Қазақ халқында бас киімнің түрі өте көп. Тігіншілер соңғы кезде қыз-келіншектер мен әйелдерді айтпағаның өзінде, тек ерлерге арналған - қалпақ, мұрақ, бөрік, далбағай, құлақшын, малақай мен тымақтың түрлі үлгілерін қайта жаңғыртып жүр. Тіпті олардың кейбіріне діні, ділі, тілі бөлек өзге халықтардың арасында да қызығушылық танытушылар қатары жыл өткен сайын артып келе жатыр. Оны Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының 5-бағында тұратын ерлі-зайыпты тігіншілер Тілеубай Дөңейханұлы мен Жанаргүл Қырықбайқызымен болған сұхбатта да айқын аңғардық.
- Тілеубай аға, сіз тігіншілікті қай уақыттан бері кәсіп етіп келесіз?
– Жеті жылдан асты. Менің жақындарымның арасында тымакты нағашы апам тігетін. Бұрын оны сол кісіден көріп жүретінмін. Бір күні базардан түлкі сатып алып, көрген-білгенім бойынша мен де тымақ тігіп көрейінші деген ой туды. Істеп көрем, маған да тігуге болады екен. Бастапқы кезде әйелім екеуміз жабылып жатып 1-2 күнде 1 тымақ ғана тігетінбіз. Қазір қол жаттығып қалды. Жылына 300-дей тымақ жасаймын.
- Жанаргүл сіз бұл өнер қай уақытта меңгердіңіз?
- Менің шешем ісмер кісі еді. Тігіншілікті сол кісіден үйрендім. Ал
тымақ тігуді күйеуім екеуміз бірге үйрендік. Тымақ тігуді кәсіпке айналдырған кезде бір-бірімізден үйреніп, артық-кем тұстарымызды бірлесіп түзеттік.
- Балаларыңыздың бұл өнерге икемі бар ма?
– Бір баламыз биыл инженер мамандыгын бітіріп келді. Екіншісі дәрігер. Қалған екеуі оқиды. Тапсырыстарды орындауға үлгермей жатқанда олар да бізге көмекші болады. Көрген-білгенімізді балаларымызға ұқтыру біздің міндетіміз, ал оны қабылдау олардың өз ниетіне байланысты нәрсе ғой. Қайда оқимын десе де балаларға шектеу жоқ. Қалаған мамандықтарын қай елден, қай жерден игерем десе өзі таңдайды. Шама-шарқымызша өз отбасымызда алған тәлім-тәрбиемізді балаларымызға да сіңіруге күш салып жүрміз. Қазіргі жастар қайда жүрсе де тілден, мәдениеттен ажырамайды деп ойлаймын.
- Теріден тігілетін тымақтың қанша түрі бар және оны жылдың қай мезгілінде киеді? Адамның жас еркшілігіне байланысты киілетін үлгілері бар ма?
- Теріден тігілетін тымақтың «түлкі тымақ», «пұшпақ тұмақ», «елтірі тымақ» деп атайды. Түлкі тымақ қыста ғана киіледі. Қарт адамдар оны керей тымақ сиякты тіккізеді. Жалпы аталармыз негізінен пұшпақ киеді. Ол түлкінің аяғынан істелінеді. Апа-әжелеріміз тымақ кимейді. Жас қыздар талғамына сай тапсырыс беріп бөрік киеді.
Пұшпақ тымақты жылдың барлық мезгілінде де киюге болады. Жастар көбінесе пұшпақтың төбесіне тері, бұлғын салып бөрік қылып киеді.
- Тілеубай аға, әңгімемізге сіз де араласып отырыңыз. Бір адам күніне қанша тымақ тігеді?
– Бір адам күніне 2 Найман тымақ тігеді. Ал Керей тымақтан біреу ғана. Өзіміз күніне 5 Найман тымақ тігіп қоямыз. Найман тымаққа жастар көп сұраныс береді. Екеуінің бағасының айырмашылығы 2-3 мың теңге. Тапсырыс боп жатса моңғол тымақтыда тігеміз. Керей тымақтың төбесін біз пұшпактан былғары ғып өзгерттік. Керей тымаққа да көп сұраныс бар. Оның тігуіне уакыт кішкене көп кетеді. Сондықтан көп кісі тіге бермейді.
- Тігіншілер арасында бәсекелестік бар ма?
– Өлгий қаласында тымақ тігетін бізден басқа Көкебай деген тағы бір кісі бар. Әрине бәсеке бар. Кім көп істейді, сапалы етіп дгендей. Өз тымағымды қайдан көрсек де бірден танимыз. Жалпы үлгі бір болғанмен, жекелеген ерекшеліктеріміз бар.
- Керей мен найман тымақтың бір-бірінен қандай айырмасы бар?
– Керей тымақтың төбесі төртбұрыш болады. Содан кейін қыры
шыққан. Қатты болған сыртына темір салып, қылыштасқан кезде басты қорғау үшін соң соғыс кезінде де киген дейді. Маңдайы, арты, екі құлағы бар Үш құлақ дейді маңдайын қоспай. Тігісін машинаға сырып, содан кейін қолмен қусырады. Кішкене жұмысы көптеу. Сосын көбі тіге бермейді. Матасы торғын болады. Моңғолиядағы өзіміздің кісілерге күреңдеу қылып тігем. Моңғолияда бұны шал тымақ дейді. Қазір енді сән ретінде жастар да киіп жатыр.
Найман тымақтың қыры болмайды, төбесі домалақ болады. Оны негізінен жастар киеді. Құйрығын алып тастауға да болады. Оған бекіткіш (кнопка) салып алмалы, салмалы етіп те істеуге болады. Тапсырысына қарай тігіп береміз. Түлкінің терісінен және матасын торғыннан, төбесін былғарыдан жасаймыз. Бәрі қолмен тігіледі. Сұраныс көп болған кезде көмекші аламыз. Дайындалғандарын дүкенге де сатамыз.
- Теріні қайдан аласыздар?
– Теріні аңшылардан сатып аламыз да өзіміз илейміз. Бұрын айран жағатынбыз, қазір жұмсартатын майларды қолданамыз. Теріні сатып алған соң алдымен жуамыз, содан кейін ғана оны илейміз. Бір күнде жалғыз өзім 5-6 тері илеймін.
- Қолөнершілердің көрме, жәрмеңкелеріне қатысып тұрасыздар ма? Сұраныс жылдың қай мезгілінде көбірек болады?
– Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында наурызда өтетін көрмеге
жылда барамыз. Қаладағы қазақтар жақсы алады. Төрт мезгілде сұраныс көп болады. Тапсырыс беріп ары-бері қатынайтындар бес алтыдан Қазақстанға апарады. Қытайға да шығарып, көрмеге апарамыз. Қазақ тымақтарын жалпы саяхатшылар көп алады. Жылына 300-дей тымақ жасаймын. Тапсырысқа қарай құндыздан да әйелдерге арналған тымақтарды да тігеміз. Соңғы жылдары тымаққа Англиядан да тапсырыс берушілер көбейіп келе жатыр. Онда өзіміздің сонда оқитын студентер апарып сатып жүр. Ағылшындар оны сәндік киім үлгісі ретінде алатын көрінеді. Қазақ тымақтарының қылшығының өзі бетке тиіп тұрса денені жылытады. Біз оның ішіне киіз саламыз. Бұл бас киімдер аязда өте жылы.
- Әңгімелеріңізге рахмет, істеріңіз әрдайым жемісті бола берсін.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