Соңғы кездері балаларға арналған қазақ тіліндегі ұлттық мазмұндағы анимациялық фильмдер шығару жақсы жолға қойыла бастады. Бұл ретте мемлекеттік органдармен қоса, жекелеген жұмыс топтары да белсене атсалысуда. Осы орайда кеше Ұлттық кітапхананың көрме залында Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қазақ ертегілерінің желісі бойынша түсірілген мультфильмдер жинағының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Аталған шараға жобаның үйлестірушілері мен авторлары, белгілі қаламгерлер, режиссерлар және ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік тапсырыспен, жаңа технологияларға сай шығарылған мультфильмдер жинағын көпшілікке таныстыру, қазақ тілін үйретуге арналған көмекші-әдістемелік құрал ретінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін қамтамасыз ету. Қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген, әрқайсысы 10 минуттан тұратын 40 сериялы мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасы бойынша шығарылған. Бұл жоба бүлдіршіндерге халық ауыз әдебиетінің асыл үлгісі – ертегі арқылы тіл үйретудің жеңіл әрі ойнақы тәсіліне негізделген. Балалардың жан дүниесіне жақын, жас ерекшелігіне сай анимациялық, мультипликациялық көріністер олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, есте сақтау қабілетін дамытады. Балалар есту, көру, қайталау арқылы сөздерді дұрыс айтуға жаттығады. Заманауи технологияның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, 3D-форматта түсірілген мультфильмдер балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын дамытуға, танымын, қабілетін арттыруға зор септігін тигізеді. Сонымен бірге жинаққа «Алдаркөсенің көңілді оқиғалары» атты 85 сериялы мультфильм, әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша, суретті аудио-сөздік енгізілген.
Жобаның тағы бір тиімділігі – жаңа инновациялық технологияларды пайдалану арқылы өзге ұлт өкілдерінің балаларына да қазақ тілін үйрету сапасын арттыру, тіл үйрену дағдыларын дамытуға серпін беру.
Сонымен қатар басқарма тапсырысымен «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешені жарыққа шықты. Бұл – республикамызда тұңғыш рет қолданысқа енгізілген, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық тіл үйрету құралы. «Сиқырлы қалам» арқылы балаларға бір мезгілде оқуға, тыңдауға мүмкіндік беріледі. Қазақ және ағылшын тілдерін үйретуге арналған, оқыту үрдісінде қолдануға оңтайлы кешен Алматыдағы барлық мемлекеттік балабақшаларға таратылды. Инновациялық кешен кез келген теледидарға немесе компьютерге қосылады, сол арқылы танымдық, қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсер береді. 14 дискіден тұратын бұл жинаққа 40 сериялы «Қазақ ертегілерімен» қатар, 85 сериялы «Алдаркөсе» мультфильмі де топтастырылған. Енді оның қатарын «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» және «Қыз Жібек» эпостары желісі бойынша түсірілген мультфильмдермен толықтыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл жаңа өнімдер осы жылдың соңына таман жүзеге толық асырылмақ.
Қазақ мультфильмі 40 сериямен толықты
Последние статьи автора