Қазақ әуенінің ақиығы
Қазақтың қай өңірін алып қарасақ та киелі. Жері қасиетті. Әр аймақтың өз ақыны мен жазушысы, ғалымы мен өнерпазы, әулиесі, батыры мен биі, шешені және болған. Оның ішінде Жетісу өңірі де қазаққа ұлтымызды әлемге танытқан тұлғаларды аз берген жоқ. Жетісу дегенде әр адамның есіне алдымен басын мәңгілік қар мен мұз басқан Алатау, сансыз өзен-көлдер мен бау-бақшалы Алматы түседі. Ал қазақтың аса көрнекті композиторы, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ елінің Әнұранын жазған автордың бірі – Мұқан Төлебаев үшін Жетісу ол үшін кіндік қаны тамған Лепсі өзенінің жағасындағы құм, онда өскен шеңгел, жыңғыл, жусан мен шырғанақ еді. Биыл – сол Мұқанның туғанына 100 жыл. Түркі тілдес 15-ке жуық елдің мәдениеті мен өнерін дамытумен айналысатын ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2013 жылды Мұқан Төлебаев жылы деп жариялаған-тын. Ал ҚР Үкіметінің қаулысымен жыл басталғалы бері жер-жерлерде ұлы композитордың мерейтойына арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Солардың бір парасы Алматы мен Алматы облысында жалғасын тапты.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фотолар)
Жоспарға сәйкес, маусымның 13-15-і күндері Алматыда ғылыми конференция өтсе, ал облыс аумағында ақындар айтысы, ұлт аспаптар оркестрі мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт пен бәйге ұйымдастырылып, Талдықорған қаласында М. Төлебаевтың қоладан құйылған еңселі ескерткіші тұғырға қондырылды.
Аңсар МҰСАХАНОВ, Алматы облысының әкімі:
– Салт-дәстүрімізді жандандырып, оны халық жадында мәңгі қалдыру мақсатында Алматы облысында нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдардың өзінде-ақ облысымыздың әр түкпірінде ұлтымыздың ұлы тұлғаларын еске алдыртатын, елге танытатын ондаған ескерткіш бой түзеді. Мұқан Төлебаевқа арналған ескерткіш – солардың бірі. Қазақтың еуропалық үлгідегі кәсіби музыкасының негізін қалаушысына қандай құрмет көрсетсек те, артық бола қоймас. Бұл ескерткіш келер ұрпақтың ұлттық өнерімізді сүйіп, отансүйгіштік сезімін оятатыны ақиқат. Қаламызда жастар тағзым ететін тағы да бір киелі орын пайда болды деп есептеймін.
Әнуар ЖҰМАНОВ, Талдықорған қаласының тұрғыны:
– Менің түсінігімде әр адам мамандығына қарамастан, өзінің туған өлкесінің, тұрған көшесі кімнің атында және сол адамды туғанындай жақсы білуі керек. Олай дейтінім – әр азамат жоқ дегенде бір ұлы тұлғаны жан-жақты білетін болса, барлық тұрғындар біріккенде тарихымызды толықтай меңгерген болып шығады. Мәселен, мен өзім тұрып жатқан Жансүгіров көшесі бойында орналасқан үйімнің ауласындағы әр балаға, Абай мен Мұхтарды, І. Жансүгіровтің шығармаларын таныстырумен келемін. Енді, міне, Иншалла, бұл тізімге М. Төлебаев қосылып отыр.
Бір жақсыдан – мың шарапат. Ұлы композитордың мерейтойы қарсаңында ескерткіштен бөлек, өзі туып-өскен Сарқан мен Ақсу ауданындағы бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, ауыл арасындағы жолдар жөндеуден өтті, мәдени ошақтар қалпына келтірілді.
Осы мерейтойға шашу ретінде Астана қаласының өнерпаздары да өз үлестерін қосуға тырысып бақты.
Сәкен ӘБДІРАХМАНОВ, Астана қалалық филармониясының директоры:
– Бұл той Алаштың абыройын өзгенің алдында да, өзіміздің алдымызда да танытқандай болдық. Және бұл той – жалғыз Алматы облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның тойы. Сондықтан біз де қатысқымыз келді. Атсалысқымыз келді. Мұқан атамыздың жүрген топырағын көріп, ауылын көріп, музейін көріп, көп дүние алдық.
Мерейтойлық шаралар Мұқан Төлебаевтың шабыт шақырып, талай туындысын жарыққа шығарған Лепсі өзені мен Мерей тау етегінің арасында мәресіне жетті. Композитордың ұлы Айдар Төлебаевтың айтуынша, сәтті шығармаларының бірінен соң бірінің келуіне өзіндік себеп те жоқ емес.
Айдар ТӨЛЕБАЕВ, «Қазақсәулет академиясы» ЖШС-нің жетекшісі, М.Төлебаевтың ұлы:
– Әкем ойындағысын жазуға арнайы сәтті, күнді, мезгілді белгілеп отырмайтын. Шабыт оған қай уақытта келсе, сол уақытта істеп отырған ісін тастай салып, бірден жазу-сызуға кірісе кететін. Бір қызығы, әкем жұмысқа кіріскенде электр жарығын мүлде қолданбайтын, шығармаларын майшамның жарығымен жазатын. Одан бөлек, әкемнің өнерге жақын болып өсуіне аздаған ақындығы бар әрі әншіліктен де кенде емес анасы Тәжібала мен туысқан ағасы Апырбайдың ықпалы ерекше болды.
Балнұр ҚЫДЫРБЕК, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы:
– Мұқан қанына біржола сіңген табиғат көріністерінен бөлек, осы өлкенің Дәуренсал, Пышан мен Қалқа әндерінің әуендері, домбырашы Қадаудың орындауындағы Бапы, Байсерке күйлерінің иірімдері, ағасы Апырбай мен әйгілі Шашубайдың төкпе ақындығының нөсері айтарлықтай әсер етті. Осылардың әрқайсысының бір-бір бөлшегін Төлебаев шығармашылығынан анық аңғаруға болады.
Бала Мұқан жастайынан ауыл-аймақ арасында өтіп тұрған байқауларға қатысып, көзге түсіп жүреді. 1936 жылы Алматыда байқау өтетін болып, оған Талдықорған өңірінен өнері өзгелерден оқ бойы озық 10 өнерпаз жіберіледі. Оның ішінде Мұқан Төлебаев та болған еді. Бұл сайыста да бағы жанып, қазылар алқасының ұйғарымымен Мәскеуге аттанады. Мұқаңның Еуропаның музыка мәдениетімен танысуы осылай басталған еді. Алайда Мәскеудегі оқуының аяқталуы екінші Ұлы Отан соғысының басталуымен тұспа-тұс келеді. Алайда денсаулығына байланысты соғыс әрекеттеріне толықтай қатыса алмаған ол Алматыға оралып «Соқ, барабан», «Жорық», «Татьяна туралы ән», «Комсомол» сынды көптеген ән-романс жазып шығады. Әсіресе «Тос, мені тос», «Кестелі орамал» атты шығармалары қазақ кәсіби музыкасы саласында романс жанрының қалыптасуына әсерін тигізген.
Жалпы, М. Төлебаев көзі тірісінде 100-ден астам шығарманы дүниеге әкелген болса, соның ішінде «Біржан-Сара» операсының шоқтығы биік. Олай дейтініміз – оның дәл осы туындысы 40 жылдай уақыт бұрын әр елдің сахнасында сан мәрте орындалып келген болса, алдағы уақытта да осынша рет шырқала бермек. Бір өкініштісі, өмірінің соңғы күндерінде жазуды бастаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсын аяқтай алмай кетті.
Қазақ кәсіби музыкасының негізін салған дарын иесі 1913 жылы 13 наурызда бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Бөрлітөбе ауданы Қарашыған бойындағы Үлгі ауылында туған. Мұқанға дейін анасы Тәжібала 10 құрсақ көтергенімен, нәрестелердің барлығы бірінен соң бірі шетінеп кетіп отырған. Төлебай көрген түсті жорытпақ болып, ауыл молдасынан ақыл-кеңес сұрауға барған екен. Сөйтіп, Төлебай әкей молданың айтқанын бұлжытпай орындағаннан кейін дүниеге келген сәбиінің есімін Мұхамедсәлім қояды. Бірақ анасы Алладан тілеп алған баласын еркелетіп Мұқажан, ал ауыл балалары Мұқан деп атап кеткен екен. Бұл кейіннен қазақтың классикалық музыка өнеріне айрықша үлес қосқан, асқан талант иесі Мұқан Төлебаев еді.
