Қазақтар қалай тоналды?
Патшалық отарлау саясатының көздеген мақсатының ең бастыларының бірі жерге ие болу еді. Бұл көбінесе орыстарды Ресейден көшіріп әкеліп, қазақ жеріне қоныстандыру арқылы жүргізілді. Қоныстандыру, жер иелену бей-берекет, жоспарсыз, заңсыз, оның үстіне, жергілікті қазақтарға зорлық-зомбылық жасау арқылы жүзеге асырылғандықтан, қарсылықтар мен қарама-қайшылықтарға толы болды. Ең әуелі қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс құру, тіршілік ету, шаруа жүргізу жүйелері мен әдет, салт-дәстүр үрдістерінің күре тамырлары балталанды. Осыдан келіп қоныстанушылар мен тұрғылықтылар арасында ұлтаралық қақтығыстар бой көтерді. Мұның соңы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласқаны белгілі.
Орыстар қалай Еділге қол салды?
1730 жылдың қыркүйек айының 8-і күні кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресейдің императоры Анна Иоановнаның атына хат жазып, бодандыққа өтуге даяр екендігін білдірді. Келесі 1731 жылғы қазанда адалдыққа ант-су ішілді. Және бұл антты Әбілқайырдың өзі де, мұрагерлері де, кіші жүздің басқа хандары да он шақты жыл бойы қайталап отырды. Осы келісімге сәйкес қазақтар орыс шекарасын қорғауға, қажет болған жағдайда патша ағзамға қызмет етуге, салық төлеуге, ат басын Орта Азияның гүлжазирасына қарай бұрған орыстың сауда керуендерін күзетуге уағдаласты.
Сол кездегі қазақ халқының ауыр жағдайына байланысты Ш.Уәлиханов: «XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өміріндегі жантүршігерлік қасіретті кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан қазақ ұлыстарын ойрандады, кіріптарлыққа салды», – деп жазды (Ш.Уалиханов. Шығ.жинағы, Алматы, 1985, 4-т. 111-бет). Олай болса, Әбілқайырды Ресейге бодан болуға итермелеген алдымен айнала қаптаған жаудың айбары еді. Әбілқайыр ханды осындай шешім қабылдауға белгілі дәрежеде орыс мемлекетінің сыртқы саясаты да мәжбүр етті.
XVIII ғасырдың 20-30-жылдарында патшалық Ресей өзінің сыртқы саясатында Орта Азия, Үндістан елдерімен тұрақты қатынас орнату үшін күреске білек түріп кіріскен еді. Ал Қазақстан болса оның жолында жатты. Демек, Әбілқайыр өз еркімен бодандыққа өту арқылы Ресейдің жаулап алушылық саясатын болдырмады. Ерте ме, кеш пе, бәрібір бұл саясат жүзеге асатын еді.
Патшалық Ресей кіші жүз даласында өзінің отарлау саясатын жүргізе отырып, сол даланы, оның байлығын, жерін түпкілікті иемдену үшін бірнеше әкімшілік реформасын жүргізді. Әуелі елдік ұйытқымызды жойып, түрлі губернияларға бөлшектеп, аумақтық тұтастығымыздан айырды. Рас, отаршылар бұл саясатын еппен, асықпай жүзеге асырды.
Оның алғашқысы – XVIII ғасырдың 80-90-жылдарынан 1822 жылға дейінгі аралықты қамтитын протектораттық кезеңі. Патша өкіметі алғашында кіші жүзде ел билеудің хандық жүйесін сақтап, оның ішкі ісіне араласпай, тұзақты алыстан құрып, сырттай келісім жасады. Қазақ даласын өзіне жағынып, бас шұлғып, бағынышты болған хандар мен сұлтандар арқылы басқарды. Кейіннен кіші жүзде хандық билік жойылып, оның орнына аға сұлтандық жүйе енгізілді. Сөйтіп, қазақ жерінде орыс әкімшілігінің басқару жүйесін орната бастады.
