Биыл еліміз үшін маңызы үлкен тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Осы ширек ғасыр уақыт аралығында еліміз саяси тұрақтылықпен халықаралық аренада өз орнын айқындады. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаш таныған ел – бауырлас Түркия екені де баршаға аян. Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар алғашқы күннен бастап достық пен бірлікке құрылған тұрақты байланыста жалғасын тауып келеді. Мұның бәрі ортақ тарихымыздан, тіліміз бен дінімізден, рухани құндылықтарымыздан бастау алып тұрғаны анық.
Осы айтулы, мерейлі мереке – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен және Түркия Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Анадолу жерінде алғаш ашылған «Мехмет Акиф Ерсой» атындағы мұражай-кітапханасында түрік тілінде жарық көрген «Hüzün Kuşağı – Atayurt’tan Öyküler» (Сырлас буын – Атажұрттан әңгімелер) атты 25 қазақ қаламгерінің кітап болып шыққан әңгімелер жинағының тұсаукесер жиыны өтті. Әңгімелерді түрік тіліне аударып, жинақты құрастырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі, жазушы Мәлік Отарбаев.
Тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, Түркия Премьер-министрінің кеңесшісі Хүриет Ерсой, Түркия Мәдениет министрлігі Баспа және кітапхана департаментінің бас директоры Хамди Туршужу, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Еуразия кітапханашылар қауымдастығының төрағасы Мұстафа Чалышкан, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, жазушы Ахметжан Ашири, жазушы Нұрғали Ораз және Түркияның беделді шығармашылық ұйымдардың басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Түрік тілінде оқырмандарға жол тартқан жинаққа Берік Шаханов, Мархабат Байғұт, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәутайұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдәулет Ақыш, Жұмабай Шаштайұлы, Тұрысбек Сәукетай, Ертай Айғалиұлы, Қуандық Түменбай, Рахымжан Отарбаев, Мақсот Ізімұлы, Көсемәлі Сәттібаев, Қали Сәрсенбай, Сәбит Дүйсенбиев, Серікқали Хасан, Нұрғали Ораз, Жаңабек Шағатай, Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Серік Нұғыман мен Гүлзат Шойбекованың әңгімелері енген.
Жаңа кітаптың жарық көруімен оқырмандарды құттықтаған Елші Жансейіт Түймебаев: «Бүгін тұсауы кесіліп жатқан кітаптың жөні бөлек. Бұл кітапқа қазақтың белгілі 25 жазушысының әңгімелері енген. Осы жинақты аударып құрастырған, қазақтың абыройын Анадолу жерінде асырып жүрген талантты қаламгер Мәлік Отарбаевқа алғыс айтамын. Кітаптың оқырманы көбейсін!» – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Кітапқа кірген қаламгерлер – тәуелсіздіктен бұрын және кейінгі кезеңді өз көзімен көріп өскен буын. Тәуелсіздікті армандаған буынның өкілдері. Үлкен әдебиеттің буыны. Расында, мәдениет пен өркениеттің дамуы, әдебиет пен ғылымның қанатын кең жаюы аудармаға байланысты. Қазақ пен түрік бауырлары ретінде бір-бірімізді әрі жақсы танитынымыз әрі танымайтынымыз жасырын емес. Сондықтан екі ел арасындағы бауырластықты күшейтетін аударма саласы екені мәлім» – деді.
Түркия Мәдениет министрлігі Баспа және кітапхана департаментінің бас директоры Хамди Туршужу Түркия Мәдениет министрінің сәлемдемесін жеткізіп, кітаптың шығуына қолдау білдірген Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне алғыс айтты.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ахметжан Ашири түрік тіліне аударылған «Идикут» романын кітапханаға сыйлап, жарыққа шыққан кітапқа сәт сапар тіледі.
Гази университетінің оқытушысы, ғылым докторы Жәмиля Кынаджы әңгімелердің талғампаздықпен таңдалғанын және де жай аударма емес, көркем аударма жасалғанын айтып, кітап туралы баяндама жасады.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетінің әлем әдебиетінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, қазақ әдебиетін Түркияда насихаттап жүрген Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне қазақ қаламгерлері атынан алғыс айтты.
Белгілі жазушы Нұрғали Ораз: «Әлем әдебиетінде дәл осындай жинақтар бар. Алайда ол жинақтарды қарап шықсаңыз әрбір әңгіменің өз аудармашысы болады. Бұл кітаптың ерекшелігі – әңгімелердің аудармашысы мен құрастырушысы бір. Кітап түрік оқырмандарының көңілдерінен шығады деп сенемін,» – деді. Жиынды жүргізген Түркия Мәдениет министрлігі Баспа және кітапхана департаментінің бас директоры Хамди Туршужу.
Түркі халықтарының ортақ өткенін, тарихын, тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін біртұтас дүние ретінде бағалайтын, зерттейтін, дамытатын, болашақ ұрпақтарға мұра етуді мақсат тұтатын халықаралық «Түріксой» ұйымының атқарып жатқан істері сан алуан.
Мысалы, 2015 жылы «Түріксой» тарапынан жыр алыбы Жамбыл пір тұтқан Сүйінбайдың 200 жылдығына арналған «Сүйінбай Аронұлы» кітабы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі» әңгімелер жинағы, Темірхан Медетбектің «Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз» өлеңдер жинағы, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы, биылғы жылы Бексұлтан Нұржекеұлының «Бір өкініш, бір үміт» романы, Ахметжан Аширидің «Идикут» романы түрік тілінде жарық көрген.
Шетелдік шығармаларды аудару қандай маңызды болса, өз шығармаларымызды шет тілдеріне аудару одан да маңызды. Бұл қазақ елінің рухани ой деңгейінің парқын, зиялы қауым өкілдерінің пайым-парасатын, одан бөлек, бүкіл ұлттың дүниетанымын, деңгейін көрсетеді. Осы жайттарды толық түсінген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Түркиядағы өкілі Мәлік Отарбаевтың екі ел арасындағы рухани байланысты орнату мақсатында атқарып жатқан істерінің үлкен бір бөлігі аудармашылық. Оның бұл қызметі алдыңғы буын өкілдерінен де, оқырмандарынан да өз бағасын алып жатыр.
Жанна ИМАНҚҰЛ
Қазақ қаламгерлерінің әңгімелер жинағы түрік тілінде жарық көрді
Последние статьи автора