Қазақ музыкасының бәйтерегі – 100 жаста
«Біржан мен Сараны» ХХ ғасырда қайта тірілткен бірден-бір жан болса, ол – қазақтың белгілі музыка шебері, ұлттық композитор Мұқан Төлебаев. Сондай-ақ ҚазКСР Мемлекеттік Әнұранының авторы (Е.Брусиловский, Л,Хамидимен бірге). Осы бір аяулы жанның биыл 100 жылдық мерейтойы.
Осыған орай бүгін сағат 15:00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Үлкен залында КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық әртісі Мұқан Төлебаевты еске алу кеші өтеді. Ұйымдастырушылар – «Інжу-маржан» өнер клубы. ҚР «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Жалын» баспасының бас редакторы Бексұлтан Нұржекеев жүргізетін кеш аясында еліміздің жас өрендері, студенттер мен өнерпаздар өнер көрсетеді.
Кеш арқауы – әрине, композитор Мұқан Төлебаев шығармашылығы. Жоғарыда аталған «Біржан-Сара» операсымен қатар, ұлы композитор қазақтың біртуар ұлы, батыр А.Иманов жайлы «Амангелді» атты опера жазғаны мәлім. Сондай-ақ дара тұлға өз өмірінде 50-ден астам өлең мен романстар, спектакльдер мен фильмдерге арнап музыка жазған, сонымен қатар қаншама халық қазынасына айналған әндерді өңдеген. Ендеше, кеш осы туындылармен көркемделеді.
Тағы бір айтарлығы, іс-шара барысында «Қазақ музыкасының бәйтерегі» атты Мұқан Төлебаев өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылады.