Қазақстан атласы жарық көрді
Соңғы жылдары еліміздегі полиграфия саласында біршама ілгерілеулер байқалып жүр. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын баспалармен қатар жекеменшік баспалар да өзара бәсекелестік жағдайда жұмыс істеуде. Бұл ретте, әсіресе, көпшілікке «Абди» деген атпен белгілі компанияның кітап өнімдері қазіргі тұтынушылардың сұранысына сай қызмет көрсетіп келе жатқанын атап кету қажет. Компания басшылығы кеше тағы бір танымдық-энциклопедиялық кітаптың жарыққа шығуына байланысты арнайы баспасөз мәжілісін ұйымдастырып, жаңа жинақтың таныстырылымын өткізді.
«Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» деп аталатын бұл кітап Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде басылып отыр.
Әбдібек БИМЕНДИЕВ, «АБДИ Компани» АҚ президенті:
– Бұл – ғалымдар, редакторлар мен құрастырушылардан құралған үлкен ұжымның екі жылдық еңбегінің нәтижесі. Атласты құрастыру жұмысына түрлі саладағы 250 маман қатысты, соның ішінде ресейлік және қазақстандық ғалымдар, тарихшылар, археологтер және тағы басқалары. Ғылыми басылым оқушылар мен студенттерге, жалпы, қалың оқырман қауымға арналған.
Қанат ӨСКЕНБАЙ, атластың бас ғылыми редакторы:
– Бұл атлас еліміздің ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы мен мәдениеті туралы тұңғыш ғылыми еңбек болып табылады. Бұл жинақтан әр адам Қазақстан аумағында ғасырлар бойы тарихи процестің қалай дамығанын көре алады. Бұл даму жолы мәтіндермен, түрлі фотосуреттермен, суреттермен және тарихи реконструкциялармен ғана емес, ең бастысы, кең көлемді картографиялық материалмен көрсетілген. Сонымен қатар шамамен 140 ежелгі карта көпшілік назарына тұңғыш рет ұсынылып отыр.
Туған елімізбен жақын әрі кеңірек танысуға мүмкіндік беретін бұл үлкен атлас «Табиғат», «Археология және тарих», «Этнография», «Қазіргі заманғы Қазақстан», «Қазақстанның қалалары мен облыстары: тарих пен мәдениет» ескерткіштері деп аталатын бірнеше бөлімнен тұрады. Кітапқа сирек кездесетін әрі бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған төрт мыңнан астам фотосуреттер енгізілген.
Еліміздің кітап нарығында 1994 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан компания – қазіргі уақытта әлемнің 35 елінің 180 фабрика-өндірушілерімен серіктес. Олардың алдыңғы қатарында АҚШ, Германия, Франция, Италия, Англия, Швейцария, Дания, Финляндия, Чехия, Венгрия, Польша, Ресей, Украина, Жапония, БАЭ, Корея, Тайвань, Малайзия елдері бар. Жылдан-жылға тауарлар түрін көбейтіп, сервистік қызметтерін кеңейтіп келе жатқан компанияның бүгінде Қазақстан бойынша 30 фирмалық дүкені бар. «Абди» компаниясының басшылығы бұл бағыттағы жобаларды алдағы уақытта да жалғастырып отыратындықтарына уәде етті.