда да біз соғысуға емес, жеңуге мүдделі болдық, әрі дегені­мізге жеттік те...
Жалпы, соғыс болсын, басқа болсын кез келген тарихи оқиғаларда адамға көр­сетілер марапат, құрмет әділ болуға тиіс. Әрі ол – адамгершілік тұрғыдағы барлық принциптердің нормасы. Жалпы, соғыс жағдайында өзі жасаған ерлікке лайықты бағасын ала алмай кететіндер де болады. Мен өзімді ондай адамдар қатарына жат­қызбаймын. Еңбегімді сіңірдім, тиісті бағамды алдым. Бұл орайда өзімді бақытты санайтыным да  рас. 
«Алаш айнасы» 6 мамыр 2011


Адамдық пен батырлықтың үлгісі еді
Жалпы, бұл кісінің бағасын батыр Ба­уыр­жан Момышұлы «сыпайы генерал» деген бір ауыз сөзімен берген. Шын мәнін­де Сағадат Нұрмағамбетов нағыз сыпайы, зия­лы адам еді. Мен бұл кісіні Қазақстан­ның Қарулы Күштерінің бет-бейнесі деп біле­мін. Батырлықтың үлгісі ғана емес, сим­волы еді. 1979 жылы бізді Ауғанстанға шы­ғарып салған. Сол кезде біздің бойы­мызға үлкен күш-жігер, қайрат берді. На­мы­сымызды оятты.
Мен ол кісімен өмірінің соңына дейін кездесіп, хабар алысып тұрдым. Әр барған сайын тәрбиеленіп қайтып жүрдім. Ол кісінің әр сөзі мен үшін үлгі, өнеге. Соңғы бір барғанымда тағы да адамдығына көз жеткізіп қайттым. Бауыржан Момышұлын жоғары бағалайтын. «Бауыржан Момыш­ұлы – ұлт рухының іргетасы. Мен ол кісінің жа­н­ында нүкте ғанамын», – деді. Міне, қа­зақ­тың батырлары бірін-бірі қалай баға­лай­ды!?. Өзі де биік адам ғой, соншалықты даңқты бола тұра, «Бауыржанның қасында нүкте ғанамын» деуі адамдықтың асқаралы биігі емес пе? Азаматтықтың аласармас үлгісі осындай-ақ болар. Сол батыр Бауыр­жан­ның «Тәртіпке бағынған ел құл болмай­ды» деген сөзін аузынан тастамайтын. Өзі де тәртіпке бағынды, өзінен кейінгілерді де ба­ғындыра білді.
Ол кісінің азаматтығы еліміз Тәуелсіздік алған жылдары жарқырай көрінді. Сол жыл­дары біздің әскери мамандарымыз кетіп қалды. Қайда кеткені және белгілі. Ал Са­ға­дат Нұрмағамбетов Қарулы Күштері­міз­ді ұстап қалып, Қорғаныс министрлігін құрды. Біз сол үшін де Сағадат Қожахмет­ұ­лына қарыздармыз деп білемін.
Бір күні маған өзі хабарласты. Кадет корпусын сол кісінің атына берейік деген мәселе көтеріліп жүрген. Соған қарсы шығып: «Айналайын Бақытбек, мынаны тоқ­тат. Мен бұған қарсымын. Ол не үшін керек? Мұндай орынсыз тірлікті мен қалап тұрған жоқпын», – деді. Міне, бұл аты аңыз­ға айналған тұлғаның атақ-мансаптан бойын таза ұстауы. Ол кісі шын мәніндегі таза адам еді. Рушылдық, жікшілдік деген­дер­ден де өмір бойы аулақ болды. Қайрат­кер қолбасшының сұхбаттарын оқыған адам үлгі алады деп ойлаймын. Жақсы адамның жақсы жағын үйрену – кейінгі ұрпақтың парызы. Менің білуімде, батыр тұлғаның жүріс-тұрысының, өзін ұстай білуінің өзі үлгі. Жастарға жол беруі де жақсы ағамызды жарқырата түсті.
Осындай биік адамның ортамыздан кетуі – қазақ ұлты үшін орны толмас қаза. Ал­ды пейіш, арты кеніш болсын дегеннен басқаға амалымыз жоқ. Ауған соғысы ардагерлерінің атынан батырдың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


Сын сағаттарда
(Болат Жүнісбековтің «Отасу» роман-дилогиясынан үзінді)
Министр алай-дүлей буырқанған теңіз тұтқынындағы кеменің капитаны секілді. Командасының дені тәжірибесіз матростар. Аса сақ. Таудай толқындар аяусыз тербеген палубада келе жатқандай. Су жан-жақтан тасқындай құйылады. Әр қадамын санап басады. Мұнсыз болмайды. Әйтеуір, республика басшылығының сабырлы саясаты небір ернеуінен мелдектеген көңіл-күй толқынын арнасынан асырмай ұстап тұр. Текетірес.