Патшалық Ресей үшін қазақ даласын игеру, басқару тегін олжаға қожалық етумен бірдей еді. Көшпенді ел Ресейдің арзан, мардымсыз, майда қолөнерін, азық-түлігін қымбатқа алып, өздері өндірген мал өнімдерін арзанға сататын табыс көзіне айналды. «Қырғыздар (қазақтар – т.к.) Ресейге көшпенді ел түрінде астық, қолөнер бұйымдарын тұтынушы, жері және басқа шикізаттарды өндіруші ретінде қажет. Сондықтан да оларды жартылай жабайы күйінде ұстау керек», – деген граф Сухотелень («Дело», 1810, №3. 125-бет).
1737 жылы 16 қарашада императрица Анна Иоанованың жарлығы жарияланды. Онда: «...Қалмақтар және басқа да ұлттар қолға түссе, оларды сатуға, шоқындырып, ақысыз-пұлсыз тегін ұстауға рұқсат етіледі», – деп жазылған болатын. «Құлдық езгі әсіресе Жоңғарияның құлауы мен орыстардың қырғыз даласына ағылып келуімен байланысты күшейген үстіне күшейе түсті», – делінген. (Дело», 1869, №3, 219-бет).
1808 жылғы 23 маусымда шыққан жарлықта:
«Барлық ерікті орыс азаматтары қырғыз (қазақ – т.к.) балаларын айырбастауға, сатуға, мынадай жағдайда рұқсат беріледі:
1. Екі жыныстағылар да 25-ке жетсе;
2. Айырбасшылар мен сатып алушылар бұл жөнінде (сату, айырбастау, сатып алу, алмастыру жөнінде – т.к.) Орынбор шекаралық комиссиясына мәлімдесе;
3. Әрбір сатып алушы тұтқынды басқа біреуге беруге ерікті» делінген («Дело», 1869, №5, 89-бет).
1819 жылғы 13 ақпандағы Сенат бекіткен жарлықта:
«Қырғыздар және қырғыз әйелдері 1808 жылғы жарлыққа дейін сатып алынғандар және жарлықтан кейін сатып алынғандар деп бөлінгендіктен, алғашқылары өмірінің ақырына дейін қожайынының қолында қалады, ал соңғылары 25-ке толғаннан кейін азат деп есептелінсін» делінген («Дело», 1870, №2, 119-бет).
Қазақ жерін толық отарлау
ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Ресей империясы Қазақстанды толығымен жаулап алып, оны өзінің отарына айналдырды. Капиталистік даму жолына түскен Ресей енді отарына айналған қазақ жерінде басқарудың империяға ыңғайлы жүйесін енгізуге кірісті. Патша үкіметінің алдында аса күрделі міндет – жаңа қосылған өлке жерін басқаруды реттеу және соның негізінде халықтан алым-салық жинау мәселесі тұрды.
ІІ Александр патша 1867 жылы 11 шілдеде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша Ережеге», ал 1868 жылы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығын басқарудың уақытша Ережесіне» қол қойды.
ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан Қазақстанды отарлаудың жаңа кезеңі, яғни Ресей ішкі губернияларынан шаруаларды қоныстандыру басталды. Патша үкіметінің Ресейдің орталығындағы аграрлық дағдарысты шешуге бағытталған бұл саясаты қазақтар шаруашылығына, әсіресе Солтүстік, Шығыс Қазақстан және Жетісу халқының тұрмыс-тіршілігіне ауыр тиді, Қазақстан халқының саны мен ұлттық құрамын күрт өзгертті.
Қазақ даласына орыс шаруаларын ресми түрде қоныстандырудың алғашқы кезеңі 1879 жыл деп саналады. Бірақ бұл тек бастамасы ғана еді.
Ең алғаш рет Көкшетау уезіндегі 11 елді мекенге орыс шаруалары орналастырылған. Оларға егіс алқабына жарамды деген 18 090 десятина жер бөлініп берілген. Бұл 11 елді мекенге 240 отбасы иелік жасаған. Осы селоларда тұрғындардың көпшілігі, яғни 40 отбасы Тобыл губерниясынан, қалған 207 отбасы Еуропалық Ресейдің 8 губерниясынан, атап айтқанда, Қорған, Тамбов, Пермь, Сарытау, Воронеж, Харьков, Самар және Орынбор губернияларынан еді.
Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай сияқты кең-байтақ бес облыстың территориясын алып жатқан қазақ жері кімді болсын қызықтырмай қоймаған, селқос қалдырмаған. Нақты деректерге қарағанда, бұл бес облыстың жалпы жер көлемінің аумағы 1 914 013 шаршы шақырымға теңеліп, халқының саны ерлер мен әйелдерін қоса есептегенде 2 667 290 адам болған (Ресей Федерациясы Мемлекеттік мұрағаты, 5451-қор, 1-тізбе, 25-іс, 182-бет).
Енді «жоғарыда көрсетілген ұшан-теңіз қазақ даласының қоныстану сипаты қандай болған?» деген сауалға келсек, онда, мысалы, Торғай облысының әрбір тұрғынына бір шаршы шақырымнан астам кеңістіктен келсе, Жетісу мен Орал секілді халық неғұрлым шоғырланған деген облыстардың өзінде әр шаршы шақырым жерге орта есеппен екі адамнан орналасқан. Жиырма уездің жетеуі (Ақмола, Атбасар, Павлодар, Қарқаралы, Темір, Ырғыз және Торғай уездері) 100 000 шаршы шақырымнан астам жер көлемін алып жатқан.
Осы ұлан-ғайыр бес облыстың тұрғындары, негізінен, жергілікті халық – қазақтар болған. Мұрағат деректеріне қарағанда қыр облыстарының қазақ тұрғындары шамамен 469 126 отбасынан немесе шамамен 2 153 011 ерлер мен әйелдерден тұрған. Ал қалған 524 279-ы орыстар, Сібір, Жетісу әсіресе Орал казак әскерлерінің және қоныс аударған шаруалар мен қала адамдарының есебінен толыққан (Бұл да сонда, 185-бет).
Шаруаларды Қазақ өлкесіне қоныс аудару көшпелі қазақтардың жерлерін тартып алу есебінен жүргізілді.
Тек 1885 жылдан 1893 жылдар аралығында ғана Ақмола облысының ежелгі тұрғын халқының пайдалануынан 251 779 десятина жер тартып алынып, 10 940 жан еркек жынысты халқы бар 24 қоныс аударғандар учаскелері құрылды. Ал Семей облысында осы аралықта қазақ шаруаларының 33 064 десятина егін салатын жерлері тартып алынды. Қоныс аударушылардың үлкен легі әсіресе Жетісу облысына келіп жатты. 12 жыл ішінде (1863-1880 жж.) мұнда 3324 жанұя көшіп келді, солардан 2099 жанұя селендер құрды, ал 1225 жанұя қалаларда орналасып қалды. Стихиялық процеске айналған қоныс аударушылықты патша өкіметінің қалай да бір ретке келтіруге тырысып баққанынан түк шықпады. Шаруалардың қазақ жерлерін өз беттерімен басып алуы жалғаса берді. 1891-1892 жылдары құрғақшылық Ресейдің шаруалар бұқарасына бос жерлер іздеп Шығысқа қарай жолға шығуларына түрткі болды. Осы кездері Орал сыртына 30 мың, Жетісу мен Сырдария облыстарына 62 мың шаруа өтіп кетті (Ресей Федерациясы Мемлекеттік мұрағаты, 5451-қор, 1-тізбе, 25-іс, 285-бет).
Шын мәнінде, қазақ даласында «бос жатқан» немесе «артық жерлер» жоқ еді. Әр аймақ белгілі бір рудың жаз жайлауы, қыс қыстауы болатын және оның шекарасы әр рубасы үшін әлдеқашан айқын белгіленіп қоятын. М.Дулатовтың «Қазақ жерлері» деген шығармасы (1906 ж.) уақытша ереженің қазақ үшін сондай салдары болғанын шынайы суреттейді.
«Жылында мың сегіз жүз алпыс сегіз,
Қазыналық деді жердің
һәммәсын да.
Тарылып жылдан-жылға жер-суымыз,
Мұжықтың кетті бәрі қаласына...
Қала үшін кеткен бізден жақсы
жерлер.
Тәтті шөп, тұщы судың бәрі сонда,
Табатын бұған хайла қайда ерлер?
Кетті ғой бетегелі биік белдер...
Он бестен кісі басы десятина
Жер берсе, сонда қазақ нешік халің?»
– деп бодандықтың ауыр зардабын күйіне жырлайды.
Патшалық Ресейдің жаулаушылық саясатының астарында не жатқанын ұғындырған ақын Мұрат Мөңкеұлы:
«Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойықты тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.
