Ақпанның 2-сі – дүйім қазақ халқы үшін айтулы күн. Өйткені осыдан тура 100 жыл бұрын Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, бүгінгі қазақ баспасөзінің атасы санауға болатын «Қазақ» газеті жарық көрді. Хандық билігімізден айырылып, қарашамыз ақ патшаға қараған, қараңғылық жұртымызды жайлаған «түнерген бұлттар» заманында барша қазақтың көгіне жарық шашқан «Қазақ» елдік сананың еңсесін түзеп, Алаш рухын оятуға талпынды.
1913 және 1917 жылдар аралығында жарық көрген басылым өз алдымызға дербес, керегеміз кең, іргеміз берік ел болсақ деген ұлық мақсаттың жүгін арқалап, қазақ халқының сол кезеңдегі жан жарасын емдеуге, төнген қауіптің бетін қайтаруға бел буа кірісті. Отаршыл биліктің қысымында тұрса да, қарашекпенділерді қоныстандыру саясатының ішке бүккен жымысқы мүддесін әшкерелеп, жер бөлінісі және отырықшылықтың пайда-зиянын түсіндіруді, тіл мен дінді сақтауды, бұйығы елді ілім-білімге, мәдениет пен өнерге сүйреуді, халықтың саяси сауатын ашуды «Қазақ» газетінің төңірегіне шоғырланған Алаш зиялылары парыз деп білді және сол үшін бастарын бәйгеге тікті. Өйткені бұл майданның түпкі астарында олардың ұлттық дербестікті аңсаған ұлы мұраты жатты. Бұған «Қазақ» газетінің бетінде жарық көрген әрбір материал куә.
Ұлттық күрес интеллектуалдық алаңда, ұлттық сана үшін күрестен басталды
Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы:
– «Қазақ» газетінің 100 жылдығының қазақ қоғамы үшін маңызы өте зор. Өйткені «100 жыл бұрынғы қазақтың мұңы, қазақтың уайымы қандай еді, бүгін қандай және қалай шешілуде» деген сауалдар қазіргі қазақ баспасөзіне де қойылады.
«Қазақ» газетінің 100 жылдығы бізге мына тақырыпқа назар аударуға мүмкіндік береді: ұлттық күрес ең алдымен интеллектуалдық алаңда, яғни ұлттық сана үшін күрестен басталғанын білдіреді. Бұл күрестің ауыртпалығын осының өзінен-ақ байқаймыз, өйткені ол әрбір қазақтың санасы үшін жүрді. Сол кездегі қазақ басылымдарының қазақ мәселесін табандылықпен көтеруі саяси қозғалыстың да дамуына белгілі бір деңгейде ықпалын тигізді.
«Қазақ» газеті ел дертінің себебін ұғып, емін білді
«Қазақ» газеті ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келді. Бұл тұтынған жолда «Қазақ» газеті өз міндетін дөп атқарды». (Мұхтар Әуезов)
«Қазақ» ұстанған журналистік әдеп-қағида
«...Жазғанда біреуді кемітпей, мұқатпай, ешкімге тіл тигізбей, сыпайы жазу лайық... Жазушы ортаға білімін салсын. Басқа жұртта сөз таластырғанда бірін-бірі дәлелмен жығады. Біреуді-біреу кемітпей сөйлеседі. Кемітуге басы лайық емес адамдарды кемге санайын деу – өзі жетпегендік».
«Қазақ» газеті, №1. 1913 жылғы 2 ақпан
«Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің түзетуге де құдіреті келеді. Сөз – қару, мұны бұзуға жұмсасақ, бұзады, түзеуге жұмсасақ, түзейді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың өзі түзелуге бет алғанын көріп отырмыз. Алыстан іздемей, жақыннан-ақ алайық. Күні кеше өзімізбен шамалас, қатар халық – татар қарындастарымыз сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастап еді, түзеліп бара жатыр...
Ал, Алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп, қамданамыз ба? Қалмаймыз десек, қарап жатпалық. Көп ісіне көп болып жабылайық...»
«Қазақ» бүкіл қазақтың ортақ әдеби тілін қалыптастырды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, алаштанушы:
– «Қазақ» бүкіл қазақтың әдеби тілінің жалпы қазаққа ортақ алғашқы үлгісін қалады. Біз Абай тілін жалпы қазаққа ортақ тіл дейміз. Дұрыс. Ақын Махамбет, Дулат та солай. Бірақ «Қазақ» газетіндей әр үйдің шаңырағында тұрып, әр үйдің оқулығына айналып, оған саяси, ғылыми терминдерді кіргізген басылым жоқ. Бұл орайда «Айқапты», кейіннен қосылған төңкеріс жылдарындағы басылымдарды да қосуға болады, бірақ «Қазақ» газетінің орны ерекше. Мұхтар Әуезовтің «ғылым тілі» деп мақала жазуының өзі «Қазақ» газетінің ықпалы әрі қажеттілігі деп ойлаймын.
«Қазақта» шыққан мақалалар – классикалық үлгі
«Қазақ» газеті қалай мықты болды? Өйткені оған бүкіл қазақ зиялысы атсалысты. «Қазаққа» жазғандардың бәрі бір-бір саланың білгірі, маманы болды. Мысалы, Халел Досмұхамедұлы медицина мәселелерін жазса, өзі сол саланың оқуын бітіргендіктен, тыңғылықты тоқталды. Әлихан Бөкейхан жер мәселелерін жазса, жердің жайын, агрономияны жетік білетін статист маман ретінде барды. Қысқасы, қай-қайсысы да өздері «Қазаққа» жазған тақырыптарын терең меңгерген, білікті маман ретінде жазды. Сондықтан сапалы газет шықты деп ойлаймын. Сол себепті де біз «Қазақта» жарияланған сол мақалаларды классикалық үлгі деп танимыз. (Д.Қамзабек)
«Қазақ» газеті, №2. 1913 жылғы 10 ақпан
«...Мұсылман медреселерінде оқығандардың естігені – әдеби тіл, оқығандары – әдеби тілмен жазған кітап, жазғанда да – сол кітаптардың тіліне салып еліктеу. Ол әдеби тіл деген қандай тіл? Араби, фарсы сөздері көп кірген тіл. Неғұрлым араби, фарсы сөздері көп қосылса, неғұрлым қара халық түсінуге ауыр, тіпті түсінбейтін болса, соғұрлым әдеби болады деп, тұтынған жолдан шыққан тіл...
Русша оқығандарымыз қазақ тілімен пікірімізді толық айта алмаймыз, жетпейді, русша жазғанымыз оңай дейді. Қысқасы, русша, мұсылманша оқығандарымыз қазақ тілімен жазуға қорынып, біреуі – русша, біреуі әдеби тілмен жазады. Бұлардың өз тілінен қорынып, жиренетін себебі не? Менің ойлауымша, бұл – әдеттенуден.... Бұдан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ақтығында қазақ тілі азып-тозып, бірте-бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көрінер, одан әрі не болары белгілі...
Біздің газетіміздің таңбасы – «Қазақ», яғни қазақтығымызды сақтау. Қазақтық, әрине, аты мен тілі жоғалмаса, сақталады...»
Қазаққа кеңінен түсіндірілуі тиіс мәселенің бәрін жазды
Диқан ҚАМЗАБЕК, алаштанушы:
– «Қазақ» газетінің кезі – қазақ мемлекеттігінің жойылған кезеңі. Сондықтан қазақ зиялыларының сол мемлекеттікті қалпына келтірсек деп атсалысқан кезеңі. Бүгінгі тілмен айтсақ, «Қазақ» газеті ақпарат министрлігінің де, мәдениет министрлігінің де, білім және ғылым министрлігінің де жүйелі жұмысын істеді. Қазаққа кең көлемде түсіндірілуі тиіс мәселенің бәрін осы газет айтып жатты.