Ескі мен жаңа жеңісе алмай, ырғасады. Бұлайша ұзаққа созыла беруі де мүмкін емес. Әзірге, шүкіршілік еткенмен, ертең қалай болары беймәлім. Жұртшылықты алаңдататын да осы.
Әскердің бойына, ең алдымен, ертеңгі күнге деген сенім құю керек. Мұнсыз қан­дай жақсы шешімнің де нәтижесі бол­майды. Ал қаруластарға шапшаң көңіл бөліп, оларды тез арада қамқорлыққа алмаса, кейін кештік етеді. Жедел де, нақты шешімдер қабылдайтын кезең. Егемендігін енді алған елдің аяғын қашан қаз басқанын күтудің өзі қауіп. Әр күн емес, сағат сынға айналғандай.
Уақыт аяушылық жасамайды, ол тек жеңімпаздардың ғана жалауын жел­біретеді. Әскерді тез «сапқа» қоймаса, оның әбігерге салуы оп-оңай. Президенттің жанына бататыны да осы екенін министр біледі. Арандатушылық тоқтамай тұрған алмағайып шақта олардың қаруын қайда кезерін кім білген?! Қарапайым халық та мұны шым-шымдап түсіне бастағандай. Өйтпегенде ше? Кейбір «достар» да қол қусырып қарап отырған жоқ. Армияны өздерінің арам пиғылдарына пайдалана салудан ерекше дәмелі. Аяқты аңдап баспаса, арандап қалу қаупі көп.
Ақылға тоқтамай, білекке жүгінетіндер­ді сабасына түсірудің бір-ақ жолы бар. Олар күштіден ғана ығады. Демек, қарулы күштердің білектерін сомдау, қорғаныс әлеуетін арттыру керек. Мемлекет енді ғана егемендігін жариялаған тұста бұл аса қиын міндет еді. Ең қиыны да сол, толып жатқан ұйым­дастырушылық және кадр мәселе­лерін қатар ала жүріп, аса шапшаң және ұтымды шешу талап етілді.
Құс ұйқылы болып алған. Бірақ қанша тездету керек болғанымен, асығыстыққа жол жоқ. Республика Президентінің ұстам­ды саясаты алғашқы күннен-ақ соны ұқтырғандай. Алайда кейбіреуге қаржы табылса, жетіп жатқандай көрінеді. Ол да рас, ақшаның орны ерекше. Бірақ сол ақшаға да таптырмайтын зәру шаруа көп. Соның ең бастысы – сенім. Әскерде сенімді орнықтыру керек еді.
Жол үстінде де Сағадат Қожахметұлында тыным жоқ. Бұрын ғой, кей-кейде көлікте кітап оқи отырып, мызғып алар еді. Ондай рахаттан қол үзгелі қашан. Алдында кітап орнына қойын дәптері жатыр. Жаңағы көргендерін көлікке отырысымен тағы бір нықтап, көмекшілеріне жүктеді. Келесі объектіге жеткендерінше міндеттерін пысық­тап алулары қажет.
Күйреген Кеңестер аумағында қауіпсіз­дік ахуалы барған сайын ушығып бара жатқан. Генерал Нұрмағамбетов министр креслосына отырмай тұрып-ақ ондай ұшынған мәселелердің уытын талай сезінді. Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің басшылығына келген күннен бастап әскердің «әуресі» қабырғасына батуда. Сол тұста-ақ Достастық мемлекеттерінде жүріп жатқан күрделі үрдістерді және жағдайдың өзгеру мүмкіндігін жан-жақты саралап, республика басшылығына талдама ма­териа­лын ұсынды... 1992 жылдың қаңтары болатын.
Хатқа Президенттің пәрмені көп күттір­меді. Қауіпсіздік кеңесінің келесі отыры­сында Әскери мәселелер бойынша тұ­жырым­дама әзірлеуге ұйғарым жасалды. Мұндай қадам ТМД мемлекеттері басшы­ларының Минскідегі кездесуінде қол жеткен уағдаластыққа сайма-сай келетін.
Сонымен қатар республикада қару мен техниканы түгендеу қолға алынды. Атап айтқанда, әскери бөлімдердің, қару-жа­рақ­тың, әскери техниканың және поли­гондар­дың дүние-мүлкі мен ғылы­ми­тех­никалық жабдықтарын, рес­­­­пуб­ли­­када­ғы әскери кәсіпорындардың өндірістік құрал-жабдықтарын түгендеу жүзеге асырылды.
Осы жұмыстың бәрі онда Қорғаныс ко­митетіне жүктелді. Уақыт аса тығыз, жұмыс болса, сан алуан: бірінші дәрежелі округтің бөлімдері мен құрамалары, ең соңғы деген ракеталармен қаруланған және олармен жер шарының қай нүктесін болсын ойран­асыр ете алатын екі дивизия, стратегиялық бомбалаушы самолеттердің дивизиясы, ғарыштық әскер, барлау бөлімдері, әс­кери-құрылыс отрядтары, әртүрлі сынақ әскерлері мен полигондары оп-оңай иліге салмақ емес.
Қазақстан жарылыс қаупі өте жоғары аймаққа айналды. Басқасын былай қой­ғанда, Стратегиялық қарулармен жұмыста сәл-пәл ағаттық кетсе, оның зардабы Чернобыль апатынан да асып түсер еді. Түгендеу Қорғаныс комитетін де, оның төрағасы Нұрмағамбетовті де қатты ширық­­тыра отырып, шыңдай берді. Объек­­­тілердің көпшілігі ол кезде қазақ­стандық еместердің қарауында. Әскери құрамалар­дың командирлері мәліметтерді зордың күшімен береді. Соған да қара­мастан табанды жұмыстың арқасында Әскер құрылысы тұжырымдамасының жобасы дайын болды.
Сөйтіп, Қазақстанның аумағынан техника мен құрал-жабдықтарды ескі орталықтың тасып әкетуіне елеулі тосқауыл қойылды. Аса күрделі әрі жауапты шақ... ұлттық қарулы күштер іс жүзінде жоқтан құрылды. Барлық ауыртпашылық Жоғарғы Бас қолбасшы Н. Ә. Назарбаевтың иығына түсті. Президент ел тағдыры қыл үстінде тұрған заманда әскердің тыныс-тіршілігін жай ғана біліп қоюды қанағат тұтпады. Ол Қорғаныс министрлігінің басшылығын өзі бастап, шалғай гарнизондарға сапар шекті. Солдаттармен, сержанттармен, офицер­лер­мен және олардың отбасы мүшелерімен тікелей кездесуді айнымас дағдыға ай­налдырды.
Содан бері қанша уақыт өтсе де бәрі күні бүгінгідей есінде. Қарулы Күштердің басшы құрамымен кезекті бір кездесуінде Президент жан-жақты міндет қойды. Тап сонда, яғни 92-нің 8-ші желтоқсанында төл армиямыздың дамуы айқындалды: әскер ықшам да шапшаң әрі сақадай-сай даярлықта болуы тиіс.
Бұл тек қана ақша емес, ең алдымен, кадр жетімсіздігінің орнын толтыру керек болатын. Шұғыл түрде офицер құрамын толықтыру мақсатында кіші лейтенанттар даярлайтын 3 айдан 9 айға дейінгі қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында осындай курстар болды және олар өзін-өзі ақтады да. Пулеметшілер курсынан өткен Саға­дат­тың өз басы бұған куә.
Сонымен прапорщиктер мен қысқа мерзімді қызметшілер арасынан таңдап алынған, әскерде болған тәжірибесі бар азаматтар майдан өртіне мейлінше жақындатылған жағдайда «отқа» салынды. Әскери құрылыс тәжірибесінің жоқтығына және өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан қысқа мерзімде егемен мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі – Қарулы күштер құрылды. Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нормативтік-құқылық негіздері де сол кезде Сағадат Қожахметұлының тікелей атсалысуымен қаланды.
Бастапқы кезеңдегі әскери саясаттың негізі мен бағыттары 1993 жылы қабыл­дан­ған Әскери доктринада түбегейлі ай­қын­далды. Ол басқа да заңдық және нор­мативтік-құқылық актілермен бірге әскери қа­уіпсіздікті қамтамасыз етуде, әскери кұ­рылысты дамытуда пайдалы болды.
Осы орайда өз «қазаныңда» қайнай бер­мей, өзгенің де тыныс-тіршілігімен та­нысу­дың орны бөлек. АҚШ, ҚХР, Түр­кия мен Германияның әскери ведомство­лары­мен тығыз байланыс орнатылды. Рес­публик­а басшылығы шекараны бойлай қауіпсіздік «белдігін» тартуды, ұжым­дық қауіпсіздіктің негізін қалауды, ядро­лық қауіпті төмендету шараларын қол­ға алды.
Бұл – шешімталдық қана жол бастар ау­малы-төкпелі шақ. Небір күрделі мәсе­лелер ырғалып-жырғалуды көтермейтін. Ескі­нің мүлде қирауы немесе іске жарамсыз бо­лып қалуы қайбір жақсылық?! Қатты жыл­дамдықпен келе жатқан көлігіңізді күрт кері бұруға, 180 градусқа айналуға дәтіңіз бара қоймас. Тіпті, солай еткен күнде, одан аман қалуың неғайбіл.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста