Қазақ биі дегенде көз алдымызға қос етек көйлек киген, шолпысын сыңғырлатып мың бұралған қыпша бел қазақ қызы мен батыр тұлғалы жігіттің бейнесі елестейді. Би – әр халықтың табиғатын, болмысын, тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін өнер түрі. Ұлттық биіміздің түп-тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алады. Сондықтан бұл өнер түрі халықпен бірге жасасып келеді. Бүгінгі күні бишілеріміз де, би ансамбльдері де, түрлі би студиялары да бар, алайда кәсіби жеке бишілеріміз жоқтың қасы. Сондай-ақ көптеген би үйірмелері қазақ биіне қарағанда, шығыс билерін, испан немесе рэп, брек секілді шетелдік билерді үйретеді, жастарымыз да өзгенің өнеріне құмар. Бұған не себеп?
Кезінде қазақ биінің көркемдігін, ішкі сырын әлемге танытқан «Гүлдер», «Салтанат», «Айгүл» сынды ән-би ансамбльдері бүгінде көрерменмен өте сирек кездеседі. Үлкен сахнадан емес, биші қыздарымызды да басқа әншілеріміз секілді жетекшісімен қосып, тойда жүргендерін жиі көзіміз шалады. Өйткені өнер адамы үшін ең басты табыс көзі бүгінде той болып тұр ғой. Ал мұндай ортада ұлттық би емес, көңіл көтеретін билердің мәртебесі биік. Осындайда ұлттық бидің беделінің төмендеп, ашық-шашық киіммен шалқып билейтін шығыс биінің заманы туып тұрғанына іштей қынжыласың. Ұлтымыздың болмысын, келбетін көрсететін «Қамажай», «Маусымжан», «Келіншек», «Қара жорға» секілді төл билерімізді кәсіби деңгейге жеткізген кешегі Шара апамыздың арқасында біздің биіміз әлемге танылған жоқ па? Кешегі кеңес заманында қазақ өнерін менсінбеушіліктен, кемсітушіліктен қазақ биі классикалық дәрежеге жете алмағаны баршамызға аян.
Еліміз егемендік алған жылдары Қытайдан келген қандастарымыз бізге қазақ биінің ұмыт болған үлгісін, буын биін алып келді. Қытайдан оралған биші қызымыз Шұғыланың, қазақтың «Қара жорға» биін өзімізбен қайта табыстырған Арыстан Тосын ақсақалдың өнеріне бәріміз тамсандық. Алайда әзірге осы бір әсем өнерді дамытып, қазақ биінің көсегесін көгертуге мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан әрекеттер әзірге байқалмай тұр.
Осындайда біздің елде нағыз өнер емес, жеңіл-желпі өнер түрлері ғана бағалана ма деген ойға еріксіз берілесің.
Би мамандарының айтуынша, ұлттық биді билейтін бишілердің аз болуына себеп болып отырған – біріншіден, қазақ биі беделінің төмендігі, екіншіден, бишілердің әлеуметтік жағдайы. Бұрын биші келіншектер 38 жаста, ер адамдар 39 жаста зейнеткерлікке шығатын болса, қазір 58-60 жаста құрметті демалысқа жіберіледі. Сондай-ақ біздің кәсіби бишілеріміздің көпшілігі өздерінің уақытын тиімді пайдалану үшін, табыс табу үшін шетел асып кететін көрінеді.
Негізінде, біздің елде биге қызығатын, билегісі келетін жас талаптар жетерлік. Сондықтан күні кеше белгілі қаламгер Мұхтар Әуезовтің өзі қолдаған би өнері мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тапса, төл өнерімізге деген жанашырлық болса дейміз.