Қазақтар кассалы фильм түсірді
2008 жыл, Таиланд, Федералды түрме. Темір тордың ар жағында қолы артына кісендеулі, шаштары аппақ қарт кісі әрі-бері теңселіп жүр. Ал бұл сәтте түрме бастығының алдына дәрігер кеп, түрме тұтқынының жүрегіне тез арада ота жасамаса, оның о дүниелік болатынын айтып жатқан. Келесі кадрда ота жасаушы дәрігер шығып, аурудың жүрегі шыдамай, көз жұмғандығын мәлім етеді. Осылай өте сәтті ұйымдастырылған «операцияның» арқасында тұтқын ретінде қаза тапқан Асанәлі Әшімов енді Ка мырза кейпінде жаңа өмірін бастайды. Бұл – «Қазақфильм» мен «Изарус-фильм» бірігіп түсірген режиссер Қуат Ахметовтің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты жаңа туындысы.
Өзіміз өз болғалы бері түсірілген тұңғыш «атыс-шабыс» фильм болғандықтан және басты рөлде Асанәлі Әшімовтің өзі ойнайды, режиссері, сценарийі, музыкамен көркемделуі тегіс кәсіби киногерлердің қолынан шықты деген жарнамасын телеарна атаулы жарыса көрсетіп жатқандықтан, фильм тұсаукесері болатын «Цезарь» кинотеатрына асыға жеттік. Басталғаннан-ақ біріне-бірі ұласқан оқиға өзіне тартып кеткені соншалық, басқа дүниені ұмытып, «енді не болар екен?» деген оймен ғана оңаша қалдық. Түрмеден құтылып, кіндік қаны тамған атамекеніне бет алған Ка мырзаның өмірден көргені өз алдына, көрмегені әлі алда екен. Бәлекет аяқ астынан дегендей, пойыз ішінде жайбарақат жатқан қарияға қырсық үзеңгі жолдасы Игорь кейпінде табылады. Қазақшаға судай орыс бала мырзасынып, атасына ұқсағаны үшін Ка мырзаға өзінің термосын сыйға тартады. Ал оның іші толған есірткінің аппақ ұнтағы еді.
Оқиға осылай өріс алып, Игорь да, қария да есірткінің егелерінің алдынан бір-ақ шыққан «купедегілердің» жаны бір боп қалады. Осы сәт өзінің және жанындағы «сарыауыз балапанның» да тағдырын Ка қария өз қолына алды. Тек өз бастарын сауғалап қалмай, есірткі саудасымен есіріп жүрген қарақшылар тобын өз қандарына өздерін тұншықтыру қажет деп түйген салқынқанды әрі нағыз ерлік пен батылдықтың иесі кәнігі қарт кім өзі?! Осы жолсапар оқиғалары, шынында, ол үшін тосын сый ма? Оның өткен өмірі мен бүгінгі батыл әрекеттері қандай құпияны жасырып жатыр? Фильмді тамсана тамашалай отырған көрермен көкейіне осы сұрақтар еріксіз ұялайды. Сондай-ақ бұрындары да киноны қалт жібермеген көрермен бұл фильмнен ескі жылдардың естен кетпес картиналары «Транссібір экспресі» мен «Атаманның ақырының» ұшқынын байқары анық. Тіпті бұл фильм солардың араға жылдар салып оралған заманауи жалғасы дерлік.
Асанәлі Әшімов бастаған қазақ актерлері, атап айтқанда, Талғат Теменов наркобарон, жұртшылыққа «Рэкетирдегі» Руслан арқылы жақсы таныс Мұрат Бисембин есірткі тасымалын қамтамасыз етуші баскесер, сондай-ақ «келін» Гүлшарат пен Ержан Түсіп шебер шабармандар рөлінде өздерінің актерлік шеберліктерімен жарқырай көрінді. Ал режиссер Қуат Ахметовтің режиссерлік шеберлігі киноның шытырмандығынан-ақ өз деңгейін көрсетті. Ал мұның сценарийі Ермек Тұрсыновтың қаламынан шықса керек. Музыкалық көркемдеуі атақты сазгер Қуат Шілдебаевтың қолтаңбасын аңғартты.
Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы:
– Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында біршама жаңа туындылар түсіріп келе жатыр ғой. Солардың ішінде, шын мәнінде, тәуелсіз елдің фильмі деп айтуға тұрарлығы «Мұстафа Шоқай», «Біржан сал» десек, мына бүгінгі киноны да сол атаққа әбден лайық деуге болады. Маған ұнағаны, біріншіден, мұнда бүгінгі заманның шынайы бейнесі жатыр. Екіншіден, мемлекеттің мемлекеттігін танытатын үлкен органдар бар, мына кинода еліміздің Үкіметінің адамзатқа зардабын тартқызып келе жатқан есірткі мәселесін шешуде үлкен қауқарлылық танытып отырғандығын көрсете білген. Тағы бір айтарлығы, фильмде таза адами қарым-қатынастар бар. Мұндағы үлкен фактор – Асанәлі Әшімовтің басты рөлде ойнауы. Көрермен өте сүйіп көретін әрі ең бір кассалы фильм болатынына күмәнім жоқ.
Қуат АХМЕТОВ, фильмнің режиссері:
– Мен жас-кәрі түгел сүйсініп көретін фильм жасауды көздедім. Және киноның көркі Асанәлі Әшімов атты қазақтың ұлы актері дер едім. Ол кісі – тек басты кейіпкерді сомдаушы емес, идея авторы. Киноны көріп, көзіне жас алған ағамыз қазірдің өзінде оның жалғасын түсіруді жоспарлап отыр. Сондықтан ол үшін әлі басты кейіпкер өлген жоқ. Бірақ бір нәрсені айта кетейін, бұл «Атаманның ақыры» мен «Транссібір экспресінің жалғасы» емес, онымен ұқсастығы фильмнің жолсапардан бастау алып, ірі қылмыс иелерін әшкерелеуі шығар?.. Фильмде каскадерлер болды, бірақ Асанәлі ағамыз өз қимылдарын, тіпті төбелес қимылдарын да өзі ойнады. Фильм сценарийі де үлкен сұрыптаудан өтіп барып, ең мықты деген нұсқасы қабылданды. Өздеріңіз көргендей, кино Таиланд, Ауғанстан, Ресей секілді кең ауқымды географияны қамтыды.
Түйін
Фильмнің ең жүрек тебірентер тұстары, бірінші, Ка мырзаның туған жерден жырақта жүрген талай жылдағы сағынышын Тай елінде көңілдесі сыйлаған жусанды иіскету арқылы тап басқан, екіншіден, кино шекарасының кең көлемде Таиланд, Ауғанстан сынды елдерде түсірілуі, ал соңында екі дүниенің ортасында жатқан Ка рухы алдымен әке мазарына бас иіп кешіріп сұрап, содан соң «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы, танимысың сен мені, мен – қазақтың баласы!» деп Қасым Аманжоловтың әйгілі жыр жолдары арқылы бақи дүниемен қауышуы киноға әдемі нүкте бола білген.