Қазақ театры зерттеусіз қалған емес

Амангелді Мұқан, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театр өнері» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты:

– Биыл қазақ ғылымының басты ошақ­тарының бірі Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының құрыл­ғанына елу жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында біздің ғалымдарымыз ұлттық әдебиет пен өнердің барысын таразыға салған қаншама тұшымды еңбектер жазып, зерделі зерттеулер жүргізді! Әсіресе, әдебиет саласына терең талдаулар жасалып, бүгінге дейін ғылыми айналымда жүрген кітаптар баршылық. Дегенмен қазақ қоғамында кенжелеу дамыған театр өнерінің кешегісі мен бүгінгі жай-күйін екшейтін зерттеулер бізде аз сияқты. Жалпы, қазақ даласына театрдың қалай келгені жөнінде әртүрлі дәйектемелер бар. Осы саланың маманы ретінде сіздің қандай айтарыңыз бар?
– ХХ ғасырдың басында қазақ даласына, негізгі басқару орталықтары болған үлкен қалаларында қазақ жастары татар жастарының және орыс мәдени орталықтарының үлгісінде заманауи ойын-сауық кештерін өткізе бастайды. Орынбор, Омбы, Семей, Қостанай, Ташкент т.б. қалаларда өткізілген «Шығыс кештері» атты мәдени шаралардың театрландырылған кон­церттік қойылымдарының бағдарлама­ларына енгізілген спектакльді сипаттап жазған қазақтың тұңғыш «Айқап» және «Қазақ» басылымдарының бетінде берілген арнайы мақалаларды атауға болады. Сахналандырылған қойылымдардың барысы жайлы көрермен тарапынан берілген бағалауда театр өнеріне деген, олардың жаңа өнерге деген алғашқы көзқарастары, тосын үлгідегі ойынға деген қыр қазағының ықыласы мен көңілі сараланады. Бұл 1915 жылы Семей қаласының Көпестер үйінің мәжіліс залында қазақ оқыған жастарының қайырымдылық шаралары мақсатында көрсетілген «Қазақша алғашқы ойын» және «Қазақ әдеби кеші» атты Міржақып Дулатовтың мақалаларын атауға болады.
Өткен ғасырдың 20-жылдарының ортасында елімізде кәсіби театр өнері пайда болуымен бірге, театр сыны, театртану ғылымының негізі қаланды. Ұлттық театрдың пайда болуы, қалыптасуы, кәсібиленуі секілді өсу сатыларымен бірге театртану ғылымы да өзіндік даму жолын жүріп өтіп, бүгінгі таңда 50 жасқа толып отыр. Бұл жартығасырлық тарихи кезеңдегі сахна өнерінің барлық салаларының зерттелуі республикадағы іргелі зерттеу орталығы болған, құрамында еліміздің белгілі театр саласының мамандары топтасқан Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театр өнері» бөлімі болатын.
Институттың «Театр өнері» бөлімі Қазақстандағы сахна өнерінің тарихы, теориясы және театр сыны бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын алғашқы және іргелі өнертану орталықтарының бірі ретінде белгілі. Алғашында құрамында бейнелеу өнері, музыкатану және театртану салалары бойынша мамандарды жинақтаған «Өнертану» секторы Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ өнері мен мәдениетінің танымал қайраткері, композитор, академик Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен ашылды. 1952 жылдан бастап бөлімге өнертану докторы Борис Ерзакович меңгеруші болды.
– Біздің білуімізше, бұл кезеңдерде еліміздегі театр тарихы мен теориялық мә­селелерінің зерттеу ісін негізінен орыстың білгір мамандары бастаған. Ал бұл төңіректе қазақ ғалымдарынан алғашқы болып кімдер қалам тербеді?