Мал мен басты есептеп,
Баланың санын алғаны –
Аңғарсаңыз, жігіттер,
Замананы тағы да
Бір қырсықтың шалғаны»,
– деп отаршыл өкіметтің құлашты әлі де кеңге сермейтіндігін ескертеді. Отарлық езгімен бірге келген орыстандыру саясатының халықты адамгершілік қасиеттерден жұрдай еткендігіне налыған ақын «кейінгі туған бала үшін», «кейінгі ұрпақтың сауабы үшін», «дулығалы қара нарларды» атқа қонуға шақырады. Міржақып пен Мұрат өз дәуірінің жоғын жоқтаған, халықтың тілеуін тілеген, оның іргесінің шайқалмай, ата-бабалар дәстүрінің сақталуын, тәуелсіздіктің уыстан шықпауын жақтаған ұлтының адал ұлдары еді.
1896 жылы 7 желтоқсанда келімсектердің әрбір жанұясына қоныстану үшін алдын ала рұқсат алмай-ақ, Қазақстанға көшіп келуге еркіндік беретін заң қабылданды. Бұл заң бұрынғы қоныстандыруға байланысты барлық шектеулерді жойып және патшаның қоныстандыру саясатындағы жаңа кезеңге жол ашты. Мұның нәтижесі келесі онжылдықта көрініп, 1896 және 1905 жылдар ішінде Ақмола облысы жеріне 27 426 жанұяның 157 876 ерлі-зайыпты мүшелері қоныстанды. Оның үстіне, жалғыз-жарым келімсектер де 5157 адамға жетіп, келімсектердің 54,9 пайызын құрады. Жекелеген жылдары бұл сан бұдан да жоғары болды.
Жетісудағы шұрайлы 860 мың десятинаға жуық жердің 629 896 десятинасы казактардың иелігінде, 60 000 десятинасы орыс шаруаларының, 170 000 десятинасы ғана облыстың өз тұрғындарының қолында болған. Бұл келтірілген деректер, ілгерідегі көрсетілген жер бөлістер бір Жетісу маңындағы ғана шаралар еді, ал бүкіл қазақ жерінде жүргізілген осындай шараларды ойлап көріңіз! 1906-1910 жылдар арасындағы бұрынғы он екі жылдың ішіндегіге қарағанда төрт еседен астам артқан, яғни 17,4 миллион десятинаға жеткен (РФ.М.М., 5451-қор, 1-тізбе, 27-іс, 329-бет).
«Қазақ» газетінде жарияланған (1915 ж., №156) Әлихан Бөкейхановтың «Екі жол» деген мақаласында: «Біз Ертісте 150 жыл отырмыз. Ертіс тоғайының аты – қоныс алған кілең бабамыздың аты. Ертісті өрлей, қуалай жүрген адамдар біледі. Он шақырым жерінде қазақ бейіті қала сияқты. Ертіс – бізге атақоныс болған жер. Біз Ертісті Жоңғарды күшпен қуып, қоныс қылғанбыз. Алғашқы 70 жылда ешкімге алым төлемей пайдаланғанымыздың жөні осы еді. 1839 жылы бүліктен кейін де жарытып ақша төлеген жоқ едік. Әр қазақ руымен бұрынғы атақонысында отыра беріп еді.
...1897 жылы шартына жазғанда қазақ үй басына казак-орысқа жылына 10 сом төлеуші еді. Енді осы 10 сом 20-40 сом болды. Пайдаланған жер – баяғы он шақырым. Біз осыған қарамай, Ертіс бойында отырмыз. Үй басына 40 сом төлеу оңай емес. Барар жер жоқ. Қан төгіп, кір жуып, кіндік кескен атақонысымыз – Ертіс. Мұннан кетсек, бұдан неше есе бақытсыздыққа кез болуымыз анық. Биыл бізге Вологодский жар қылып отыр, Ертістен 250-400 шақырым қырдағы ащы, тастақтан 15 десятинадан жер алмасаң, күшпен Ертістен қуыласың. 150 жыл тұрған жерден бізді кет дейді. Осы жер үшін біз қанша жыл қазынаға, казак-орысқа ақша төлеген жоқпыз ба? Бұл жерге неше атадан бері қарай бабаларымыздың, өзіміздің еңбегіміз, теріміз, кіріміз сіңген жоқ па?» – деп ащы шындықты ашына жазады.
