Айшолпанның дәрігер болсам деген арманы жуық арада орындалады. Моңғолия премьер-министрі У.Хүрэлсүх бейсенбі күні бүркіт баптап танымал болған қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған деп хабарлайды NUR.KZ.
Режиссер Отто Белланың «Бүркітші қыз» деректі фильмінің бас кейіпкері, моңғолиялық қазақ қызы Айшолпан қазіргі таңда 11-сыныпта оқиды. Таяуда ғана ол Азияның «Asia Game Changer Awards 2017» марапатын жеңіп алған болатын. «Бүркітші қыз» фильмі - тамаша туынды. Сіз әйелдерге тән ерекше ерлік пен батылдықты, төзімділікті танытып, Моңғолияны әлемге таныттыңыз», - деді премьер-министр жас қызды бүкіл Министрлер кабинетінің атынан құттықтап.
Премьер-министр, сондай-ақ Айшолпанның ата-анасына осындай инабатты қызды тәрбиелеп отырғаны үшін алғысын білдірді. Айшолпан Моңғолия премьер-министріне дәрігер болуды армандайтынын айтты. Танымал фильм экранға шыққан соң, бүркітші қыз Гарвард және Оксфорд университеттерінен шақыру алды. «Кинода ойнау қызықты болса да, мен дәрігер болуды армандаймын», - деді ол премьер-министрге.