Ұлтымыздың рухани көсемі – Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – деп жазды. Бүгінде бұл барша ақпарат құралдарына дәл берілген анықтамаға айналып отыр. Электронды ақпарат құралдарының ішінде телеарналар мен радиостансылардың орны бөлек. Қалың бұқараға жедел және жан-жақты хабар таратуда бұлар айрықша рөл атқарып келеді. Ал осы отандық телерадио қызметінің қаз тұрып, жаңа заманға бейімделіп, Тәуелсіздіктің нағыз жаршысына айналуы жолында өлшеусіз тер төккен тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Қуанышбай Орманов.
Қуанышбай Төребекұлы 1942 жылы Қостанай облысы, Жітіқара ауданының Мүктікөл ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы орта мектепті бітірген соң, 1960 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға түсті. Осында жүріп әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келді. 1968 жылы оқуын тәмамдаған соң, Алматы облысының «Радио және телевизия» басқармасына қызметке орналасты. Оның еңбек жолы осылай басталды. Бос жүріс пен бойкүйездіктен ада, ізденімпаз әрі өз ісіне жауапты қарайтын жас жігіт жұмысқа құлшына кірісті. Оның шығармашылығы мен еңбексүйгіштігін аға буын өкілдері жоғары бағалады. Радиодағы қарапайым тілшіден бастап, қызметтің барлық баспалдақтарынан өтті. Ал 1987 жылы Қазақ радиосының бас директорлығына тағайындалды. Бұл кезде Қуанышбай Орманов теле-радио саласының тісқаққан, кәнігі маманына айналған еді. Арада екі жыл өткенде Қазақстан Үкіметі оның еңбегін жоғары бағалап, Қазақ КСР-і телевизия және радио жөніндегі Мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындады. Осы қызметте жүріп, ол еліміздегі ірі қалалар мен облыс орталықтарында телеарналар ашу жұмыстарын ұйымдастырды. Оларды қажетті техникамен, мамандармен қамтуда шеберлік пен іскерлік танытты.
– Әсіресе, Қостанай облыстық телеарнасын жасақтауда біраз кедергілер кесе-көлденең шықты, – деп еске алады Қуанышбай Төребекұлы. – Біріншіден, біздің ұсынысымызды облыстың сол кездегі бірінші хатшысы қолдай қоймады. Құрал-сайманды сатып алуға қаржы тапшы деп жақауратты. Сөйтіп жүргенде, Қарағанды телевизиясына жаңа құрылғылар келетін болып, олар пайдаланғандарына небәрі бес жыл болған, бес камералық телекешенді есептен шығару туралы өтініш жазды. Ал біздің орталық қазақ телевизиясында ол кезде бес жыл түгіл, 20-30 жыл пайдаланған кешендермен жұмыс істеп жүрдік. Мен дереу коллегия мүшелеріне Қарағандының кешенін есептен шығармай, Қостанайға беру туралы ұсыныс айттым. Ұсынысым қолдау тапты. Негізгі қажет қондырғы қолдарына тегін түскен соң, облыс басшылары да қимылдай бастады. Кейін 2,5 млн рубльге өзге де қажетті саймандарын сатып алды. Сөйтіп, 1991 жылдың басында Қостанай облыстық арнасы эфирге алғаш хабарын таратты.
Осылайша, ашылуына тікелей өзі мұрындық болған Қостанай облыстық телеарнасын 90-жылдардағы қиын-қыстау кезеңнен Қуанышбай Ормановтың өзі алып шығуына туралы келді. Бұл – 1995-96 жылдар болатын. Ол кезде Қуанышбай Төребекұлы қайтадан Қазақ радиосының бас директоры қызметін атқарып жүрген. Бір күні оған Қостанай облысының сол уақыттағы әкімі Тоқтарбай Қадамбаев қоңырау шалады:
– Қуанышбай Төребекұлы, кезінде өзіңіз ашқан облыстық телеарнамыз құрдымға кететін болды. Жағдайы өте ауыр. Оны тығырықтан сіз ғана алып шыға аласыз. Елге оралсаңыз қайтеді?
Әрине, астанадағы абыройлы қызметін тастап, бірден кетіп қалу ақылға сиымсыз еді. Алайда телефон арқылы өтініш бір емес, бірнеше рет айтылды. Ақыры Қостанайға қайтуға бел буды. Бұл жерде оны әкімнің өтінішінен бұрын, өмірге келуіне өзі себепші болған арнаның мүшкіл халі көбірек алаңдатты. Телеарнаны тығырықтан шығаруды өзіне міндет санады. Сондықтан да сол кездегі мәдениет және ақпарат министріне Қостанай облысында тек екі жыл қызмет етіп келуге өтініш жасады.
Сөйтіп, 1996 жылдың наурыз айында Қуанышбай Орманов Қостанай облыстық теле-радио компаниясының төрағасы қызметіне кірісті.
– Жағдай мен ойлағаннан да ауыр болып шықты – дейді Қуанышбай Төребекұлы, – біріншіден, жеке ғимарат жоқ. Компания қызметкерлері бөлшектеліп, төрт жақта отыр. Қызметкерлердің жалақы алмағанына бірнеше ай болған. Соның кесірінен 40 шақты адам жұмыстан кетіпті. Оларға заң бойынша өтемақы төленбеген, күнде сот. Ақыр соңында өз қызметкерлерімізге айлық бере алмай отырып, сол жұмыстан кеткендердің жалақысын төледік. Ең сұмдығы, теле-радио компаниясының қарызы сол кездегі ақшамен 11 млн 700 мың теңгеге жеткен.
Бірінші міндет, оңтайлы ғимарат тауып, компания қызметкерлерін бір жерге топтастыру қажет болды. Облыс әкімі үш ғимарат ұсынды. Жан-жақты қарастыра келіп, соның ішінен қаланың орталығындағы бұрынғы химия зауытының мәдениет үйін таңдап алдық. Алайда бұрынғы иелері қоймаға айналдырып жіберген ғимарат күтімсіздіктен тозып тұр еді. Оны жөндеуге қаржы тағы жоқ. Бұл жерде Қуаныш Төребекұлының іскерлігі мен беделі кәдеге асты. Көптеген шаруашылықтар, кәсіпорындар демеушілік жасады. Бума-бума ақшамен емес, техникамен, құрылыс материалдарымен. Біреу кірпіш, біреу ағаш, біреу цемент берді. Енді бірінен студияларға қажетті дыбыс өткізбейтін материал да табылды. Сөйтіп, алты айда қоқырсыған қойма облыстық теле-радио компаниясының еңселі ғимаратына айналды.
– Бірақ адамның адал еңбегі әркез жоғары бағалана бермейді, – дейді Қуанышбай Төребекұлы сол бір сындарлы жылдар жайлы. – 2001 жылы төраға қызметінен кетуіме тура келді. Оның әртүрлі себептері болды. Қазір айтып жату қажет те емес. Сол жылы облыс әкімі Өмірзақ Шүкеевтің кеңесшісі қызметіне тағайындалдым. Мұнда мен тіл, дін және мәдени мұра – осы үш салаға жауапты болдым.
Қуанышбай Орманов – қаламгерлікпен қоса, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де шындап айналысқан адам. «Тарих – бұл менің айықпас дертім» деп әзілдейді өзі. Ол осы уақытқа дейін ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері мекен еткен Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті жайлы бірнеше еңбектер жазды. Соның ішіндегі көлемді де маңыздысы «Тұран өркениетінің ізімен» атты кітабы үшін Қостанай облысы меценаттар клубының сыйлығын иеленді. Кейін осы кітаптың жалғасы іспетті «Ат жалындағы өркениет» еңбегі жазылды. Сондай-ақ жергілікті бірнеше ғалымдармен бірігіп, ежелгі жер-су аттарын жаңғырту мақсатында жазылған «Қостанай-Торғай өңірінің тарихи топономикасы» атты еңбек те бүгінгі және келешек ұрпақ үшін өте құнды дүние екені даусыз.
Қуанышбай Төребекұлы 70-ке келгенімен, жер таянып, жастыққа жантайып қалғандардың қатарында емес. Бүгінде Қостанай Мемлекеттік педагогикалық институтында бөлім бастығы болып қызмет етеді. Ойы – сергек, бойы – тың. «Адам есейген сайын білгені, ойға түйгені көбейеді. Сол білгенімді, түйгенімді қағазға түсіріп, кейінгіге мұраға қалдыру – менің қазіргі көздеген басты мақсатым». Журналистика саласының майталманы, теле-радио қызметінің тарланы Қуанышбай Ормановтың бүгінгі ұстанымы осындай. Ендеше, әрдайым ойға алған ісіңіз орындалсын, мерейтойыңыз құтты болсын дейміз!