Балнұр ҚЫДЫРБЕК, ҚР Композиторлар одағының төрайымы:
«Қазақ музыкасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған біртуар композиторлар жетерлік. Алты алашқа аты мәшһүр Құрманғазыдан бастап, кешегі Нұрғиса Тілендиевке дейін Алаш музыкасы шырқау шегіне жеткен-тін. Бірақ дәл қазір тұғырлы тәуелсіздікке қолымыз жетсе де, рухани тұрғыда құлдырап барамыз». Мұндай ойды Қазақстан Композиторлар одағының Көкшетауда өткен жеке концертінде осы одақтың төрайымы Балнұр Қыдырбек жеткізді. Айтылған сөз жерде қалмасын деген оймен оқырмандарымызға композитордың көңіл толғанысын жеткізуді жөн деп шештік...
– Бүгінгі қазақ музыкасы қандай деңгейде? Жалпы, елімізде әсем әуен мен тың туындылардың шеберлері –композиторларға мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлінген?
– Иә, орынды сұрақ. Қазақ музыкасының өткен дәуірі мен қазіргі сипаты мүлде бөлек. Тіпті еш ұқсамайды. Кеңес уақытында бірталай көмек беріліп, арнайы қаражат бөлінетін. Бүгінде оның бірі жоқ. Тіпті оркестр мүшелері концертке киетін киімге де жарымай отыр. Ал біздің соңғы рет тың туындыларымыз үшін қаламақыны тек Кеңестер Одағы кезінде алғанымыз ешкімді де алаңдатар емес. Өзіңіз ойлаңызшы? Осыдан кейін қандай биік деңгей болуы мүмкін? Дәл қазір Қазақстанда аса жоғары әлемдік дәрежедегі өнер туындыларын жарыққа шығарып, елдің ықыласына бөленген 20 шақты ғана композитор қалды. Сондықтан, меніңше, мемлекет тарапынан көңіл бөлінбей, қазақ музыкасы да өрге баса алмайды.
– Өнерді бағалайтын музыка жанашыры үшін бұл айтуыңыз өте ауыр екені түсінікті. Дегенмен бүгінгі жаңа туындыларды көріп, сазгерлердің сырлы сазы өлмейтінін көріп тұрмыз. Осы орайда «Қазақ композиторларының шығармаларын кімдер тыңдайды?» деген заңды сұрақ туындайды. Есті музыканы естір құлақ бар ма?
– Рухы биік, өнерді жан-тәнімен сүйіп тыңдайтын патша көңілді көрермен, өкінішке қарай, саусақпен санарлық болып тұр. Қазіргі қоғам жын-ойнаққа толы, не әні, не биі түсініксіз, мәтінінде мәні жоқ батыстық стилдегі әндерге құмар. Ал нағыз классикалық туындылар көзден таса қалып барады. Біздің музыка өзімізде емес, шетелдерде жақсы тыңдалады. Сондықтан осы бір олқылықтардың орнын толтыру үшін елдің рухани жаңаруы қажет. Тек сонда ғана қазақ музыкасының тынысы ашылып, жаңа леп болар еді деген үміттемін.
– Қазақ музыкасы қартайып барады деген де пікір бар. Яғни қоғамда бірталай адамдар «саз әлемінде жүргендер шау тартып кеткен» дейді. Осыған келісесіз бе? Жалпы, музыкаға бет алып, қазақ музыкасына енген жас ұрпақ бар ма?
– Бұл пікірмен толық келісемін. Расында да, қазақ композиторларының жасы қартайып барады. Оны алмастыратын жас ұрпақ та көрінбейді. Жаңа заман талабына сай жақсы музыканың да тууы екіталай. Бұған себеп те бар. Біріншіден, қаражаттың жоқтығы. Жастар рухани музыкадан гөрі ақша мен билікке тезірек қолы жететін заңгер немесе экономист болуды қалайды. Екіншіден, қоғам да рухани еңбектерді онша-мұнша бағаламайды. Осы екі себеп жойылса, қазақ музыкасының бойына да қан жүгіреді деп ойлаймын.
– Бүгінгі концертте сіздер тек жаңа туындыларды сахнаға алып шықтыңыздар. Жалпы, бүгінге дейін Қазақ елінің қандай аймақтарында болдыңыздар? Мұндай концерттерді беру дәстүрге ене ме?
– Иә, шынымен де, көрермен назарына әлі сиясы кеппеген жаңа шығармаларды тарту етудеміз. Бұл да көрермен тартудың бір жолы десек, артық айтпаймын. Осыған дейін Талдықорған, Қызылорда, Ақтөбе және Астана мен Алматы қалаларында болып қайттық. Барлық аймақта қоғам ыстық ықыласпен қарсы алады. Біз сонымен мақтанамыз. Көрермен болмаса музыка да, жаңа туынды да өмірге келмейді. Яғни композитор мен әншінің, әнші мен көрерменнің арасында үзілмейтін байланыс болуы міндет.
– Істеріңізге табыс тілейміз. Әңгімеңізге рақмет.