Қайрат ҒАБИТХАНҰЛЫ, ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, ҚХР Орталық ұлттар университетінің құрметті профессоры:
– Кезінде өзіңіз оқыған, өзіңіз қызмет еткен Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетіндегі қазақ тілі-әдебиеті мамандығының ашылғанына биыл – 60 жыл, қазақ тілі-әдебиеті факультетінің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы мерейтойға байланысты өтетін халықаралық конференцияға бара жатыр екенсіз. Жалпы, бұл конференцияда не мәселе, қандай тақырыптар қаралмақ?
– Алдымен бұл факультеттің тарихына қысқаша тоқтала кетейін. Орталық ұлттар университеті 1941 жылы алғаш рет Янанда Янан ұлттар институты болып құрылса, 1951 жылы бұл оқу орны Бейжіңге көшірілген еді. Ал 1993 жылы университет болып қайта құрылды. Қазіргі таңда Қытай еліндегі ең таңдаулы жоғары оқу орнына айналып отыр. Ал мұндағы қазақ тілі- әдебиеті мамандығы 1953 жылы профессор Гың Шымин бастамасымен ашылған-тын. Гың мырза, жалпы, Қытай еліндегі түркология ғылымының көшбасшысы, сонымен қатар қазақ тіл білімінің де қамқоршысы бола білді. Бұл факультеттің ерекшелігі сол – бүгінгі таңда Қазақстаннан тысқары жердегі қазақ филологиясы оқытылатын жалғыз факультет болып есептеледі. Факультетте қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ фольклоры, қазақ тарихы, түркітану, көне түркі тілі мен жазуы секілді қазақтану мен түркологияға қатысты пәндердің барлығы оқылады.
Конференцияда, негізінен, қазақ тілін оқыту, грамматика, лексикология, фонетика, тіл тарихы, жалпы түркологияға қатысты мәселелер қаралатын болады. Оған Қазақстандағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық университеті, Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және шет тілдері университетінің профессорлары мен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, Германия, Түркия, Швейцария елінің өкілдері, Қытайдағы ең беделді жоғары оқу орындарының мамандарынан бөлек, жергілікті БАҚ қызметкерлері, сондай-ақ зерттеуші-ғалымдар шақырылып отыр.
– Бұл университеттегі мамандарды оқытуда Қазақстандағы тіл білімі бағдарламасынан қандай да бір айырмашылық бар ма?
– Айырмашылық жоқ деп айта алмаймын. Басты ерекшелік – онда өтетін сабақтардың тең жартысы қытай тілінде өтетіні. Одан бөлек, бүгінгі қазақ тілі-әдебиеті факультетінің оқу кестесі, оқыту тәсілі мен бағдарламасы қытайдың көрнекті ғалымы, түркітанушы, Түркия ғылым академиясының академигі, марқұм Гың Шымин мырза жасап кеткен бағдарламамен жүргізіледі. Мәселен, мен өзім сол университетте оқып жүргенімде түркітану, түркі тілділердің әліпбиі, қазақтың ауыз әдебиеті, қазақ тарихы және түркология ғылымы пәні қытай тілінде жүргізілетін. Сол себепті ол оқу орнын бітірген түлектер қазақ филологиясы мамандығымен қатар, қытай тілін де жетік меңгеріп шығатын болады.
– Ол факультетке, негізінен, қай ұлттың өкілдері көбірек түседі. Жалпы, Күншығыс елінде қазақ тіліне деген қызығушылық қандай деңгейде?
– Факультетте, негізінен, Қытай елінде тұратын қазақ студенттері оқиды. Олай дейтінім дәл қазір Қытайда бір жарым миллион қазақ ұлтының өкілдері тұрады. Онда 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарататын екі мемлекеттік және бірнеше аймақтық телеарна, таралу ауқымы әркелкі радиолар, аймақтық, аудандық (бізше облыстық) және қалалық телеарналар мен радиолар, газет-журналдар, бірнеше баспалар мен баспаханалар жұмыс істейді. Осы мекемелерді білікті мамандармен, негізінен, осы Орталық ұлттар университеті қамтамасыз етіп отыр деуге болады. Оның сыртында жылына миллиондаған тиражбен қазақ тіліндегі оқу құралдары, түрлі әдеби және ғылыми-танымдық кітаптар шығарылады. Осының барлығында қазақ тілі-әдебиеті факультетін аяқтаған түлектер жұмыс істеп жатыр. Бұл факультетте оқып жүрген студенттердің басым көпшілігін қазақ балалары құрағанымен, ара-тұра ханзу және басқа ұлт өкілдері де қабылданып тұрады. Факультеттің белді профессорлары Ли Зиңшаң, Би Шүн, Чың яняндар осы мамандықты бітірген түлектер екенін айта кетуіміз керек.
Дәл қазір бұл факультетте 200-ге жуық студент білім алып жатса, олардың басым көпшілігі қазақ тілі, қазақ әдебиеті және көне түркі тілі мамандықтары бойынша бакалаврда, магистратура, докторантура мен посдокторантурада білімін жетілдіруде.
– Бұл университетті Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мәдени, саяси, һәм ғылыми байланыс орнатушы бірден-бір орда деп айтуға негіз бар ма?
– Әрине, негіз бар. Бұл оқу орны қазірдің өзінде ол міндетті толық атқарып отыр деп айтуға болады. Олай дейтінім, қазақты бүкіл әлемге танытып жүрген күміс көмей опера әнші Майра Мұхамедқызы мен өзінің биімен көпшілікті тәнті еткен Шұғыла Сапарғалиқызы секілді өнерпаздар және Қазақстанның жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттарында жемісті еңбек етіп жүрген ғылым докторлары мен кандидаттар Бақыт Еженхан, Дүкен Мәсімхан, Жанымхан Ошан және Рахым Айыпұлы т.б. айтсақ та жеткілікті.
Университет бүгінде әлемнің көптеген жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Оның ішінде қазақ тілі-әдебиеті факультеті, әсіресе Германия, Швейцария және Түркиядағы ең ірі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Факультеттің оқытушылар құрамы мен студенттер өзара тәжірибе алмасып, жыл сайын ондаған студенттер аталған мемлекеттерге бір жылға оқуға барып қайтып жүр. Ал Қазақстандағы білім ордаларымен 2000 жылдан кейін жан-жақты қарым-қатынас орнатылып отыр. Атап айтқанда, Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық қатынастар және шет тілдері университетінің ұстаздары да осы факультетте жүйелі түрде дәрістер оқып, арнайы курстар өткізіп тұрады. Ол жақтан да Қазақстанға келіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп жатқан мамандар да баршылық. Атап айтқанда, факультет деканы, түрколог-ғалым Жан Динь жинь, факультеттегі партия өкілдігінің бас хатшысы, әдебиеттанушы-ғалым, профессор Мұхтар Әбілқақұлы, көне түркі тілінің білгір маманы, профессор Еркін Ауғалиұлы, декан орынбасары, аудармашы, тілші-ғалым Болаш Шөкейев секілді білікті мамандар біздің елге жиі келеді. Университет жанынан қазақ тілі-әдебиеті факультеті толықтай құрылып, жемісті еңбек етуіне, бүгінгідей биік деңгейге жетуіне факультет деканы Жан Динь жинь мырзаның еңбегі ерекше екенін атап өтуге тиіспіз. Олардан бөлек, марқұм Мәкен Ілікенұлының еңбегі ерен. Сонымен бірге бүгінде зейнеткер, қазақ тілінің білгір маманы, ұлағатты ұстаздар Жұматай Орынбайқызы, қазақ тілі кафедрасын бірнеше жыл басқарған түрколог Ли Зиң шаң мен Би Шүң осы факультеттің жан-жақты жұмыс істеуіне өз үлестерін қосып келеді. Конференция барысында профессор Ли Зиң шаңның 80 жылдығы да қатар аталып өткелі отыр. Ал Қазақстан жағынан Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тұрсын Жұртбай мен Дихан Қамзабекұлы, Қазақ ұлттық университетінің профессоры Бағдан Момынова мен Бердібай Шалабай, ҚР Мемлекеттік тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, ҚР Тіл білімі институтының директоры, профессор Мырзаберген Малбақов секілді ғалымдар екі елдің тіл білімі саласында аянбай еңбек етуде.
Атап өтер жадағы, бұл факультет, жалпы, Қытайдағы қазақ тілінің сақталып қана қоймай, көптеген маманның сүйген кәсібімен шұғылданып, ел қатарлы өмір сүруіне сүбелі үлес қосып келе жатқан білім ордасы да. Және бұл факультетте әр жылдарда оқыған қазақ студенттері қазақ пен шығыс халықтарының да әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жандандыруда бастамашы болып, айтарлықтай үлес қосып келеді. Мысалы, 1982 жылы осы факультеттің студенттері өзара бірігіп, ғасырлар бойы ұмыт қалған Наурыз мерекесін тойлауды қолға алып, төл мерекеміздің ортамызға оралуына зор ықпал еткен-тін. Наурыз мерекесі содан бері мемлекеттік деңгейде өткізіліп келеді. Ол кездері Наурыз мейрамы Қытай еліндегі тек қазақтар ғана шоғырланған қазақ ауылдарында да тойланбайтын.