Осындай қатыгез саясатты ұстана отырып, Ресей патшалығы алдымен қазақтардың дәстүрлі билік жүйесін қиратып, бұрынғы бірімен-бірі қым-қуат араласып жататын көші-қонына тұсау салып, тек бекітіліп берілген тастанды жерден басқа жаққа көше алмайтын тобанаяқ халге түсірді.
Осылайша қазақтар да орыстың басыбайлы шаруаларының бір түріне айналып шыға келді. Бұл халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан моделінің бұзылуын жылдамдатты.
Көрнекті әдебиетші ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметов өзінің «Рухани» кәмпеске» деген мақаласында былай деп жазды: «...Аса қатерлі мәселенің бірі – қазақ елін жер бетінен тұтас жоғалтып жіберу, ол жайлаған ұлан-байтақ, бай өлкені босату үшін жоспарлы бағдарламалар да болған. Бұл, әрине, Ресейдің жеті қат жер астында сақталатын мемлекеттік құпиясы. Сондықтан ол құжаттарды ешқашан қолмен ұстап, көзбен көре алмаймыз.
...«Өз еркімен» Ресей патшалығына бодан болған кіші жүз қазақтарын ХVIII ғасырдың 80-жылдарының басында сыртынан тұтас қоршап алып, армияның күшімен атамекендерінен қуып шығу секілді жоспарлар да болған. Тәңір оңдағанда, Түркиямен соғыс басталып кетіп, Ресей кіші жүзді қоршауға алған әскерлерін майдан қажетіне байланысты қайтарып алуға мәжбүр болған еді. Ал 1925 жылы бүкіл Жетісу облысын (ол кезде бұл облысқа Алматы, Талдықорған және Қырғызстанның бірнеше облысы да кіретін) жайлаған қазақ, қырғыздарды түгел қырып, бұл табиғаты ғажап жерді «тазарту» мәселесі де қойылған еді. Бірақ 1914 жылы бүкілдүниежүзілік соғыс басталып кетіп, оның артынан 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің бұрқ ете түсуі, оның 1917 жылғы Қазан төңкерісіне ұласуы патша отаршылдарының арам ниетінің жүзеге асуына кедергі жасады.
Отаршылар қазақтардың рухы сынып, қанаты қайырылып, енді бас көтере алмас халге жетті деп білді. Бірақ қазақтар Түркістан халықтарының ішінде алғаш оянып, алдына саяси-әлеуметтік мақсат қойып, идеялық жағынан бірігіп, қоғамдық күресті бастаушылардың алдыңғы сапында жүрді» («Парасат», 2001, №9, 19-бет).
Отарлау саясаты патша үкіметі құлап, пролетариат диктатурасы орнағаннан кейін де бәсеңдемегендігін тарихи құжаттар дәлелдеп бере алады. Айталық, 1920 жылға дейін көшіп келушілер Қазақстанға 40,6 миллион десятинадан астам шұрайлы жерге бауыр басты. Атап айтқанда, казак-орыстар мен қара шекпендер Семей өңірінің – 114,2 миллион, Ақмола губерниясының – 8,7, Қостанайдың – 3,7, Орынбордың – 4,1, Ақтөбенің – 2,3, Оралдың 7,5 миллион десятина жерін тартып алды. Бөкей өңірі мен Адай уезінің көптеген жері казактар қарамағына өтті.
1921 жылы Ресейдің бірталай губерниясына астық шықпай қалып, көшіп келушілер мен босқындар саны одан сайын арта түсті. Қазақ Автономиялық Республикасы Жер жөніндегі халық комиссариатының бұл жойқын тасқынды толастатуға я тоқтатуға деген талпынысы еш нәтиже бермеді. Өйткені ВЦИК-тің (Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті) 1921 жылдың 28 шілдесінде қабылдаған «Аштыққа ұрынған губерниялардан жоспарлы түрде қоныс аудару» жөніндегі декреті қазақ өлкесіне көшіп келушілерге есікті айқара ашып тастады. Бұдан кейінгі жылдары да босқындар мен ресми жолмен келушілердің және жер аударылғандардың легі тыйылмады.
Мінеки, жаңа орнаған «жарылқаушы» Кеңес өкіметінің өзге ұлттарға және олардың атамекеніне деген көзқарасы қандай болғандығын мұрағат құжаттары осылай айғақтайды. Бұл патшалы Ресейдің отарлау саясатының заңды жалғасы емей немене?
Отарлаудың кеңестік кезеңі
Шындығында, дәл сол орыстандыру және отарлау саясатын Кеңес өкіметі одан әрі жалғастырды.
Сөйтіп, ұжымдастыру кезінде Қазақстанға 250 мың мал-мүлкі алынған бай-құлақ жер аударылған еді. Соғыстың алдындағы жылдары түрлі республикалардан өнеркәсіп құрылысын жүргізу сылтауымен тағы 1 миллион 200 мың адам қоныстандырылды.
Нақ сол жылдары республиканың күллі аймағы көбінесе жүйеге қас деген жалған желеумен жіберілетін адамдарды, сондай-ақ қылмыскерлерді айдайтын орынға айналды. Мұнда түрмелердің, лагерьлердің және күштеп қоныстандыруға арналған орындардың тарам-тарам жүйесі жасалды. Қазақстанда қанша қамалғандардың, айдалумен әкеліп қоныстандырылғандардың болғанында қисап жоқ. Олардың талай мыңы өмір сүрудің қиыншылығына шыдамай, дүниеден өтті немесе көпшілігін жазалау-қудалау құртты.
Соғыс қарсаңында және соғыс кезінде «сатқындық пиғылда» деген жөн-жосықсыз айып тағылған тұтас халықтарға қарсы қатаң қуғындау шаралары қолға алынды. Бейбіт жатқан, бейкүнә жандарды тығыз-таяң жүк вагондарына тиеп, біздің далаға жөнелтіп жатты. Ондаған мың қоныс аударған адам осындай тағылық айдаудың салдарынан аштықтан, суықтан және дерттен дүние салды.
Сол кезде Қазақстанға 100 мыңға жуық Қиыр Шығыс корейлері, 800 мыңдай Еділ бойының немістері, КСРО-ның батыс аймақтарынан 100 мыңнан астам поляк, Терістік Кавказдың 500 мыңнан астам тұрғыны күштеп қоныстандырылды. Қазақстанға күштеп көшірудің қара дауылын Қырым татарларының, гректердің, қалмақтардың ондаған мың отбасылары, басқа да кеңес халықтарының өкілдері бастан кешті.
Ресми деректер бойынша, сол кезде Қазақстан жұрты 1,5 миллионнан астам адамға көбейген екен. Соғыс кезінде әр түрлі өндірістермен бірге мұнда 350 мыңнан астам адамның әкелінгені де анық.
«Ұлы қоныстандыру» мұнымен де тоқталған жоқ. 60-жылдарға дейін Солтүстік және Орталық Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеруге 2,5 миллиондай адам келді. Олардың бір бөлігі көп ұзамай мұнда жердегі жұмақ орнайды деген ресми насихатқа сенгендер еді. Алғашқы тыңгерлердің арасында Қазақстанға күштеп әкелінгендердің ішінде тікелей қамау орындарынан жеткізілгендердің болғаны да жасырын емес. Нақ сол 20-30-жылдардағы сияқты бұл жолы да қаптаған қоныстанушыларды жіберген орталық өкімет жергілікті басшылықпен де, республиканың қарапайым тұрғындарымен де ақыл қосып әуреге түскен жоқ.
Қазір сол бір қайғы-қасіретке толы оқиғалар мен жылдар тарихтың еншісіне тиді. Бұл ретте тек еске алу борышы туралы сөз етсек, мұның өзі тарихтың қатал сабағынан алған ішінара тағылымдарымыз ғана болып шықпақ. Өйткені еске алу борышы дегеніміз, ең алдымен, әділеттілік жолында қасірет шеккендердің мақсат-мұраттарына еліктеу болып табылады. Біз осы борышымызды орындай отырып, жаңа қоғам құруға тиіспіз.
Біз – кешегі КСРО құрамында болған республикалар арасында қайдағы бір ұлттық өзгешеліктер негізінде қанды-қырғын соғысқа, бейберекет бассыздық пен тәртіп бұзушылыққа, күнделікті тұрмыс-тіршілікте өзге ұлттарды алалап, кемсітушілікке жол бермей келе жатқан бірден-бір елміз. Бұл барша жұртқа мәлім.
Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы,профессор, академик, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты