Қазақтың ерке қызы елуде
Биыл Қазақстанның халық әртісі, еліміздің ерке қызы Мақпал Жүнісованың елу жылдық мерейтойы. Бойындағы дарынымен ғана емес, ақжарқын мінезімен, шынайы күлкісімен, қарапайымдылығымен халықтың жүрегінен орын алған әнші ес білгелі сахна төрінен түскен емес. Көрерменін әнмен жылатып та, жұбатып та алатын Мақпал Жүнісова Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі қарсаңында Республика сарайында өзінің шығармашылық ән кешін өткізбек.
Наурыздың 21-і күні болатын концертке бүгінде Мақпал Жүнісова қызу дайындық үстінде. Халық әртісінің айтуынша, ол өзінің репертуарына жаңа әндер қосып, концерттік киімдерін әзірлеп, қысқасы концерттің қамымен әуреленіп жатқан жайы бар. «Әрине, әр әнші жеке шығармашылық кешін өткізгенде одан халық жаңа әндер күтетіні рас. Алайда менің тыңдарманым бұрыннан орындап келе жатқан әндерімді сағынды деп ойлаймын. Ән кешімде Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Онғарсынова секілді қазақтың маңдайалды ақындарының сөздеріне жазылған әндерімді орындап, халқыммен сырласпақпын», – дейді әнші.
ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісованы мерейтойымен құттықтеп өнердегі әріптестері де ән кешіне қатысады деп күтілуде. Бүркіт пен Айша, Шахизада және «Серілер» тобымен Мақпал ханым дует орындамақ. Мақпал Жүнісованың қызы Мерей анасынының мерекесіне орай тосын сый әзірлеп отыр.
Осы уақытқа дейін бірнеше рет Мақпал Жүнісованың жеке концерті болады деп хабарланып, белгілі себептермен кейінге шегерілген болатын. Ерке қызын елі сағынған болса керек, бүгінде концерттің барлық билеттері сатылып кетіпті. Сондықтан халықтың сұрауымен әнші 22 наурыз күні де концерт бермек.
Адамдар, менің мәңгі бір ғана серігім бар,
Өлең дейтін жетімек елігім бар.
Сендер жүрген жолменен жүргенім жоқ,
Ешкімде жоқ ерекше өмірім бар,
– деп өмірін әннен, әнді өмірінен бөліп қарамайтын қазақтың Мақпалы балабақшадан, ауыл клубының сахнасынан әншілік жолын бастап, Халық әртісі дәрежесіне жетті. Небәрі 11 жасында Алматыдағы А.Жұбанов атындағыи музыка мектебіне келіп білім алған қазақтың қаршадай қара қызы бүгінде халықтың ыстық ықыласына бөленген әнші.
Айжан НҰРМАҒАМБЕТОВА, әнші:
– Мақпал әннің сөзіне ерекше мән беретін әнші. Ол ақындарды іздеп өзінің стиліне, даусына сай келетін өлеңдерді таңдап алуда өте шебер. Сондықтан да болар, халық Мақпалды жақсы көреді. Әнді жандүниесінен өткізіп орындайтын сирек әншілердің бірі. Мен сахнадағы үзеңгілесіме шығармашылық табыс, үлкен бақыт тілеймін.
Роза РЫМБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі:
– Қазақ өнерінде Мақпалдың дауысындай ерекше дауыс ешкімде жоқ деп санаймын. Ол лирикалық әнші, халықтың дәстүрлі әнін домбырамен де тамаша орындайды. Мақпалдың өзінің диапазоны кең, шығармашылық шеберлігі жоғары, ерекше өзінің стилі бар әнші. Осынау мерейтойында Мақпалға тілерім, ең аз дегенде тағы бір 50 жыл сахнада жүрсе екен дегім келеді.