Қазақ журналистикасын мылтық аузындағы майданға теңеймін
Айтбай СӘУЛЕБЕКТЕГІ, журналист:
– Сіздің үш кітабыңыз да «Махаббатым менің», «Жүректегі махаббат», «Махаббатым – өз жүрегім» деп аталады. Сізді «Махаббат жыршысы» десек те болғандай.
– Онда тұрған не бар? Ұлы Абай атамыз «Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар!», «махаббат – адамның адамшылығы» демеп пе еді?!
Мен ешқашан да өзімді ақынмын деп айтқан емеспін. Өйткені әрбір қаламгердің бағасын халқы ғана береді. Сондықтан шама-шарқым жеткенше адамгершілік, махаббат тақырыбына қалам тартатыным рас.
Жас кезімізде байқай бермейміз бе, әйтеуір, ұнатқан қызға деген құштарлықты бәрінен артық көреді екенбіз. Ал, шындығында, ананың баласына деген махаббатынан артық ештеңе жоқ деген тұжырымға тоқтадым. Әр баланың да анасына деген махаббаты ерекше болуы қажеттігін кеш түсіндім. Өзімді жанынан артық көріп, беріліп сүйген анашыма тірі кезінде дәл сондай сүйіспеншілікпен жауап бере алмағаныма өкінемін. Сондықтан қайсыбір жасқа болсын алдымен анаңды сүйе біл, анасын сүйген адам басқаны да сүйе алады дер едім.
– Журналистикаға қалай тап болдыңыз?
– Қалам дегеннің құдіреті тегеурінді екен. 5-сыныптан бастап өлең шығаруға талпынсам да, өзімнің сүйікті ісім – футболшы болуды армандадым. Содан бастап КСРО-да аптасына алты рет шығатын жалғыз газет – «Советский спортты» жаздырып алдым. Әлемдегі азуын айға білеген хоккейшілердің аты-жөнін, бойының ұзындығын, салмағын, қанша шайба соққандығын жатқа білдім. Жанымдағы спортқұмар достарыммен бірге атақты футбол клубтарын, олардың шебер ойыншыларын сұрақ-жауап түрінде қайталағанды әдетке айналдырдық.
Антон Чехов тәрізді дәрігер болып жүріп, жазушылықпен шұғылдануды да ойластырдым. Амал не, журналистика бәрін де жеңіп шықты.
– Содан ҚазМУ-дың журфагына түсуге талаптандыңыз...
– Алғашқы жылы Доссордан келіп, менімен өмірлік дос болған Мақсат Тәжмұрат екеуміз бір балымыз жетпей, ауылымызға қайттық. Ол – мұнайшы, мен құрылысшы болдым. Келер жылы тағы да бақ сынадық. Тағы да бір балға таластық. Мені Тартоғай орта мектебінің Мақтау грамотасы студент атанатын 50-дің 49-ыншысы етіп тіркетті де, Мақсат досым басы салбырап батысқа қайтты. Содан үшінші жылы талабына жетті. Ол кезде, өзіңіз білесіз, журналистика факультеті Қазақстанда жалғыз болатын. Бір орынға 10-11 талапкер сынға түсетін. Қиынның қиыны осы еді.
Тұзым жеңіл болды ма, көзге түсіп қала беретінмін. Комсомол жиналысына бармасаң да, репетицияға қатыспасаң да, ауылдан кешігіп келсең де, жатақханаға түнделетіп жетсең де, несін айтасыз, әйтеуір, Темкең «тепкілеуді» ұнатады білемін, «қара тізімге» іліктіріп жіберетін. Екі-үш рет жиналысына бармағаным үшін комсомолдан сыртымнан шығарып жіберді. Енді оқудан шығуым ғана қалды. Кім алып қалды дейсіз бе?
Несін жасырайын, қазақтың белгілі ақыны Жарасқан Әбдірашев ағам Қожакеевке кіріп, келістіріп шықты. Бұл 5-курс еді.
Бірақ Темкеңе өмірде ренжіген емеспін. Ол кісі дұрыс істеді. Ілгері жылы ҚазМУ-да өткен кездесуде біздің топтың старостасы болған Мұхтар Құл-Мұхаммед «Темкеңнің тепкісі көп студентке пайдасын тигізді, әйтпесе, Айтбай сияқты жас ақын жақсы өлең шығардым деп, бір-екі апта оқуға келмей қояр еді» деген болатын. Бұл – шындық. Мұхтар досымның да шекесі шылқылдаған жоқ. Неге екендігін қайдам, 4-курста жүргенде Темкең «бес» деген бағадан көз ашпаған ең алғыр, ең озат студент Мұхтарға «үш» қойып, өзін жатақханадан қуды. Оқудан шығаруға да талпыныс жасады, білемін. Біз болсақ Қожакеевтің келекесіне бой үйретіп алғанбыз, Мұхтарды жұбатып қоямыз. Азамат қой, Мұхтар Темкеңнің 70 жылдығында кітабын шығарып берді. Зор құрмет көрсетті. Бүгінде Темкеңнің «тепкісін көрген» журналистердің тізімін жасасаңыз, профессордың назары тек мықтыларға түскенін байқар едіңіз.
– Өзіңізді журналист ретінде оқырман қауымға кеңінен таныстырған қай басылым болды?
– 1970 жылдары ҚазМУ-да радиожурналистикадан дәріс оқып, «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деген құнды кітап шығарған, талантты журналист, ғалым Рамазан Сағымбеков ағамызға екі дүниеде де ырзамын. Студент болып жүрген шағымда үш жыл бойы «Орталық Қазақстан» газетінен өндірістік тәжірибеден өттім. Сонда мені екі айға штатқа тілші етіп жұмысқа қабылдап, жалақы берді. Мені студент емес, журналист ретінде қалыптастырды. Қызметке шақырды. Арнайы жолдамамен келуін келдім ғой, бірақ екі апта бұрын обком бюросында қызметінен босатыпты. Сөйтіп, газетші болып мамандандырылған сорлы басым амалсыздан облыстық телерадио комитетіне жұмысқа тұрдым.
Біздің кураторымыз, ғылым докторы, профессор, журналистикаға орасан еңбек сіңірген Намазалы Омашев ағам да – менің өмірімдегі айрықша ұстаздың бірі. Алайда мен үшін «Лениншіл жастың» жөні бөлек. Кейіннен «Жас Алаш» болды. Мен бұл редакцияда 14 жыл еңбек еттім. Қазақ журналистикасының «алтын ордасы» болды. Келер жылы осынау қасиетті рухани ұстахананың ашылғанына 90 жыл толады екен. Жалпы, журналист жан-жақты болуы үшін тек бір редакцияда ғана емес, журналистиканың әр саласында жұмыс істей білуі шарт дер едім. Үш жылдан астам тәуелсіз газетті, бір жыл әдеби-танымдық журналды шығардым. Сондағы айырмашылығы мынада: егер де құрылтайшың еркіндік берсе, жекеменшік басылымда өзің қожайынсың. Ұлттық мәселелерді қанын сорғалатып тұрып жариялайсың. Әділдік іздеп шырылдап жүрген, жылап жүрген жандарға дем бересің. Көкірегіне тұнған запыранын, зарын халыққа, әрісі басшыларға жеткізуіне дәнекер боласың.
Егер де әлдебір ізденуші жас журналист «Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз газеттер нендей мәселелерді қозғады екен?» деген тақырыпта зерттеу жүргізетін болса, мазмұнды да құнды, әрі қызықты материал тапқан болар еді... Көптен бері сол кездегі ұлттық проблемаларды, қандастарымыздың жанайқайын паш еткен, өткір сындарлы мақалалардың басын қосып, екі томдық жинақ шығарсам деп армандағаныммен, қаржысы құрғыр қолбайлау болып, дәрменсіз күй кешудемін.
– Қазіргі қазақ журналистикасының беталысына нендей баға бере аласыз?
– Қазақтың аяулы перзенті Төлеген Айбергенов ақынды қоғамның барлық жарасының аузында тұрған, қоғам үшін жауап беретін, халық үшін жаралған, қажет болса ештеңеден тайынбайтын, қайтпас та қайсар жанға теңеген екен. Өкінішке орай, «нарық» атты екі жүзді қылыш жарқ-жұрқ етіп ойнақтап шыққалы бері көптеген ақындар таудай тауқыметті ауырсынды ма, әйтеуір, шындықты айтқан үнін халқы естуден қалды. Оның есесіне ақиқат алаңына жалынды журналистер жарқылдап шықты. Сондықтан қазақ журналистикасын мылтық аузындағы майданға теңеймін. Ал журналист – қауіп-қатерден қаймықпай, шындық үшін шырылдап жүрген батыл жан. Көптеген әкімдердің, министрлердің Тәуелсіздік үшін орасан еңбек сіңірген журналист әріптестерімді бағалай білмейтіндігі қынжылтады мені.