Жұматай ӘМІРЕЕВ, Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын:
– Жалпы, Мұхаммед есімін иеленгендер ішінде осалы жоқ. Мұндай адамдарға, бір жағынан, Алланың шапағаты түскен де болар. Олардың ішінде бір ғана Бөрлітөбеден әлемдік деңгейдегі М.Төлебаев пен оның төл шәкірті Еркеғали Рахмадиевтің қатар шығуы таңғажайып құбылыс емей немене...
М.Төлебаев 1945 жылы арнайы тапсырыс бойынша Е.Брусиловскиймен бірігіп Қазақ ССР гимнін жазған еді. Бұл шығармада ол жанр тәртібі мен ережесін жан-жақтылы сақтап қана қоймай, «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» деген ғасырлар бойы қазақ халқының жадында жүрген арманын Әнұран арқылы алпыс жыл арқалап, сол арманның орындалуына жеткізді.
«Алатау алыстаған сайын биіктейді» деген сөз бар. Таудың саңлақ тұлғасы, көрікті сымбаты алыстағанда ғана өзінің көзтоймас әсемдігін көрсететіндей. Сондай-ақ ұлы композиторға деген көзқарас та, ұғым мен сезім де уақыт озған сайын ұзақ сынақтан өтіп, оның ұлылығын айқындай түсетіндей. Мұндай мәртебе, мұндай бақ екінің бірі емес, ілуде біреудің ғана үлесіне тиетіні сөзсіз. Бұл тұста Мұқан ағамен бірге Еркеғали Рахмадиевті атауға болатындай.
Балнұр ҚЫДЫРБЕК, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы:
– Бір өкініштісі, Еркеғали Рахмадиевке осы салтанатты көруге екі-ақ ай ғана уақыт бұйырмады.
Біз, бүгінгі қазақ композиторлары, Ғазиза Жұбанова, Құддыс Қожамияров, Анатолий Бычковтан оқысақ та, бәріміз шығармашылықта Мұқан Төлебаев бастаған Еркеғали Рахмадиев жалғастырған сара жолмен келеміз. «Бұл бағыт – ұлттық әуезді жоғары кәсібилікпен көркейтіп, мазмұн мен форманы тең ұстау». Ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың айтқан бұл сөзі барлық кезде жадымызда болмақ.
Тойда айтылған естеліктер
Айдар ТӨЛЕБАЕВ, «Қазақсәулет академиясы» ЖШС-нің жетекшісі, М. Төлебаевтың ұлы:
– Менің байқағаным – әкем ешуақытта ешбір адамға өзінің шығармаларын тыңдауға мәжбүрлемейтін және өзін аяғанды қаламайтын. Одан бөлек, әр адамның қалауымен санасатын. 13-14-ке келгенімде әкем менен қай мамандықты таңдайтынымды сұрады, сонда мен айттым «маған музыкадан гөрі сурет салған, үй тұрғызған ұнайды. Сондықтан менің осы маман иесі атануыма көмектескеніңізді қалаймын» дегенімде әкем біршама уақыт ойланып тұрды да, «мен саған көтере алмайтын шоқпарды арқалатқым келмейді. Сенен сұрайтыным, таңдаған мамандығыңның шебері бол, ізденісті тоқтатпа», – деп қысқа қайырды.
Роза САДБЕКОВА, Мұқан Төлебаевтың балдызы:
– Жездем қырықтан асқан шағында көлік сатып алған еді. Бірде сол көлікке мен де отырдым. Көшеде кетіп бара жатқанымызда Мұқан ағам тоқтамастан қызылға өте шықты. Ол уақытта қалада көлік аз кез, Құдай сақтап үйге аман-есен жеттік. Мен жартылай шошып, жартылай таңырқап, ол кісінің жүзіне көз салғанымда жан-жағына қарамастан рөлге жабысқан бойда мізбақпай отыра берді. Үйге келгенде болған жайтты Дариға әпкеме айтқанымда, әпкемнің көзі шарасынан шығардай адырайып: «Құдай сақтасын. Мен оған айтып едім ғой, абайлап жүр, мұқият бол деп. Өткенде де екеуміз келе жатып бір көшеге бұрылғанымызда, МАИ қызметкері тоқтатып, айыппұл жазып берген еді», – деді. Сөйтсе, жездем көшеге бұрылмас бұрын жағылуы тиіс поворотникті жағуды ұмытып кетіпті.