Сүйінші! Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің отты жылдардағы өр тұлғасын паш ететін көркем фильм көрермен назарына тартылмақ. Кеше «Қасым» атты осы фильмді түсіруге атсалысқан топ сериалды көпшілікке таныстырып, баспасөз мәслихатын өткізді. Төрт бөлімнен тұратын туындыны «Қазақстан» РТРК, КТК, «Еуразия» бірінші арнасы мен ресейлік INTRA Communication және украиналық FILM UA бірлесіп түсірген.
Фильм атауы айтып тұрғандай, Екінші дүниежүзілік соғыста атақты барлаушы болған қазақтың батыр ұлы Қасым Қайсеновтің біртуар болмысы жайында. «Танымал ресейлік режиссер Леонид Белозорович пен сценарий авторы, белорус Андрей Курейчик кино желісіне заманауи кинематография арсеналы – психологиялық қайшылықтар, жойқын шайқас пен лирикалық көріністер арқылы ерекше реңк берді», – дейді ұйымдастырушылар.
Аталған фильмнің түсіру идеясының авторы, КТК телеарнасының бас директоры Арман Шораев: «Сіздердің алдарыңызда әртүрлі телеарнаның басшылары отыр. Иә, біз өз ішімізде бәсекелестерміз. Алайда елдігімізді, ұлттық батырларымызды көрсететін кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға дайынбыз. Ең бастысы, біз соғыс кезіндегі қазақ батырының ерлігін көрсете білдік. Негізі, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ұлттардың саны жағынан қазақтар төртінші орында тұр ғой. Біз Ұлы Жеңіске үлкен үлес қостық. Түркі халықтарының ішінде Әлия мен Мәншүк Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Оның өзі қазақ халқының өшпес рухын көрсетсе керек. Мен өзім ресейлік сериалдарды көрген кезде, өзбек, қырғыз, тіпті буряттарды жиі байқаймын. Ал қазақ туралы ештеңе айтылмайды. Сондықтан осы «Қасым» атты фильмді түсіру арқылы біз тарихи әділдікті орнатып отырмыз», – деп атап өтті.
Сергей КИСЕЛЕВ, «Еуразия» бірінші арнасының директоры:
– Біз о баста жоғары стандартты, сапалы дүние жасауды ойластырдық. Қазақстан, Ресей, Украина араласып түсірген сериал аталған елдермен қатар, Беларусь және Қытай көрермендерін де қамтитын болады.
Ілияс ЫСҚАҚОВ, «Қазақстан» ұлттық арнасының директоры:
– Ұлттық арнаның былтырдан бастап сериалдар түсіріп, көрерменге өзінің ғана өнімін ұсынып жатқанын жақсы білесіздер. Біздің алдағы уақытқа да үлкен-үлкен жоспарларымыз бар. «Қасым» – шығынын бір ғана телеарна көтере алатын сериал емес. Өте сапалы фильм шықсын деп шетелдік кинокомпаниялармен де байланыс орнатқанымыз сондықтан.
Олай дейтін жөні бар. Сериалдың бюджетін сұрағанымызда құпия ретінде сақтап, көпшілікке айтылмады. Бас-аяғы 60 күнде түсірілген Қайсеновтің ерліктерін паш ететін фильмде батыр Қасымның рөлін белгілі актер Қуандық Қыстықбаев сомдаған. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры актерінің басты рөлге бірден бекігенін жеткізді. Ресейлік режиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» картинасынан бері ұнатып жүргенін айтып, Қ.Қыстықбаевты кастингісіз таңдаған екен.
Фильмді таныстырушылардың арасында Қасым Қайсеновтың немересі Ақбота Мұратқызы да болды. Сериалды отбасымен бірге көріп үлгергенін жеткізген А.Қайсенова: «Атамыздың айтып отыратын соғыстағы достарының ерліктері, басынан кешкендері туралы жақсы білеміз. Фильмнен осының бәрін көрдік. Өте сапалы шыққан деп айтуға болады. Бүкіл әулетіміздің атынан барлықтарыңызға алғыс айтқым келеді», – деді.
Естеріңізге сала кетейік, «Қасым» 7-10 мамыр аралығында «Қазақстан» ұлттық арнасынан 19:30-да көрсетіледі. Ал 9 мамыр күні орыс тілінде «Еуразия» ұсынады. Сериалды КТК телеарнасы 22 маусым, яғни фашистік Германияның КСРО-ға шабуыл жасаған күніне орай қайталайтын болады.
«Қазақстан» «Қасымның» тұсауын кеседі
Последние статьи автора