Шахан Мусиннің туғанына – 100 жыл
Биыл қазақ театры тарихының бастауында тұрған айтулы тұлғалардың бірі, көрнекті актер, өрелі өнердің белді өкілі Шахан Мусиннің туғанына 100 жыл толып отыр. Осы орайда ертең, 30 қазан күні, сағат 18.30-да Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры шаңырағында осынау өнер өкілінің 100 жылдығына арналған салтанатты кеш өтеді.
Жуырда «Арыс» баспасынан өмірдің тар жол, тайғақ кешуінде талай қиыншылықтарды басынан кешіп, ғұмырының 15 жылын қапас түрмеде өткізген талайлы тағдыр иесі туралы естеліктер кітабы жарық көрді. Ұлттық намысқа от тұтатқан өр рухты өлеңі үшін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тырнағына ілігіп, тар қапасқа қамалса да, өзінің өнерге деген шексіз сүйіспеншілік, қуат-жігерімен еңсесін бастырмаған Шахан Мусиннің өнері мен тағдыр-талайына үңілген жазбалардың бір парасы ретінде Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімовтің естелігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ахан Серіні сомдаған Шахан Сері
Шахан – ақынжанды, өткір ойлы, тілге шебер, әзілі жарасқан, ер көңілді, өсек-аяңмен ісі жоқ, сері адам. Оның әзілі – күлдіріп отырып, өзіңді еркін сезіндіріп, жанына құрдасындай баурап алатын жеңіл, ғажап әзіл. Ол екеуміз бір-екі рөлде бірге дублер болдық. Мұхтар Омарханұлының «Абайында» – Айдарды, Тахауи Ахтановтың «Боран» спектаклінде Қасболатты ойнадық. Актерлердің арасында бір рөлге түсіп қалған кезде бір-бірімен керісіп қалып, ұрысып жүретін, тіпті көріспей кететіндер болады, ал Шахаң мұндайда өте жайлы. Менің өзі театр табалдырығын аттағандағы алғашқы рөлім де сол – Айдар. Жас кезіміз ғой. Шахаңның ойнағанын көріп, Шахаңның «Ақан серісін» тамашалап өстік. 1958 жылы Мәскеуге декадаға бірге бардық. Шахаң мен Шәкен «Қарагөздегі» Сырымды дублер болып ойнады, біз сахнада көпшіліктің қатарында жүрдік.
Ол мені еркелетіп Әскентай дейтін. Біреулер өзінің үлкендігін аңғартып дистанция ұстайды ғой, Шахаңда ондай болмайтын. Қайтыс болардан бір жыл ма екен, әйтеуір, көп емес бұрын ол «Әскентайым, саған бір сурет сыйлайын!» деп әлгінің сыртына жазып алып келіпті. Өзінен-өзі, енді бір түрлі қоштасуы ма, әлде маған естелік қалсын дегені ме?
Атағың бар әлемге болған мәлім,
Ардақты асыл бауырым Асанәлім,
Бір сырлы, сегіз қырлы ардагерім
Өзіңсің Ақан серім, Біржан салым.
Ағаң Шаханнан, 14 сәуір 1992.
Бұған кезінде онша мән бермесек те, қазір үлкен естелік болып қалып отыр. Онымен түскен суреттеріміз бар: Мәскеуде, Қазанда, Уфада, республиканың облыстарында гастрольдық сапарда бірге жүрдік. Барған жерде ол құрметті, сөзін айта білетін, өлеңін оқи білетін. Шахаңдарды арқа тұтып, бетке ұстап, еркелеп жүріп біз біраз іс бітірдік. Біздің аренаға шығып танылуымызға осы қазақ өнері корифейлерінің үлкен үлесі бар. Енді өзіміз де ақсақал болдық. Өзі білмеймін, театр ұжымы солай ма, әлде, жалпы, қауымы солай ма, майдаланып, сиырқұйымшақтанып бара жатқан сияқты. Шахаң сынды ақсақалдар бар кезде театр ірі еді, әрі олардың өзі бір-бір мектеп болатұғын, біз соларға қарап өстік. Қазір ондай сирегендей, актерлердің бірін-бірі сыйлауы мен мойындауы, автордың идеясы мен спектакль мәтінін ашу азайып барады. Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Абай» спектакліндегі Айдар әлі күнге дейін менің есімде. Қай сөзді қалай айтуды, бұның неге айтылып тұрғанын, осының астарына мән беріп, түсінбеген тұстарын аға буын ақсақалдардан қайталап сұрап, ұғып алатынбыз. Сондайда ғазиз ағалар қазақ театрының шаңырағын көтерген дәуірдегі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Жұмат Шаниндермен тізе қосып, бірге қызмет атқарған тарихтан сыр шертетін, солардың айтқандарын келтіріп, қызықты жадыңа жатталып қалатындай әдемі әрі әсерлі етіп баяндайтын. Қазіргі жастарымыздың көпшілігі, сұрай қалсаң, Жұмат Шанин деген кім екенін біле бермейді. Атақты театр өнерінің классиктері Станиславский, Данченко-Немировичтердің дәрісін тыңдап, шәкірті болған профессионал режиссер Асқар Тоқпановтың сайқымазақ кейбір мінездеріне дейін сағына бастадық. Шыны керек, тіптен ұрысатын да адам қалған жоқ. Өзің біреуге бас салып ұрысайын десең, қисынсыз болып тұрады.
Шахаңның бір шумақ өлеңге бола өрімдей жас кезінен Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндердің ізін баса, солардың қатарында Колымаға концлагерьге айдалуы бұл қазақтың бас көтергендерін қырқып тастап отыруды көздеген бұрынғы отаршылдық жүйенің қатал режимі ғой. Сондықтан да халқымыз тым майдаланып кетті ме деймін. Мықтылардан ұрпақ қалдырмай сылып отырса, әрине, майдаланады. Даладағы егістікті дер кезінде суармай, қырқып тастап, топырағын күтіп-баптап мәпелемесе, астық та тырбық болып өседі ғой. Одан алынған дән де сапасыз, калориясы да төмен. Сол сияқты халық та сондай. Табиғатта бәрі бір-бірімен өзара байланысты. Шахаңның сұрапыл заманның қаһарына қайыспай, майыспай, туған елі мен жеріне аман оралуы, ақындық жағынан өнердің арнайы мектебін бітірмесе де, нақ сол қасиетті өнерге қосылып, биік шыңға шығуы – мән беріп ғылыми талдау жасауды, терең зерттеуді қажет ететін бірегей тақырып. Әйтпесе ол сапардан тірі қайтқандар шамалы, талайлар өліп кетті.
Шахаңның өзі айтып отыратын:
– Мені сақтап қалған – жастық елгезектігім. 16-17 жастамын. Әп-әдемі жас баламын. Ондағылардың көпшілігі – шеттерінен ақылды, білікті, оқыған адамдар. Сарыауыз балапан менің жазығымның жоқтығын, бейкүнәлігімді ескеріп, аяушылықпен қарап қамқор болды. Ондағылар мені «Балақай!» деп лақап атпен атайтын. Әсіресе бір грузин мені ауыр жұмысқа жіберттірмей, үнемі жеңіл жағына жұмсататын, – деп. Міне, сол саясаттың құрбаны болған ақылман жандардың көрегендігі ақталып, Шахаң халқына бойындағы берерін беріп, еңбегін сіңіріп кетті. Ол кісіні ақтық жолға шығарып салып тұрып: «Ең соңғы могикандардың бірі, мінеки, бүгін «Шахаң кетті» деген едім.
– Шәкендермен «Мы здесь живем» тағы басқа фильмдерде ойнағанымыз бар. Ал Шахаңмен «Серебряный рог Алатау» деп аталатын кинофильмге қыстың күні таудың ішінде түскеніміз есімде. Жетпістен асқан шағы ғой. Қырғын күлкіге батырған сәттер болған. Қалаға қайтарда Шахаң жүк таситын мәшиненің астауына отырған, келе жатып, бір уақытта қарасақ, ақсақалымыз жоқ. Айнала қалың омбы қар болатын.... Сөйтсек, ол әлгі омбы қарда отыр.
– «Ойбай-ау, Шаха, қалайсыз өзі?» – деп қорыққанымыз сонша – есіміз шығып, бәйекпіз.
– «Ой, өзім бір құлағым келді, бұрын мәшинеден құлап көрмеп едім, қалай болар екен, байқайын дегенім ғой!» деп орнынан тұрып жатып қалжыңдайды. Сол бір эпизодты көпке дейін айтып, күліп жүрдік.
– «Аске, Аскентай, картина болса, бізді ұмытпа! Біз әлі жараймыз, есіңнен шығарма» деп қоятын қайран аға үні бүгінгідей құлағымда тұр...
Рәбиға – Рекеңмен Шахаңның достығы өте әдемі еді. Ол кісі де мәдениетті, бұ да. Екеуі бір-біріне сай қосылды. Біз туысқандық жағынан Рекеңе жақындаумыз, бір елденбіз. Соны пайдаланып, оны жезде дейтін кездерім де болатын. Әрине, ыңғайы келгенде болмаса, Шахаңды аға тұтып өстік қой. Ертеректе сахнаға «Қобыландыны» да дайындаған тұста Шахаңның мұрындық болуымен Рекеңді театрға шақырып, спектакльдегі жастардың түсінбейтін архаизм сөздерге байланысты арнайы екі-үш мәрте лекция оқытып, мағынасын талдатып бергені бар. Сөйтіп, өте бір тартымды, мазмұнды кездесудің куәсі болғанбыз.
– «Шаха, қал қалай?» – десең, «Ни қалай» деп жазып беретін. Құлаққа жартылай орысша, жартылай қазақша естілгенімен, орысша ат болып шығады. Осындай өзінің айтатын қуақы сөздері көп еді.
«Шахаң 80-нен асып, бір адамның ғұмырын сүрді дегенге қимайсың. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалиндермен жақсы дос еді. Солармен опера театрының жанындағы Мұхтар Әуезовтің ескерткіші орналасқан гүлзарда кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, қалжың-әзілдері жарасып жүруші еді. Әдемілік не десе, осындай үндестік, жарастықты айтуға болады. Қасында жүргенде қадірін біле бермейді екенбіз... Енді сезініп отырмын... Бәрі кетті... Ана дүниедегі шығармашылық құрам анағұрлым күштірек қазіргі тірі жүргендерден, бізден. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дейді ғой. Алайда о дүниедегі шығармашылық құрам әлдеқайда күштірек...
Аз-маз болымсыз дүниесін дабырайтып, жер-көкке сыйғызбай марапаттап, теледидардан көрсетіп, газет-журналға суретін тықпалап, у-шу ғып жүретін жігіттер бар. Интеллектісі төмен, жарнамалап жүргені – түкке тұрмайтын дүние-көбік. Сосын көбіктің аты – көбік қой, онда нәр жоқ.
Шахаң сияқты қазақ мәдениетінің қайраткері, ірі тұлға, майталман өнерпаз туралы айтылар әңгіме таусылмайды. Өйткені ол жасампаздық өнерімен арамызда тірі жүре береді.
Өмірдерек
Шахан Мусин – 1913 жылдың 27 желтоқсанында Павлодар облысы Май ауданы Үлкен Ақжар ауылында туған. Актерлік жолын 1934 жылы Семей облыстық Қазақ драма театрынан бастап, осы театрдың іргетасын қалаушылардың бірі болып тарихта ізін қалдырды. Сахнадағы алғашқы рөлі І.Жансүгіровтің «Кек» пьесасындағы Бидахмет рөлі болды. Семей қазақ драма театры сахнасында Айдар (М.Әуезов. «Абай»), Ақан (Ғ.Мүсірепов. «Ақан сері – Ақтоқты»), Ян Грубек (К.Симонов. «Прага талшындары астында», Темір (Ә.Әбішев. «Достық пен махаббат») т.б. рөлдерді ойнайды.
Ш.Мусин саяси қуғын-сүргін азабын тарта жүріп (Колымада, 1937-46; Сібірде,1948-54) көптеген өлеңдер жазды. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1954-1957 жж. Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында актерлік қызмет атқарып, ал 1957 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында алуан түрлі кейіпкерлерді сахналады.
Сонымен қатар қазақ киносының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Атап айтқанда: «Бұл Шұғылада болған еді». «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында», «Шоқан Уәлиханов», «Ұлан», «Қосымша сауалдар», «Жол торабы», «Аманат», «Шешуші айқас», «Даладағы дабыл», «Кек», «Талтүс», «Жаушы», «Құлагер» сияқты көптеген көркем фильмге түсіп, дара ойын үлгісімен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Қазақ театры мен киносына ұшан-теңіз еңбек сіңірген қайраткер 1999 жылдың 26 желтоқсанында 86 жасында дүниеден өтті.
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері