Қазақ қыздары қалай киінген?
Қазақтың ұлттық ұлттық киімдері – көшпелі заманның салт-дәстүрімен жалғасып келе жатқан қолөнердің аса бай қазыналарының бірі. Киім үлгілері халықтың этикалық, эстетикалық талғамын бейнелеумен қатар әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімдері, ырым-тиымдары сияқты ұлттық құндылықтарымыздың бізге дейін келіп жеткен куәсі.
Қыз – қызыл гүл бақшадағы,
Күн нұрымен құлпырар
Көрсе кенет әркім-дағы,
Гүлді алуға ұмтылар.
Қасым Аманжолов
Ұлттық кімдерінің түрлері өте көп. Олардың әрқайсысы өзінің қарапайымдылығымен, үйлесімділігімен, жүріп-тұруға ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Қазақ киімдерінің - ерлерге, әйелдерге, балаларға, жас ерекшелігіне, шыққан ортасына, аймақтық ерекшелігіне қарай және іштік, сырттық, сулық, бір киер деп бөлінетін, жыл мезгілдеріне арналған түрлері өте көп. Олардың тігілу тәсілдері де өзгеше және әрқайсысының қолдану ерекшеліктеріне де үлкен мән беріледі. Мысалы, күнделікті киіске арналған киімдер – қарапайым, ыңғайлы етіп тігілсе, сән-салтанат жиын тойларға арналған түрлері одан күрделірек, ерекше сәнді етіп, нәзік талғаммен інжу-маржан, меруерт, ақық, шыны моншақтармен әшекейленіп, жібек, алтын, күміс жіптермен кестеленіп, тігілген. Қазақтың талай арулары киген тамаша сәнді киімдерін көргенде, «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі шүберек» деген мақалдың өзі жайдан-жай айтылмағандығын түсінесіз.
Қазақ даласына сонау, Ұлы Жібек жолы арқылы әкелінген пүліш, барқыт, дүрия, мауыты, масаты, маржан, жібек, атылас, парша сияқты маталардан және мал мен аң терісінен тігілген сәнді киімдер - қазақ қыз-келіншектерінің сәніне-сән, көркіне көрік қосқан. Ұлттық киімдердің ішінде ерекше әсемдігімен дараланатыны – қыз-келіншектерге арналған түрлері. Ұлттық нақышта тігілген киім киген қыз-келіншектерді ақындарымыз жырға қосқан.
Киімдердің түр-түсінің әсемдігінен басқа символдық мағналары да бар. Мысалы: көк түс – көгеріп көктеудің, өсіп-өнудің белгісі. Үлкендер жастарға «көсегең көгерсін» деп бата береді. Өмірі қиындықсыз, жақсы өтіп жатқан адамды халқымыз «қарны тоқ, көйлегі көк» деп айтады. Қызыл түс – қызғалдақ гүлдің, оттың белгісі болса, ақ түс – адалдықтың, кіршіксіз тазалықтың, пәктіктің белгісі. Ал,сары түс – даналықтың, білімді, ақылды болудың нышаны. «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі», - дегендей табиғаттың ажары жер бетіндегі құлпырып өскен гүлмен кірсе, ел сәні, елдің көркі қырмызы қыздармен шырайланатыны шындық.
Сондықтан да халқымыздың қыз балаға деген құрметі ежелден ерекше. «Қыз баланы төрге отырғыз, төреңдей күт» дейтін халық қыздарын бақыт құсына балап, әлпештеп, аялап өсірген. Халық ауыз әдебиетінде қызға арналған өлең-жырлар ұшан-теіңіз деуге болады. Арудың ажары мен ақылын, әдебі мен инабатын арқау еткен дүниелер қазақ қыздарының киген киімдерінде де қоса көрініс береді.
«Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма...», - деп Абай атамыз айтқандай отбасындағы тәрбие де қыз баланың өміріне азық болуы керек. Ержетіп келе жатқан қыз балаға назар аудару, өнегелі тәлім-тәрбие көріп өсуіне ата-ана мен мұғалімдердің үлесі зор.
Адам баласының бойына жақсы қасиеттер сонау сәби кезінен қалыптасады. «Әкеге қарап – ұл өсер, шешеге қарап – қыз өсер», «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер», немесе «Ыдысын көріп – асын іш, шешесін көріп – қызын ал» деген ұлағатты сөздер бекерге айтылмаса керек.
Маңайындағы адамдарды, ата-анасын, туған-туыстарын, дос-жарандарын сыйлап қадірлей білуді, дұрыс сөйлеп, дұрыс жүруді, дұрыс киінуді жас кезінен үйренсе, болашақта ол нәзік ару, қамқор ана болып шығары сөзсіз.
Сұлу да, сымбатты қыздардың киген киімдері тал бойына жарасып, дараланған тұлға болып көрінуінің өзі көрер көзді қуантып, адам жанын жадыратады.
Қыздардың салтанатты жиын тойларда киетін сәнді көйлектерінің етек-жеңі, жағасы ерекше әдіптелініп, зер төгіліп көмкеріледі.
Етегін ақ көйлектің көмкергенің,
Өзіме тек өзіңсің тең көргенім.
Етегін ақ көйлектің алтындалған
Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған (Ақан Сері. «Ақ көйлек»), -
деп жыр маржаны тізіледі. Қыз киген ақ көйлек ақын қиялын қозғап, сезімін тербейді. Қыздың киген киімінен халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімін, парасатты тәлім-тәрбиесі мен әсемдік әлеміне деген талғамын байқауға болады. Сұлу да сымбатты қыздардың киген киімдерінің тал бойына жарасып, дараланған тұлға болып көрінуінің өзі көрер көзді қуантып, адам жанын жадыратады.
Етегін ақ көйлектің алтындалған,
Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған.
Етегін ақ көйлектің кестелеген,
Жақсы қыз айтар сөзін дестелеген.
(Ақан сері «Ақ көйлек»).
Осындай әдемі көріністі көріп өскен жігіттеріміз де дөрекіліктен аулақ болады. Инабаттылық пен арлылықты кие тұтқан қазақ қыздары ешқашанда денесін ашық-шашық көрсетіп жүрмеген.
Қыздардың жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен қозғалу мәнерінің сыпайылығына баулитын киім үлгілерін ерекше таңдап алып, оның тігілетін матасына да мән берген.
Исі жұпар болсын деп, жақтым арша,
Бөзі жұмсақ болсын деп, кидім барша.
(халық өлеңінен).
Тігілген матасына қарай мақпал бешпет, барқыт бешпет, дүрия бешпет т.т. деп айтылады.
Боз үйден бір қыз көрдім, көзі күлген,
Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген.
Сол қыздың сұлулығын мен айтайын,
Үстінде – дүрия бешпет, шайдан көйлек.
(Халық әні - Ой-көк).
Ақындарымыз ұлттық киімдері өзіне жарасып, жайнап, құлпырып тұрған қыз-келіншектерге:
Көрінбес киім сұлу қынамаса,
Көрінбес шашын сұлу сыламаса.
Қыз едің кішкентайдан халық сүйген,
Камзол мен қынамалы бешпет киген.
немесе,
Қара камзол ақ көйлек құрбың кисін,
Көйлегің етегіңнің жерге тисін (халық өлеңінен).
немесе,
Шапаным үстімдегі тұмарланған,
Арумын көрген жігіт құмарланған.
Ар-ұятты кие тұтқан қазақ қыздары ешқашанда ашық-шашық тәнін көрсетіп жүрмеген. Жас келіншектер нәрестесін емізгенде, тәнін бөгде біреу көріп қоймау үшін мойнына өңірше киген.
Қыздар киетін шапандар ерекше сәнделіп, тана моншақ, тұмарлар тағылып, тігіледі.
Бір бешпетім бар еді дүриядан,
Қазынадан камзол кидім қиылмаған.
Шапаным үстімдегі тұмарланған,
Арумын көрген жігіт құмарланған (халық өлеңінен).
Ұлттық киімдеріміз халықтың салт-дәстүрін сақтап, өзінің әсемдігімен көз тартып, тәлім-тәрбиелік қасиеттің тамаша үлгісін көрсетеді. Қазіргі заман ағымына түсіп, кімге және қай ұлтқа еліктерін білмей жүрген жастарымыз осы бір асыл қазыналарымызға көңіл қойып, зер салып, жақсы жақтарынан үлгі алса игі.