Әлемнің жеті кереметіне тамсанып, таңдай қағатынымыз рас.
Шетелдік меймандарға «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтана көрсетіп, еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерін насихаттау мақсатында «Қазақстанның жеті кереметі» атты жоба қолға алынған-ды. Кейіннен жобаға еліміздегі бірнеше министрлік белсене атсалысып, Астанада «Қазақстан Республикасында «Қазақстанның жеті кереметі» байқауын өткізу туралы» шешім қабылданды. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда 25 мыңға жуық тарихи, археология, сәулет ескерткіштері бар. Олардың арасында небір кереметтері жетерлік. Бірнеше жетіден асып жығылатыны анық-тын. Ол үшін арнайы сайт ашылып, тізімге екі жүзге жуық еліміздің ғажайып жерлері, жәдігерлері мен бүгінгі заманның ғимараттары енгізілді. Байқау мәреге жетіп, Қазақстанның жеті кереметі анықталды. Олар: Оғыландыдағы Бекет-Ата жерасты мешіті, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран қалашығы, Қаратау жотасы, Қазақстандағы ең терең Қарағия ойпаты, Шерғала, Астанадағы Бәйтерек монументі.
Қазақстандық таңғажайыптарға ешкімнің де таласы жоқ болар. Дегенмен дәл осы жетеудің ішінен ойып тұрып орын алатын тағы бір ғажайыптың назардан тыс қалғандығы өкінішті. Ақыртас сарай кешенін таңғажайыптардың тобына жатқызуға әбден болады-ақ. Әулиеата өңіріндегі баға жетпес асыл қазыналардың бірі – Ақыртас сарай кешені. Ол – Тараз қаласына 40 шақырым маңда. Ұлан-байтақ даланы мекендеген ұлы бабаларымыз әлемдік өркениет өнерінен хабардар болғандығының бұлтартпас дәлелі – осы. Шамамен XIX ғасырдың орта тұсынан бастап ғылыми әлемге белгілі болған Ақыртас сарай кешенін әр кезеңде Знаменский, Лерх, Бартольд, Бернштам, Каллаур секілді ғалымдар мен өлкетанушылар зерттеп, жария еткен. Алайда құпиясын ішіне бүккен осынау ұлы мұраның қандай мақсатқа арналғандығы және оны кімдердің, қай кезеңде іргетасын қалағандығы туралы күні бүгінге дейін белгілі бір тұжырым жоқ. Беріктігі тастан да қатты, жерасты су көзінен 180-200 метр биіктікте жатқан тау жынысын қақ жарып, аса ірі көлемдегі тас бөлшектерден қаланған Ақыртас тұғыртасының биіктігі, жер бедерімен салыстырғанда 3,5-5 метр биіктікті құрайды. Тұғыртастың үстіне қаланған тастың енінің өзі 2 метрден асады. Қабырғаға пайдаланылған қызыл тастар аса шеберлікпен қашалған. Қашанды тастардың бізге жеткен нұсқалары сол ерте дәуірлерде өмір сүрген шеберлердің үздік өнерін паш етіп, сәулеткерлік өнерден құралақан еместігін айқындап тұр. Ақыртастың құрылысына қаншама тас, құм жұмсалғандығының мұндай дәлме-дәл нақты есебі жоқ. Дегенмен археологиялық зерттеулер бойынша біршама ақиқат анықталып отыр. Ақыртастың құрылысын салу үшін тау етегінен тастар қазылып, бірнеше шақырым жерге тасылып, асқан шеберлікпен өңделген. Бір таңғаларлығы, архитектураның заңдылығын білмейтін шеберлер осының бәрін де бір-біріне аса дәлдікпен қиюластырған. Алып құрылысты сумен қамтамасыз ету үшін 2-3 шақырым қашықтықта орналасқан тау шатқалындағы бұлақтардан әрқайсысының ұзындығы жарты метр болатын қыш-құбырлар тізбегі тартылған. Осы құбырлар арқылы аққан су хауыздарға жеткізілген. Құрылысқа қажетті өңделген тастардың көлемі 200-180 шаршы метрді құрайды. Ол тастарды қасындағы биіктерге тасып шығарып, сол жерден керегінше алып отырған. Алып крандар жоқ кездің өзінде осыншама ауыр тастарды биікке көтеріп қалағандары, шынында да, таңғаларлықтай. Бұл ғажайып құрылысты ежелгі қазақ жұртындағы көреген көсемнің қолға алып жүргізгені анық.