– Иә, қазақ театры туралы алғашқылардың бірі болып Н.Львов, В.Мессман, Л.Богатенкова сынды орыс ғалымдары жазғаны белгілі. Дей тұрғанмен де, бұл бағытта зерттеу жүргізген өзіміздің ғалымдарымыз да баршылық. Олардың арасынан кезінде Т.Есенгельдин, Б.Құндақбаев, З.Кереева, Р.Ғабитова, Н.Шәукенбаева сынды зерттеушілер институттың ғылыми жұмыстарына тартылған. Ғылым ордасындағы «Өнертану» секторының қазақ театр өнерінің тарихына арналған алғашқы зерттеулері орыс ғалым­дарымен бірлесіп дүниеге келе бастады. Өткен ғасырдың 60-жылдары институт бойынша өнертану саласы жеке құрылым ретінде «Театр және бейнелеу өнері бөлімі» деген атаумен жұмыс істей бастағаннан соң, аталған салада біршама ілгерілеу байқалды. Осы жылдары институттың сол кездегі кіші ғылыми қызмет­керлері ғалым Бағыбек Құндақбаев Мәскеудегі А.Луначарский атындағы Мем­лекеттік театр өнері институты жанынан ашылған «КСРО халықтары театры» кафедрасының меңгерушісі, өнертану докторы, профессор Г.Гоянның жетекшілігімен шыға бастаған алты томдық іргелі зерттеу жұмысына тартылып, «Қазақ театры» бөлімдерін жазуға араласқан.
– Расымен де, қазақ театрын зерттеу­шілердің есімдері аталғанда, сол тізімнің басында ең алдымен белгілі ғалым Бағыбек Құндақбаевтың тұратыны сөзсіз. Кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен сол кісінің елеулі еңбектеріне қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– 1981-2009 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театр өнері» бөліміне Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш театртанушы маман, алғашқылардың бірі болып республикада театр өнері бойынша кандидаттық диссертация қорғаған, өнертану ғылымының докторы, профессор Бағыбек Құндақбайұлы жетекшілік етті. Осы институтта кіші ғылыми қызметкерліктен бастап, өмірінің соңына дейін үздіксіз жұмыс істеген Б.Құн­дақбайұлы – қазақ театртану ілімінің негізін қа­лап, мектебін қалыптастырып кеткен тұлға­лардың бірі. Ол қазақ театрының өткен тари­хынан бастап, бүгінгі жетістіктеріне дейінгі аралықты қамтитын көптеген монографиялар, зерттеулер және сыни, проблемалық мақалалар мен рецензиялар қалдырды. Осы жылдары институттың Ғылыми кеңесінің шешімімен жарыққа шыққан Б.Құндақбайұлының негізгі зерттеу еңбектерінің ішінен «Қазақтың акаде­миялық драма театрына – 40 жыл» (К.Нұр­пейісов­пен бірігіп жазған), «Режиссер және спектакль», «Путь театра», «Уақыт және театр», «Бел-белестер», «Мұхтар Әуезов және театр», «Заман және театр өнері, «Театр туралы тол­ғаныстар», алты томдық «История Советского драматического театра», үш томдық «Қазақ өнерінің тарихы» монографиясының театр бөлімі ғылыми жинақтарын атауға болады.
Тоқсаныншы жылдардың басында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қабырғасында кандидаттық ғылыми атақ қорғауға мүмкіндік беретін біріккен Диссер­тациялық кеңестің қайта ашылуы қазақ өнері мен мәдениеті тапшылық көріп келген өнер­танушы жас ғалымдар қатарын толықтыру ісіне серпіліс берді. Осы кеңес Б.Құндақ­бай­ұлының төрағалық етуімен «театр өнері», «музыка өнері» «бейнелеу өнері» саласы бойын­ша рес­публиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан көптеген өнертану ғылымының кан­дидаттарын аяқтандырды. Театртану саласы бойынша 17 ізденуші сахна өнерінің әр алуан тақырыптарын зерттеп, кандидаттық диссер­тацияларын қорғап шықты. Бөлім қызмет­керлерінің құрамы жа­сарып, жаңадан қа­лыптасқан білімді мамандар келіп, Тәуелсіздік кезеңінде жаңа мазмұнға ие болды. Еліміздің белгілі театр һәм кинотанушы мамандары зерттеу жобаларының жұмысына қатыс­тырылды.
– Осы орайда институт қабырғасында өзіңіз жетекшілік ететін «Театр өнері» бөлімінде кейінгі уақытта ғылыми бағытта атқарылған қандай тың еңбектерді айрықша атап өте аласыз?
–Қазіргі таңда қазақ сахна өнерін зерттейтін республикадағы негізгі ғылыми-зерттеу орталық болып қалыптасқан бұл бөлімде қазақ театр­танушылардың орта және жас буын шығар­ма­шылық тобы жемісті еңбек етуде. Бөлім белгілі өнертану кандидаттары, профессорлар Ә. Сы­ғай, С. Қабдиева, А. Қадыров, Б.Нөгербек секілді республиканың жетекші театр және кино өнерін зерттеушілермен тұрақты ғылыми және шы­ғармашылық байланыс орнатқан. Осындай білікті мамандарымыздың көрген-білгендері мен мол тәжірибелерін жас мамандардың сіңіріп алуларына мүмкіндіктер туғызып отырмыз. Өзіміз дайындаған іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша жасалған «Қазақ театры: қалыптасуы мен бүгінгі даму бағыт-бағдары» атты жоба нәтижесінде «Қазақ өнерінің тарихы» және «История казахского искусства» атты қазақ-орыс тілдерінде жеті кітаптан тұратын үш томдық көлемді монографиялар жарық көрді. Бұл еліміздің көне дәуірден тәуелсіздік алғанға дейінгі мәдени-рухани дамуындағы бейнелеу, музыка, театр өнерлерінің түрлі тарихи кезеңдері жайлы деректер қайтадан қорытылып жүйе­ленген, Тәуелсіз Қазақстан үшін маңызды болып табылатын іргелі зерттеу жұмыс болды. Кітапты шығару халқымыздың рухани дамуы мен білім беру саласына серпін берген, сан-салалы ұлттық ғылымды дамытуда маңызы зор болып та­бы­латын мемлекеттік «Мәдени мұра» бағ­дарламасы аясында жүзеге асырылды. Институттың мұндай ұжымдық іргелі зерттеулері 2009 жылдан бастап өнертану, музыкатану және театртану бөлімдері «Өнертану» секторы болып біріккеннен кейін жаңа белеске көтерілді. «Өнертану» секторының жұмыла жасаған жұмыстарының нәтижесінде, «Тәуелсіздік идеясы және көркем мәдениет» атты үш ұжымдық кітап жарық көрді. Соңғы жыл­дарда бөлім қызмет­керлері бірнеше ұжым­дық және авторлық монографияларды баспадан шығарды. Атап айтсақ, ғалым Г.Жұмасейітова бізде аз зерттелген тақырыпқа барып, «Хорео­графия Казахстана. Период независимости» деп аталатын еңбек жазды. Таяуда өзімнің «Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақ опера театры» деген зерттеу еңбегім жарыққа шықты. Бұған қоса, қазақ театрларының даму жолын өзіндік құбылыс ретінде қарастырған «Қазақ сахна өнері. Тәуелсіздік кезеңі» атты ұжымдық моно­графияға атсалыстым. Театртану бөлімінен сонымен қатар Алматыдағы өнер ордаларын таныстыратын қазақ, орыс, ағылшын тілінде «Алматы театрлары» және қазақ сахнасының қайраткерлерінің шығармашылығына арналған, актерлер мен режиссерлердің тұлғалық келбетін айқындап, оларды көпшілік оқырманға таныстыру мақсатында «Қазақ сахнасының шеберлері» ұжымдық жинақтары да жарық көрді. Қазіргі уақытта «Театртану» бөлімі «Қазақ сахна өнеріндегі тәуелсіздік идеясы» атты іргелі жоба аясында жұмыс істеуде. Қазақ сахна өнері­нің өзекті мәселелері мен теориялық тұғыр­намасын жасауда белсенділік танытып жүрген театртанушы ғалымдар республикадағы арнайы жоғары оқу орындары мен Театр қайраткерлері одағымен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істейді. Бөлім қызметкерлері Президент Әкімшілігі, Білім және ғылым, Мәдениет министрліктері, қалалық әкімдіктер тарапынан өткізілетін ірі мәдени шараларға, іргелі ғылыми-зерттеу жобаларын орындауға тұрақты қатысып келеді.
Бүгінгі заман талабына сай ұлттық театр­ларымыздың да аяқ алыстары байқап, бағамдауға тұрарлық. Десек те, бұл бағытта әлі де болса, игеретін игілікті іс-шаралар мен еңсеретін биіктер әлі алда. Әйтсе де, осы ретте қазақ театры зерттеусіз, зерделеусіз қалып отырған жоқ дегенді баса айтқым келеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста