Қазақ зиялылары қандай кітап оқығысы келеді?
Соңғы уақыттарда мәдени өмірімізде әдеби аудармаға қатысты бірқатар жағымды жаңалықтар болды. Соның бірі – классик жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары Исламбек Салжанов басқаратын халықаралық «Алтын қыран» қайырымдылық қорының демеушілігімен, Нью-Йорктің «Либерти» баспасынан жарық көрді. Бұдан бірер уақыт бұрын қазақ әдебиетінің антологиясы The Stories of the Great Steppe. The Anthology of Modern Kazakh Literature деген атпен АҚШ-та жарыққа шыққан. Бұл игілікті іске Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов тікелей қолдау білдірген.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің аталған қос шығармасы – өзіндік бағасын әлдеқашан алған айтулы шығармалар. Ал ағылшын тілінде жарық көрген антологияға Ғ.Мүсірепов бастаған М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Т. Әбдіков, Р.Сейсенбаев сынды жазушылардың әңгімелері мен М.Мақатаев, О.Сүлейменов, Ф.Оңғарсынова, Иран-Ғайып, Ж.Әбдірашев сынды бірқатар ақындардың өлеңдері енген. Бұл антология – Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Колумбия университеті қызметкерлерінің бірлесе атқарған еңбектерінің жемісі. АҚШ-та жарық көрген антологияның құрастырушысы – Рафиз Абазов. Туындыларды ағылшын тіліне Сергей Левшин мен Илья Бернштейн аударған.
Бұл кітаптардың әрқайсысы – қазақ әдебиетінің мерейін үстем ететін құнды дүниелер. Егер осы игілікті іс жалғасын тауып, аударылған шығармалар кең таралыммен жарық көрсе, қазыналы қазақ әдебиетін әлемге танытуда айтарлықтай жемісті болатын еді. Аударма жанрының әдебиеттегі алатын орны ерекше. Ұлттық мақтаныштарымызды әлемге танытуда да, әлемнің жауһарларымен әдебиетімізді толықтыруда да аударманың жүгі ауыр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан–2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жастарға қызықты болатын 100 заманауи кітапты ана тілімізге аудару идеясын көтерген болатын. Бұл идея жастар арасында қызу талқылануда. Елбасының бастамасы аяқсыз қалмайтыны анық. Уақыты келгенде таңдалған 100 кітап жарық көреді. Мемлекет тарапынан жасалатын осы мүмкіндікті біз лайықты пайдалануға тиіспіз. Былай қарағанда, 100 деген цифр көп сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ әлемдік жауһарлардың мыңдап саналатынын ойласақ, бұл соншалықты көп емес. Және бұл бір ғана әдебиетке қатысты емес. Бұл жүздікке құқық, саясат, экономика, психология, философия дейсіз бе, кез келген саладағы құнды кітаптар кіреді. Сондықтан жақсы дүниелерді емес, аса керемет дүниелерді таңдауға тура келеді. Біз осы орайда әріптестерімізге 100 кітаптың ішінен қандай шығармаларды көргіңіз келеді деп сауал қойған едік.
Айдос Жұқанұлы, журналист:
– Саяси ғылымда Хантимсонның «Өркениеттің адасуы», Николо Макия Велидің (Италия) «Государь», Мартин Лютер Кингтің, Макс Вебердің, Жан Жак Руссоның әйгілі шығармаларын, Ремарктың «Триумфальная арка», «Судьба человека» романдарын атар едім. Негізі, Гандиді аудару керек қой. Сол сияқты Нелсон Манделаның өмірбаяндары туралы кітаптарды міндетті түрде тәржімалау керек. Жапондарда да көптеген дүниелер бар. Ал орыстарды Абайдан бастап аударып келеміз ғой».
Мақпал Жұмабай, ақын:
– Жеке өзімді қызықтыратын – мына феномен: дүниежүзі жабылып оқыған, миллиондаған таралыммен тараған кітаптардың сыры неде? Соның бірі – орыс тіліне тәржімаланған «Голодные игры» фантастикалық трилогиясы. Авторы – Сьюзен Коллинз. Адамзаттың болашағы қандай болуы мүмкін? Жазушы өз жорамалын ұсынады. Жаның түршігеді әрі ойға батасың. Әрине, бұл – әдеби классика емес. Бірақ мұндай шығармаларды аудару арқылы, меніңше, заманауи жасөспірімдердің кітапқа деген құлшынысын оятуға болады».
Қазыбек Құттымұратұлы, ақын, журналист:
– Меніңше, 100 кітапқа әдеби шығармаларды емес, әлеуметтік маңызы бар ғылыми-танымдық кітаптарды көбірек қосу керек. Мемлекеттің қолдауымен аударылып қалсын. Соңғы шыққандарын, әсіресе Карен Армстронгтың «Мухаммад» (с.ғ.с.), «Ислам», «История бога» кітаптары, «История бога. Тысячелетние искания в иудаизме, христианстве и исламе» кітаптарын атар едім. Өте өзекті тақырып қой.
Жарас Кемелжан, журналист:
– Бізде әлемдік әдебиет жауһарларынан бірқатар аудармалар бар. Қытай әдебиеті де – іргелі әдебиет. Мен осы тұрғыда Лу Шүн, Ли Бәй, Дұң Фу, Мо Янь, Әкбар Мәжит (қытай тілінде жазатын қазақ жазушысы), Сыма Цянь, Сұн Зы, Ба Цзинь сынды қытай қаламгерлерінің шығармаларының аударылғанын қалар едім».
Ысқақ Егембердиев, журналист:
– Ф. Достоевский, А.Камю, Ф.Кафка, Эрнест Хэмингуэйдің айтулы шығармаларын аудару керек. Және Әзірбайжан жазушысы Анардың таңдамалысын қосуға болады.
Аударма жанры кеңес өкіметінің тұсында жақсы қолға алынған. Сол кезде әлем әдебиетінің айтулы шығармалары ана тілімізге біршама аударылды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында да біршама дүниелер тәржімаланды. Енді, міне, тікелей Елбасының қолдауымен қолға алынғалы отыр. Әлемдік деңгейдегі құнды дүниелермен қазақ жастары да таныс болуы керек. Бұл бүгінгі ұрпақты кемелдендіру, білімін жетілдіру жолында сауапты іс болмақ. Жақсы бастаманы ойдағыдай аяқтау – үлкен сын. Осы жолда атқарылмақ шаруа берекелі болғай. Өйткені бұл – біздің әлеммен рухани байланысқа түсетін үлкен мүмкіндігіміз.