Жер-жерде тұрақты тілші ұстады
«Қазақтың тұрақты журналистикасы қалыптасты. Оған дейін шыққан «Дала уәлаяты» және басқа да екі-үш басылымда тұрақты ғылыми, әдеби қызметкерлер, тілшілер болған жоқ. «Айқапқа» Мұхамедсалық Кашимов қана ел аралап, репортаждар жазған. Ал тұрақты редакция болып, жер-жерден тілші ұстап жұмыс істеген басылым – осы «Қазақ» газеті ғана». (Т.Жұртбай)
«Қазақ»: Көшпелі һәм отырықшы норма
«...Өткен 11 июньде думада айтылған сөздерден мағлұм болды... переселен управлениясының бастығы Глинко... қазаққа отырықшы норманы не үшін шығарғандарын жасырмай айтып берді. Ол айтты: «Біздің қазақ турасында істеп отырған ісіміз жолды... Көшпелі қалпында жер беріп, орналастырсақ, қазаққа көп жер тиеді. Артылатын жер аз болмақшы. Оны дума арқылы законмен бекітіп, қазаққа берген соң ала алмаймыз. Қазақ жері қазақтан көп артылып қалуы үшін, яғни переселендерге қазақтан жерді көбірек алу үшін біз әдіс істеп отырмыз...»
...Отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандығын, отырықшы нормамен қазақтар жер алғанын переселен чиновниктері не үшін қуаттайтындығын қазақтарға түсіну енді қиын болмас шығар...»
«Қазақ» газетінде сабақ аларлық жайттар өте көп
Қайрат САҚ, алаштанушы:
– «Қазақ» газетінде сабақ аларлық жайттар өте көп. Мысалы, «Шаруашылық өзгерістері» деген сериялы мақалаларда сонау Адам атадан бергі адамзаттың шаруашылығына ғылыми талдау жасалып, шаруашылық неліктен және қалай өзгеретінін, сондай-ақ оны неге бірден өзгертуге болмайтынын жазады. Осы мақаладан сабақ алмағанымыздан, малды тартып алып, халықты отырықшылыққа көшірген кеңестік үкімет елімізді ашаршылыққа, орасан шығынға ұшыратты. Кеше кеңшарларды бірден таратып жіберуден кейінгі дағдарыс та – осыдан сабақ алмағандығымыздан. Сондықтан біз оған тарих деп қана қарамауымыз керек. «Қазақ» газетінде жазылған жайттарды, онда көтерілген мәселелерді баршамыз біліп, оның бүгін үшін, ертеңгі болашақ үшін де мән-маңызын жоймайтынын санамызға сіңіріп, Алаш жолымен жүретін болсақ, мәңгілік ел идеясы жүзеге асады деп ойлаймын.
Дерек
1913 жылғы «Қазаққа» жазылым көрсеткіші – бүгінгі кейбір басылымдарға арман
«Қазақ» газетінің, шынымен де, ұлтқа қажет, ел іздеп оқитын басылым болғандығын оны жаздырып алушылардың санынан-ақ байқаймыз. Сонау 1913 жылы «Қазақты» жаздырып алушылардың саны 3 мыңнан асып жығылыпты. Бұл турасындағы деректі «Қазақ» газетінің 1914 жылғы алғашқы санынан таптық.
Оренбург, 9 январь
...«Қазақ» газетасын 10 облысқа қараған киіз туырлықты қазақ байдың баласынан 1913 жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі мынау:
1) Торғай облысы – 694
2) Семей – 612
3) Ақмола – 584
4) Сырдария – 327
5) Орал – 301
6) Жетісу – 157
7) Ішкі орталық – 136
8) Ферғана – 30
9) Самарқан – 8
10) Закаспий – 5
Өзге жерлерден:
1) Оренбург шаһары – 37
2) Уфа – 14
3) Қазан – 13
4) Қытай қазағы – 10
5) Петербург – 9
6) Түркия – 5
7) Мәскеу – 3
8) Томск – 3
9) Һәм басқа шаһарлар – 57
Бәрі – 3007
«Қазақ» газетінің басқармасы
«Қазақ» мұраты – ұлттың мұраты
Бес жылда – 265 нөмір. Қазіргі өлшеммен қарағанға тым аздау. Алайда байтақ даланың маужыраған иесін ұйқыдан оятып, санасын дүр сілкіндіру үшін осы аз ғана газет-ғұмыр қыруар жүкті арқалады. Теңдік пен бостандыққа ұмтылу ұшқыны нағыз қоздай бастаған заманда ақ патша саясатына мойын шұлғып отыра беру ұлт ретінде езіліп, «жоқ» болумен бірдей еді. Сондықтан да сол кездегі бір топ шоқ жұлдыздай қаулап, өсіп жетілген, ұлтжандылық сезімі лаулап жанған интеллигенция шоғыры өз халқының, ұлтының өркендеуі жолында бастарын бәйгеге тіге отырып күреске түсті. Ондай күрестің басты құралы «Қазақ» газеті еді.
Ең бастысы, газет шығарушылары ұлт баспасөзі арқылы патшаның жымысқы саясатына қазақтың көзі ашық болуына жұмыс істеді. Осы мақсатта «Қазақ» газеті ұстанған басты мақсаттардың бірі Дума заңдары мен онда қаралатын заң жобаларын халыққа жеткізу, тек жеткізіп қана қоймай, үкімет тарапынан әзірленіп жатқан жобалардың қазаққа тигізер кесіріне баса назар аудару еді. Құқықтық өркениеттілікті түсінген интеллигенция жұртты патшаға, оның жергілікті жандаралына емес, заңға жүгінуге үндеді. Осындай ұлттың мойнындағы ұлы мұратты ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі – «Қазақ» газеті толық әрі өз деңгейінде шебер орындап шықты деп айтуға болады.
Тарихи мәліметтерге жүгінсек, 1906 жылғы сәуірдің 22‑сінде алғашқы Ресей Думасының ашылуына дәл бес күн қалғанда орыс баспасөзінің өкілдері жиылып, парламентте журналистер үшін ұсынылған 35 орынды бөліске салды. Мемлекеттік Думадағы мәселелерді, депутаттар қызметін жазып тұру үшін бөлінген осы орындарға жүзден астам үміткер таласады. Нәтижесінде парламенттік журналистикаға ұсынылған орынның 13-ін петерборлық баспасөз иеленсе, төртеуі мәскеулік газеталарға тиді, 8‑і провинция және ұлттық газеталарға берілді. Тағы бір орын «Рабочая газетаға» қалдырылса, енді біреуі апталық және ай сайын шығатын баспасөзге арналды. Әрине, кейіннен жарық көре бастаған қазақ баспасөзіне мұндай «ілтипат» тұрмақ, депутаттықтан орын бөлудің өзі зар болғаны белгілі. Бірақ ұлттық идеяны насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Қазақ» газеті татар баспасөзімен, Думада қазақтың сөзін сөйлейтін, жаны ашитын депутаттармен, мұсылман фракциясымен бірқатар өзекті мәселеде бірлікте болды.
Шындығында да, 1913 жылы ақпанның 2-сінен бастап жарыққа шыққан «Қазақ» газетінің басты мақсаты «есігін тарс бекітіп, қалың ұйқыға кеткен» жұртты түндіктен сәуле болып кіріп, ояту болатын. Бұл жөнінде ұлт газетін шығарушы көсемдер былай деп жазады: «Газет қызметі – халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып, ұлтының ар‑абыройын күзетіп, жұртын жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақтандыру. Бас, көз, құлақ, тілдің тәнге істейтін қызметшілігі мен газеттің жұртқа істейтін қызметшілігі бір тәрізді. Бастау, көру, есту, сөйлеу қуаты баста, көзде, құлақта, тілде болғанда, істеу қуаты – жалпы тәнде. Жалпы тәннің күші жетпейтін орында бастың білгенімен, көздің көргенімен, құлақтың естігенімен, тілдің сөйлегенімен еш нәрсе болмайды. Тәннің күшті болуы да, елдің күшті болуы да – екеуі де тәрбиеден. Тәрбиесіз тән қандай азса, тәрбиесіз ел де сондай азбақ. Тәрбиесі аз ел мен тәрбиесі көп елдің күші қандай болатынын көзбен көріп отырған жоқпыз ба?! Бір баланы жасынан тәрбиелеп, адам санына жеткізгенше бірталай жыл керек. Ел тәрбиесі – оның қасында зор жұмыс. Ел есейіп, жұрт санына кіруіне көп тәрбие, көп тәртіп, көп заман керек... Газеттің басына ақ орда қондырылып, түндігі жарық көрінуіне еркін, ашық қойылып, есігін «Қазақ» күзетуі, сөзсіз‑ақ, газеттің тұтқан жолы мен көздеген мақсаты не екендігін айтып тұр. Мұны жатырқап, жат түсінбесе, ғажап емес, бірақ қазақ баласы түсінсе керек».
«Қазақ» газетінің сол кезеңдегі заң шығармашылығы жұмысына араласуы да негізінен бірнеше бағытта өрбіді. Атап айтқанда, біріншіден, Ресей Думасына ұлты қазақ азаматынан өкіл сайлаудың жолын қарастыру және осындай шектеуге байланған құқықты заң жүзінде жою жолдарын қарастыру. Ондайға қол жетпейтін болғандықтан, мұсылман фракцияларына, оның бюросына қазақтан кісі қою арқылы заң шығармашылығы жұмысына араласу және қазақтың өзекті мәселелеріне қолдау білдіретін басқа да ұлттың депутаттарымен тығыз байланыс орнату.
Екіншіден, Думадағы қаралған және қаралатын мәселелерді, ережелерді, заңдар мен заң жобаларын халық арасына кеңінен таныстырып отыру. Үкіметтің әзірлеген заң жобасына баспасөз арқылы, жақтас депутаттар мен фракциялар арқылы үндеп отыру. Бұл тұрғыда сол кездегі ең үлкен проблема болып табылатын жер мәселесіне, қазақтан солдат алу ісіне, сондай‑ақ білім беру, оның ішінде бастауыш мектептерге ана тілінде білім алуды енгізу, дін істері мен мүфтилік, земство, сот билігі мәселесіне де баса назар аударылады. Жер нормаларын қолдану мәселелері бойынша ауқымды пікір алмасулар газет жүзінде жарыққа шығарылып, пікір алуандығына жол ашты. Сол секілді қазақтан солдат алу ісіне байланысты жұртшылық арасындағы пікірлер ғана емес, сол кездегі татар, орыс баспасөзінің осы мәселеге көзқарастарын кеңінен аударып, жұртшылықтың талқысы үшін газет бетінен орын берілді.
Үшіншіден, қазақ жұртының құқығының тапталмауына, билеушілер тарапынан заңды аяққа басып, өз білгенін істеуіне жол бермеу. Атап айтқанда, жер, дін мәселесі, сот істері бойынша газетті шығарушылар қазақтың құқығын қорғауды, яғни тұтастай ұлттың адвокаты болуды қолға алды. Газет арқылы бұрынырақта шыққан, яки сол кезеңдегі қолданылып тұрған заң нормаларына, ережелеріне талдама жасап, патша билеушілерінің заңға қайшы әрекеттерін қатаң сынға алып, жоғарыда атап өткеніміздей, жұртты тек заңға құл болуға үндеді. Әсіресе қазақтың жерін талап алып жатқан тұста заңсыздықтардың орын алуына байланысты оқиғаларды газетте жариялап, талқылап, заңнан қисық кеткен әрекеттерді әшкерелеп отырды. Мұндай мәселелерді Думаның құлағына жеткізуге тырысты.