Қазақ әншілері батыс жұлдыздарының пародиясы ғана ма?
Менің әріптестерім, жалпы біздер журналситер қауымы әлеуметтік желілерде болсын, басылымдарда болсын, «қазақ эстрадасы бар ма, жоқ па; шоу-бизнес пе, той-бизнес пе» деп дауырығып, жарыса мақала жазып, пост жазып жатамыз ғой. Бірақ көбіне өзімізден кейінгі буынның қандай ән тыңдайтынын, қай әншіні мойындайтынын, қандай музыкаға қызығатынын біле бермейміз. Қарап отырсақ, өзіміз кешегі біздің әке-шешелеріміз тыңдаған музыканы ретро әндер деп қабылдап, құрметтейміз. Дегенмен біздің талғамымыз олардікінен бөлек қой. Сол секілді қазіргі жас буынның да талғамы біздікінен бөлектеу екен....
Таяуда үйімізге қонаққа бір туысқан інім келді. 15 жастағы Ілияс Алматыдағы колледжердің бірінде оқиды. Қалада өссе де қазақы тәрбие алған Ілияс менің жұмыс компьютерімді пайдалануға рұқсат сұраған соң қарсы болмадым. Бір қарасам ол ғаламтордан музыкалар тыңдап, клиптер көріп отыр екен. Қазіргі жасөспірім балалар қандай музыка тыңдайды екен деп Ілиястың жанына жайғастым. Біраз уақыт қасында отырғанымда Ілиястың бірде бір қазақ эстрадасындағы әншілерді тыңдамағаны мені таңғалдырды.
Сонда Ілияс қандай әндер тыңдайды дейсіз ғой? Бейонс, Bad Street Boys, Элтон Джон, Рианна, Шакира, сондай-ақ кілең Ресейдің, Украинаның әншелері, әйтеуір ішінде бір қазақ әншісі жоқ. Ілиястан «Сен неге қазақ эстрадасын тыңдамайсың?» деп сұрағанымда ол: «Қазақтың әншілері батыс әншілерінің көшірмесі ғана ғой. Көшірмені тыңдағанша, оригинал жақсы емес пе..» дегені.
«Мысалы, жас әншілердің ішінен Мақпал Исабекованы алайықшы, ол түр-тұлғасымен де, шаш қою үлгісімен де Рианнаға ұқсағысы келеді, ән орындағанда да соған еліктейді. Ал Әлішер Каримов маған Киркоровты елестетеді, Қайрат Түнтеков Андрей Губин секілді. Мен қазақ әншілерінің дауысына, дарынына баға бере алмаймын. Бірақ шынымды айтсам, көбі менің талғамыма сай келмейді», деді інім.
Мына баланың қазақ эстрадасына менсінбеушілікпен қарағаны менің көңіліме тисе де, оның сөзінде де жан бар-ау деген ойда қалдым. Бірақ сонда да Ілиясқа қазақ эстрадасын барынша жақтай түстім.
Ілияс, сенің қатарластарыңның көбі Қайрат Нұртасты сүйіп тыңдайды. Одан басқа да қазақта көптеген мықты кәсіби әншілер бар. Мысалы, Мейрамбек, Жұбаныш, Сәкен сияқты ағаларыңды білесің бе?, деп қоямын.
– Мен сіз айтқан әншілерді жақсы білемін, анда-санда олардың орындауындағы әндерін тыңдаймын. Бірақ маған Қайраттың бір әнін тыңдау жеткілікті, қалғанында бір-бірінен аса айырмашылық жоқ. Ал Заттыбек, «Музарт», «Жігіттер» секілді қазақ эстрадасының жұлдыздарын интернеттен тыңдаудың қажеттілігі аз. Өйткені оларды кез келген тойдан тыңдауға да, тіпті көруге де, бірге суретке түсуге де болады.
Әр сөзін мысалмен дәлелдеп сөйлеп отырған балаға осындайда не деріңді де білмейді екенсің?...
Бір кезде ол маған: «Қазақстанда өтіп жатқан «X-фактор», «Қазақстан дауысы» сияқты байқауларды алғашында жібермей көретінмін. Кейіннен біздегі осындай музыкалық байқауларды мүлде көмейтін болдым. Өйткені басқа елдердегі ән байқауларын интернеттен көріп алғаннан кейін біздің қазылар алқасында отырған әншілеріміздің музыкадан ешбір сауаты жоқ секілді көрінді маған. Мысалы, қараңызшы, мен сізге Украинада өткен Х-фактор байқауынан бір үзінді көрсетейін деп ол маған келесі видеоны көрсетті. Мен де сіздермен бөлісе отырайын: Аида Николайчук X-фактор-2 видео
Міне, YouTube-тағы осы бейнероликтен бастап бірнеше бейнеролик қарапайым қыз Аида Никалайчуктың қалай кәсіби әнші деңгейіне көтерілгенін, қазылар алқасының оған айтылған сындарын тыңдай отырып, нағыз байқаудың қандай болатынын көргендей болдым.
Иә, музыкалық байқаулардың көпшілігі шоу. Дегенмен қай елде болмасын осындай байқаулардың арқасында көптеген әншілер үлкен сахнаға жолдама алып жатады емес пе? Мысалы, біздің қазақ эстрадасындағы Алмас Кішкенбаев, Әлішер Каримов, Нұржан Керменбаев, Мақпал Исабекова, Қайрат Түнтеков секілді әншілеріміз «Супер стар» байқауында алғаш танылған болатын. Сондай-ақ таяуда ғана өткен «Қазақстан дауысы» байқауында Шахаризат, Роза секілді әншілер біраз халыққа танылып үлгерді. Дегенмен біздің елімізде өтетін көптеген байқаулардан нағыз кәсіби эстрадалық әнші шықты деуге әлі ертерек секілді. Өйткені қай байқауды алсаңызда қазылар алқасында отырған аға буын, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай сахнаға шыққан қыз жігіттерді мақтап-мақтап қоя береді. Тәжірибесіз, сахнаға жаңа шыққан әншінің шыңдала түсуіне себін тигізетін жақсы сын, құнды кеңес айтқан адам көрдіңіз бе? «Сен дайын әншісің, ғажапсың, дауысың тамаша» деген сөздер жас дарынды өсіруден гөрі жалт етіп жандырып, жалп етіп өшіріп тастамай ма?...
Әрине, құлағы қалқиған бір сары бала қазақ әншілерін тыңдамайды екен деп қазақ эстрасының әншілерінің бәрін жоққа шығарудан аулақпыз. Дегенмен кейде жас буынның да пікірімен санаспасқа болмайды. Жалпы эстраданың түп тамыры африкалықтардың фольклоры ғой. Бірақ бүкіл батыс осы фольклор арқылы өздерінің эстрадасын жасап алды. Ал біз неге көшірме деңгейінен шыға алмай отырмыз? Сонда қазақ эстрадасы батыс эстрадасының пародиясі ме? Егер осылай жалғаса беретін болса, бізден кейінгі ұрпақ қазақ эстрадасын керек етпейді де. Өйткені қазіргі заманда жастардың әлемдік деңгейдегі музыканы тыңдауға, жұлдыздар туралы мағұлмат алуға, оларды өз еліміздегі өнерпаздармен салыстыруға барлық мүмкіндіктері жетерлік.