Тарихта қазақтың болмысын жоғалтпай, болашағына бір адамдай алаңдаушылықпен қарап, жалпыхалықтық өрлеуді ойлаған нағыз ұлтжанды лек ХХ ғасырдың басында өтті. Олар «саусақ бірікпей, ине сілікпейді» деген қазақ мәтелін жүзеге асыруды ойлаған ел азаматтары, таңдаулылар еді. Елдің мойнына түскен қатал тағдыр мен өзекті мәселелерді бірігіп шешуді ойлаған әрқайсысы бір-бір министрге татитын Алаш ұлдары ұлт мүддесін қозғаған қыруар істерді атқарып, өздері шығарған қазақ басылымдары арқылы халыққа үндеу таратып отырды. Соның бірі – 1918 жылдың 4 ақпанында Семей қаласында жарық көрген «Абай» журналы. Бар-жоғы 12 нөмірі шыққан журналды шығарған қазақтың қос кемеңгері Жүсіпбек пен Мұхтар «Екеу» деген атпен мақала соңына қолдарын қойып отырған. Ол екеуі не себепті «Екеу» деген атпен шықты? Екеуінің тізе қосуына не себеп?
1917 жылы ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде Семейде «Алаш» партиясының облыстық комитеті, одан біраз уақыттан соң Алашорда үкіметі құрылып, Семейдің сол жақ бөлігі, Ертіс өзенінің сол жағалауы Алаш қаласы атанғанын, оның 1927 жылдың күзіне дейін 10 жылға жуық осылайша аталып келгенін бүгінде елдің бәрі біле бермеуі мүмкін. «Алаш» партиясының орталығына айналған Семейде атқарылған келелі істің бірі – «Абай» журналының шығуы. Айына екі рет араб графикасымен шыққан журналдың тұңғыш нөмірінде жазылған «Журнал туралы» атты мақалада бас инициатор, «Екеудің» бірі, жазушы, қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Жүсіпбек Аймауытов бас мақалада былай деп жазады:
«Тұс-тұсынан жау қысып, мал мен басқа дау түсіп, дағдарып қазақ сасқан соң орысқа келіп бағынды... Бұрынғы дәурен көзден бір-бір ұшты... енді партия, барымта, өтірік, ұрлық – не түрлі әрекет керней бастады. Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды. Сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды. Ақылды дана, рақымды әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай еді... Өнер тап, оқы, харекет қыл, тәрбие ал, ынсапты, адал бол деп қақсап өткен Абай еді».
Журналдың бас редакторы Жүсіпбек Абайдың жан дүниесін қалай түсініп, қазаққа деген тілегін қалай дәріптесе, «Алаш» үкіметін құрған азаматтардың да идеясы сондай болған.
Ерлан САЙЛАУБАЙ, Семей мемлекеттік педагогикалық институты тарих факультетінің меңгерушісі, доцент:
– 1918 жылдың 28 қаңтарынан 1919 жылдың соңына дейін Алашорда үкіметінің орталығы Семей қаласына келіп, жұмыс істеді. Сол кезде Семейде «Сарыарқа» деген газет шығып тұрған. Ә.Бөкейханов: «Алаш идеясының түпкі негізі – Абайдың нақыл сөздерінде (қара сөздерінде) жатыр» деді. Ол кезде еуропалық дәстүрдегі бүркеншік есіммен материалдарды жариялау, әсіресе, әдеби аспектіде болды. Не себепті «Екеу» деген атпен шыққаны жөнінде нақты жазып қалдырмаған. Бірақ сол кездегі материалдарға қарайтын болсақ: 1) Екеуі Алаш жетекшілерінен салыстырмалы түрде жас болды. 2) Екеуі әдеби тұрғыда ниеттес, типтес болды. Екеуінің идеялық тұрғыда ой-пікірлерінің бір болуы, ұлттық сипаттағы көзқарастарының түзу болуы. Мысалға, Жүсіпбек қазақтың алғашқы романы «Ақбілектің» авторы, Мұхтар әдебиетке енді қалам тарта бастаған жас жігіт; 3) Екеуінің бірден бадырайтып өз аттарымен шығуы олардың алдарындағы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сынды аға буын корифейлер тұрғанда, үлкенді басып өткендей болуы мүмкін. «Біз де бармыз, біз де өсіп келе жатырмыз» деген сипатта, аттарын бадырайтып көрсетпеу үшін кішіпейілдік құрметпен «Екеу» деген бүркеншік есіммен шыққан; 4) Екеуінің есімі қатар тұрды. Тіпті Семейде Алашорда үкіметінде қызмет еткенде, бір үйде тұрды.
Қырықбай АЛЛАБЕРГЕН, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Абай журналын шығару мәселесі алғаш 1914 жылы қаралған. Мүмкіндік болмай, тек 1918 жылы шықты. «Екеу» қалай болғанда да халықтық басылым шығаруға күш салды. Екі дарынның ойларының бір жерден шығып, бір салада қызмет етуі қазақтың «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген ойын теріске шығарып отыр. «Өмір сүрсек, бір тудың астына жиналып өмір сүреміз» деген барлық Алаш азаматтарының «Алаш» партиясын құрудағы идеясы.
Түйін
Кеңестік тоталитарлық жүйе қазақ зиялыларының «бір тудың астына бірігу» идеясынан қорықты. Қазақтың кіл мықтылары надандықты жойып, ұлттық қазақ мектебін ашып, білім беріп, жаппай сауаттандыру арқылы «қараңғы қазақтың көгіне Күн орнататынын» сезді. Сол идеяны тамырымен жұлып, жою үшін жазықсыз жандарға «Халық жауы» деген күйе жағып, атып тынды. Сол зұлматты жылдарда қазақ сахарасы арыстарынан айырылып, зар еңіреді. «Алаш» көсемінің бірегейі, жетекшісі Байтұрсыновтың алысты болжайтын білгіштігі «Екеудің» бірі – Мұхтар Омарханұлын ажал аузынан алып қалды. Сол кісінің ақылымен саяси көзқарастан бас тарып, Мұхтар атамыз таза әдебиетке кетпегенде, қазақ әдебиетінің талай классикалық туындыларын тудырмас та еді... Өзі өлсе де, өлмейтін із қалдырған қайраткерлердің бір-бірін демейтін кісілігінің бүгінде қажет боп тұрғаны-ай...