Тіл мамандары «қазақ тілі мен хинди тілінің тағдыры бір-біріне ұқсас» деп санайды. Бұл ретте олар қазақ тілінің 70 жыл бойы орыс тілінің тасасында қалып қойғандығын алға тартатыны белгілі. Дәл солай хинди тілі де үнді халқының ұлттық тілі бола тұра, ежелгі өркениетімен аты әйгілі бұл елде әлі күнге дейін ағылшын тілі үстемдік құруда. Алайда ағылшын тілі бизнестің тілі болғандықтан, олар бұл тілден бас тартпақ емес, керісінше, кеңінен қолдануға мүдделі. Алайда өздерінің ұлттық тілі – хинди тілінің ерте ме, кеш пе, ел өмірінен лайықты орнын алатын күні алыс емес деп санайтынға ұқсайды.
Күні кеше Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшілігінің қатысуымен және Махатма Ганди атындағы дарынды балаларға арналған №92 мамандандырылған мектеп-лицейі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің ирантану және үндітану кафедрасының бірлесуімен хинди тілінің құрметіне арналып мерекелік шара өткізілген-ді. Шараға сондай-ақ үнді халқының тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытып жүргендер де қатысты.
Сөз жоқ, шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бізді тәнті еткені, №92 мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары Қазақстандағы үнді елшісінің қызметін атқарушы Рам Сингхпен ағылшын тілінде еркін әңгімелесе білді. Бұл жерде біз ағылшын тілін әспеттегелі отырған жоқпыз, қазақ балаларының тағы бір тілді терең меңгере білгендігін айтқалы отырмыз. Балалардың қағылездігі, ширақтығы сүйсінтті. КСРО кезінде қоғамға иіні жұмсақ адам тәрбиелеу керек болғандықтан, оқушылардың ұяң болып өскендігі жасырын емес. Қазір біртіндеп болса да бағытымызды өзгерте бастадық. Оған сөз болып отырған шарадан көрген-білгеніміз куә. Қаны қазақ баласының табиғатында өр мінезділік пен қайсарлық та болса керек-ті.
Қазақстандағы үнді елшісінің қызметін атқарушы Рам Сингх мырза:
– №92 мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары ағылшын тілінде таза сөйлейді екен. Олардың сауалдары да маңызды тақырыптар төңірегінде өрбіді. Бұл олардың білімді екендіктерін білдіртсе керек. Бір байқағаным, қазақ балалары ойларын еркін айта білетін батыл мінезді болып келе ме деп қалдым. Зерделі, ізетті екендіктері де айқын аңғарылып тұр.
Шара мерекелік концертке ұласты. Концерт жоғарыда сөз болған, яғни №92 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Ерұлан Жиенбаевтың сөзімен ашылды. Сахна төріне шыққан өнерпаздар қазақ және үнді ән-билерін жан-тәнімен тамаша орындап шықты. Ән де, би де – тұнып тұрған поэзия, сұлулық. Қай елдің болсын ән-биі де, сән-салтанаты мен тұрмыс-тіршілігі де содан нұрлы бастау алып жатқандай. Ендеше, бұл концерттің де өз алдына ерекше дайындықпен аталып өтуі екі елді өнер арқылы бір қадам болса да жақындата түсті. Әйтеуір, Рам Сингх мырза мен елшілік өкілдері мектеп оқушылары мен студенттері үндіше ән салып, би билегенде ризашылықтарын жасыра алмады. Біздің ән-билерімізге кезек келгенде де бар ықыластарымен тамашалап отырды.
Гүлнара Бақтыгереева, шараға арнайы шақырылған қонақтардың бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы Үндістан мәдениеті орталығының қызметкері:
– Хинди тілінің құрметіне арнайы ұйымдастырылған бұл шара бар-жоғы бірер сағатқа ғана созылса да, зор әсер алдық. Балаларға рақмет, тамаша өнер көрсетіп, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Би – музыка немесе ырғаққа сай дене қимылымен көркем образ жасайтын өнер.
Қазақ тілі хинди тілімен үндесті
Последние статьи автора