Қазақ жерінің ғұламалары ислам өркениетіне не берді?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Осыдан біраз уақыт бұрын еліміздің экономикасын, әлеуетін көтереміз деп ғылым мен руханият назардан тыс қалып жатты. Бүгінде осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мемлекет тарапынан ғылымға деген қамқорлық күшеюде. Соның бір дәлелі, күні кеше білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов биылғы жылы еліміздегі ғылымды дамытуға 49 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтқан еді. Осы орайда Қазақстанның ірі қалалары мен барлық аймақтарында қазақ ғылымы мен тарихына, руханиятына қатысты түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Таяуда Алматы қаласында «Ғылым ордасы» РМК және  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы бірлесіп, «Қазақ жерінің ортағасырлық ғұламалары және олардың ислам өркениетіндегі орны» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Тарихымыздағы келелі тақырыпқа ар­нал­ған жиынды «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Роза Кәрібжанова ашты. Одан кейінгі кіріспе сөздің кезегі тиген ҚР Ұлт­тық ғылым академиясының пре­зи­денті, академик Мұрат Жұрынов кон­фе­рен­цияның қазақ руханияты үшін ма­ңыз­ды­лығын ерекше атап өтті. Академик М.Жұрынов қазіргі заман руханиятының, оның ішінде ғылым, мәдениет, өнер, фи­ло­софияның қалыптасуына зор үлес қос­қан ортағасырлық ғалымдардың, тарихи тұл­ғалардың еңбегі ұшан-теңіз екенін, олар­дың шығармашылық мұрасы терең зерт­теуді қажет ететінін  тілге тиек етті.  Атал­мыш жиында бас қосқан ғалымдар, дін­танушылар, тарихшылар орта­ға­сыр­лық ғалымдар туралы, қазақ тарихының эт­никалық мәселелері жайлы, ислам өр­кениеті мен түркілер хақында өте қы­зық­ты баяндамалар жасады. 
Кезінде кеңестік биліктің дәурені жү­ріп тұрған шақта дін мүлде ысырылып, ате­истік жүйе халықты өз айдауына көн­ді­руге тырысып бақты. Осыған бай­ла­нысты қоғамның, халықтың, ұлттың даму та­рихында діннің орны бұрмалауға ұшы­рап, рөлі төмендетілді. Большевиктер пар­тиясы халыққа ықпал ете алатын өз­де­ріне балама күштерді мойындаған жоқ. Сондықтан қоғамда дін туралы жаң­сақ пікірлер қалыптасты. Шын мәнінде, кез келген ұлттың этнос ретінде қа­лып­та­суында діннің рөлі өте жоғары. Осыдан 1000 жылдан астам уақыт бұрын ата-ба­ба­мыз қабылдаған ислам діні ұлты­мыз­дың мәдениеті мен ғылымынан, әдебиеті мен тұрмыс-тіршілігінен көрініс тапқан. Қа­зақ даласында туған талай ғұлама ға­лым­дар әлемдік ислам өркениетіне өте үл­кен үлес қосты.
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі:
– Халық несімен күшті? Өзінің ру­хы­мен, ұлттық санасымен, мемлекет­ті­лігімен күшті. Қазақ – Орта Азия ха­лық­тарының ішінде өзіндік орны бар ха­лық. Мен қанша жылдан бері ислам өр­кениетіне қазақ топырағынан шық­қан ғұламалардың қосқан үлесін зерт­теп жүрмін. Осы зерттеулерімнің нә­ти­жесінде мен қазақ халқының ис­лам өркениетін байытқанын еш кү­мән­сіз айта аламын. Тіпті шетелдерде бо­латын конференцияларда да осы ойым­ды ашық айтып жүрмін. Басқа ел­дің ғалымдары «барлық ортаға­сыр­лық ғұламаларды қазақ халқы мен­шік­теп алды ғой» деп те жатады. Бірақ бұл – даусыз мәселе. Өйткені ғұла­ма­лардың көбі қазақ жерінің тумалары еке­ні анық. Бір ғана әл-Фарабидің өзін алатын болсақ, ол – толық бір зерт­теу институтының еңбегін ат­қар­ған ғалым. Мен осыдан біраз уақыт бұ­рын қазақ жерінде 11 әл-Фарабидің бол­ғанын жазғанмын. Бүгінде әл-Фа­ра­билердің саны 30-ға жетті. Мүмкін 50 әл-Фараби болған шығар? Осын­дай ғұламаларымызды ғылыми түрде зерт­теп, дәлелдеуіміз керек.  Кеңес дә­уірінде жазылған 5 томдық та­ри­хы­мызға біздің көптеген ғалымымыз ен­бей қалған. Алдағы уақытта та­ри­хы­мыз қайта түгенделіп, бұған дейін бей­мәлім болып келген ғұлама­ла­ры­мыз оқулықтарға енгізілуі тиіс.

Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Біздің қазіргі жазылып жатқан та­­ри­хымызға қолдаудың болмай жат­қан себебі – оған балама тарихтың кө­­­бейіп кетуі. Бүгінде тарих­шы­ла­ры­мыз­дың алдындағы ең ауыр жүк – қа­зақ деген халықтың қайдан шық­қан­ды­ғын зерттеп жазу. Ең алдымен, ар­­­ғы түріктердің кім екенін анықтап алуы­мыз керек. Осы уақытқа дейін біз көп­теген бұрмаланған тарихты пай­да­ланып келдік. «Түрік» этнонимі, «түр­­геш», «қарахан» атаула­ры  қай­­дан шықты? Осындай мәселе­лердің басын ашу үшін қытай жазба­ла­рын, басқа да деректерді ақ­­та­­руы­мыз керек. Біздің тарихымызда әлі күн­ге дейін «алаш» атауының қай­дан, қалай шыққаны туралы жөнді де­рек жоқ. Тәуелсіздік алғаннан ке­йінгі шық­қан 5 томдыққа неге «алаш» ата­уы енгі­зілмеген? Мұнда бұл атауға бір ғана абзац арналған. «Қазақ» сөзінен бұ­рын пайда болып, кейіннен  сино­ни­міне айналған «алаш» атауы қай­дан шық­ты? Өзімізді Алаш бала­сы­мыз деп атай­мыз, бірақ бұл атаудың шығу тегін біл­мейміз. Сондай-ақ қа­зақтың ірі-ірі тай­паларының атауын зерттеп алмай, біз тарихымыздың тереңіне бойлай ал­маймыз.      
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Ислам діні ортағасырлық кезең­дер­де халықтардың жаңа сапаға көте­рі­луіне белгілі бір дәрежеде әсер етті. Дін – халықты тұтастырушы, бірікті­ру­ші ұйытқы элемент. Ислам дінінің қа­зақ даласында мемлекеттіліктің қа­лып­тасуына ықпалы болғандығы дау­сыз. Алайда бұл мәселені біз әлі де ғылыми тұрғыдан дәлелдеуіміз ке­рек. Рухани мәселелерге арналған осын­дай жиындар көп болу керек. Сон­дай-ақ мұндай конферен­ция­лар­дың мазмұнды, тағылымды болғаны жөн. Мықты ғалымдардың зерттеу­ле­рі, құнды пікірлері сөз жүзінде қал­май, іске асырылып, оқу орын­да­рын­да­ғы білім беру үрдісінде пай­­­­­дала­нылғаны дұрыс.

Қазақ халқының бастан өткерген тағ­ды­ры тарих парағына әлі толық жазыла қой­мағаны көпшілікке мәлім. Ал біздің ру­хани тарихымыз өзгелердікінен көне бол­маса, жас емес. Ғылым әділдікті жақ­сы көреді. Ғылым халыққа сенім береді. Сон­дықтан осы жиында көтерілген мә­селелер шешімін тауып, тарихымыз тү­ген­деле түссе дейміз. Жиында ға­лым­дардың тек ортағасырлық ғұламалардың ғана емес, кешегі Алаш қозғалысының қай­раткерлері туралы құжаттық мате­риал­дардың толық ашыла қоймағанына алаң­даулы екенін аңғардық. Ендеше, тарихтың ашылмаған парақтары алдағы уақыттың еншісінде...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста