– Роза, өткен жыл сіздің шығармашылығыңызға шабыт берген жыл болғандай, себебі сіз былтыр Алматы облысының бірқатар аудандарында, өзіңіз туып-өскен Оңтүстік өңірін аралап, алғашқы шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Арасында бесік тербетер ана екеніңізді де ұмытпай, Еларыстай төртінші перзентіңізді дүниеге келтірдіңіз. Биыл да сол қарқынды әлсіретпей, толыққанды әндеріңіздің жинағын шығарып, бүгін соның тұсаукесер кеші болғалы жатыр. Бұл кештің бұрынғы кештеріңізбен салыстырғанда алар орны қандай? Сіз бұл кештен не күтесіз?
– Халық қай жерде де бір ғой, дегенмен облыстарға қойған концерт бөлек те, бүгінгідей руханияттың ордасы Алматының төрінде болатын ән кешінің орны алабөтен. Сондай-ақ былтырғы жылдан бері де шығармашылығыма «Жүрек дүрсілі», «Менің достарым», «Туған жер» секілді көптеген жаңа әндер қосылды. Осы кешке өзімнің ең алғаш шығарған «Аташым» әнін арнайы өңдетіп, жаздырдым. Осы ретте Төлеген Айбергенов ағамыздың сөзіне жазылған «Атамекен» әнін де айта кету керек. Атап айтарлық тағы бір жайт, былтырғы облыстар мен аудандарда болған концерттерге мен өзім ғана барғанмен, әндерімді орындаушылар жете алған жоқ. Сондықтан жұртшылық, мәселен, Ажар Түзелбекқызының орындауындағы «Сағындым сені» әнін жақсы білгенімен, оның менің әнім екенін білмейді.
Сондай-ақ Ақбота Керімбекова айтатын «Орындалмас тілегім», Баян Нұрмышева шырқайтын «Жібектің елін» де менің әнім деп білмеуі мүмкін. Осы концертте ел бұрын-соңды естімеген жаңа әндерім шырқалғалы жатыр, оның бірі «Кездесейік Алматыда» әні, оны «Кеме қалған» тобы орындамақ. Ал Бауыржан Бегазовқа өзім өтініш жасап, Әмірхан Балқыбектің сөзіне жазылған «Шардара кеші» әнімді орындатқалы жатырмын. Ол менің өзімнің туған өңіріме деген сүйіспеншілігімнің белгісі іспетті. Басында негізі өзім тек кішігірім ғана етіп, тұсаукесер рәсімін өткізем деп ойлағам, бірақ келе-келе оның түрлі себептерге байланысты ауқымы кеңіп сала бергенін көріп, өзім де таңғалып қалдым. Оған осы кеш өткелі отырған қазақ руханиятының қасиетті қара шаңырағы Жазушылар одағындағы Бақыт Беделхан, Жарас Сәрсек, Жанарбек Әшімжан ағаларымыздың да белгілі бір ықпалы болды. Сонымен, бұл бұрынғы кештерімнен өзгерек сипат алып, арасында менің қысқа жыр шумақтарым да оқылатын болып жатыр. Концерт шымылдығын қазақ эстрадасындағы шоқтығы биік әнші апамыз, хас талант Мақпал Жүнісованың ашатыны да мен үшін үлкен мәртебе болмақ. Әу баста шағын ғана ән жинағымның тұсаукесері деп жоспарлаған кешім аяқ астынан есеп беру концертіне ұласқалы отыр.
– Осы уақытқа дейін кеудеңізді жарып шыққан авторлық әндеріңіз қаншаға жетті?
– Өзім орындайтыным бар, басқа да әншілердің орындауындағы әндерімнің саны қырыққа жетіп қалыпты. Соның отызға жуығы жинаққа еніп отыр.
– Сіз әнді орындаушы ғана емес, оның әуенін, тіпті керек десеңіз сөзіне дейін өзіңіз тудыра алатын жан-жақты дарын иесісіз. Сондықтан болар, әр шығармаңызға асқан жауапкершілікпен қарап, әні мен сөзінің үйлесімділігін іздейтініңіз байқалады. Осындай талғам иесі өзгенің орындауындағы өз әндеріне қалай қарайды екен, яғни орындаушыны өзіңіз таңдайсыз ба, әлде әншілер өзі қалап ала ма?
– Мен ешқашан бір әншіге «менің мына әнім сізге келеді» деп көрген емеспін. Көбіне өнерде қатар жүрген үзеңгілес достарым өздері кездейсоқ тыңдап қалады да, «осы әнді мен айтам» деп таңдап алады. Себебі өзіне не керегін адамның өзінен артық ешкім білмейді. Сырттан теліген нәрсе бәрібір адамның өз көңілінен шыға қоймайды. Мысалы, Ләззат Жанаманова деген әнші өзі менімен арнайы келіп танысып, ән сұрады, көп әндерімді тыңдап отырды да ішінен «Ардағымсыңды» алды, Ажар Түзелбекқызы да «Сағындым сені» әнін көп әндерімнің ішінен таңдап алған, Ақбота Керімбекова да «Орындалмас тілегімді» кездейсоқ тыңдап қалды да, «туһ, мынау маған арналған ән екен, бітті мен орындаймын» деді. «Жібектің елі» әлі толыққанды шықпай тұрғанда, пойызда бірге гастрольге бара жатқанда «мынаның шумағын шығарып берші, мен орындаймын» деп қалап алған. Соңғы шығарған, әлі ешкім естімеген «Қаңтарда жауған жаңбыр» атты Жарас Сәрсектің сөзіне жазылған әніме үш әнші бірдей құда түсіп, өзі ыңғайсыздау болып қалды, соңында Еркін Нұржановқа бұйырды.
– Өнердегі қандай жағдай сіздің жаныңызға батып, көңіліңізді алаңдатады?
– Күні кеше Рамазан Стамғазиев ағамызбен жолығып қалып, эстраданың бүгінгі жағдайы жайлы әңгімелесіп қалдық. Бір ғана мысал, бүгінде дыбыс жазу студиялары біздің ән жинағымызды шығарады да, түскен табысын да өздері көреді. Бізге одан түсіп жатқан қаламақы жоқ. Әр әнді өңдетуге кететін қаржыны айтпағанда, қашанда халық алдында жүрген соң әркез әдемі киінуіміз, түр-келбетімізді қалыпта ұстауымыз керек десек, оның барлығы да қаржыны талап етері даусыз. Алайда оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ, кім қолынан не келсе, солай ақша тауып, өз бетінше өнерін дамытып жатыр. Біздің «шоу бизнестің» сиқы осы! Тойдан түссе – түсті, түспесе ол да жоқ. Неге қазақ әншілерінің бүгінде құмығып, үні өшіп қалды? Өткендегі «қазақ әншілерінің бейнебаяндарын арналардан тегін көрсету керек» дегендей бастама көтерген Қыдырәлі Болманов сынды қолы сәл де болса ұзындау, кеудесінде намысы бар азаматтар ғана бір бой көтеріп қалатыны болмаса, қалғанымыз түгел үнсізбіз.
Біздің қазақ бұған үндемей отыра береді. Жарайды, жұрт осылай дейік, ал өнерде өзіндік орны бар аға-әпкелеріміз неге үндемейді? Бірақ қашанғы бұл жағдай осылай тұра бермек, түбінде біреу сөйлеуі керек шығар? Қазақ әнінің түтінін өшірмей жүрген орта буын, жас буын өкілдерінің сөзін кім сөйлейді?
– Бәлкім, біздің қазақ әншілерінің төмен бағалануы өнерін кәсіппен ұштастырып, бұлдай алмағандығынан болар? Қалай ойлайсыз?
– Өнерді кәсіп етіп, несібесін тауып жатқандар да бар, сондай-ақ басына өнер қонған соң, соның азабына төзіп жүргендер де бар. Мысалы, мен айтар едім, қазақтың әнін сүйетін, ешқандай алабажаққа қызықпай, қазақ әнін дәріптеп жүрген Ақбота Керімбекова, Саят Медеуов, МузАрт тобы, Досымжан Таңатаров сынды әншілеріміз сонау Роза, Мақпал апаларымыз бен бүгінгі Қайрат Нұртасқа дейінгі аралықты жалғауда үлкен еңбек етті. Солардың қиын-қыстау шақта қазақ өнерін өлтірмей, соған адал болып қалғандығының арқасында бүгінде қазақ эстрадасының түтіні түзу ұшып тұрған жайы бар. Ал бірақ сол апа-ағаларымыз өз дәрежесінде марапатталды ма? Бір жерге қызметке тағайындалды ма? Оған дейінгілерде ең құрығанда «Мәдениет қайраткері» деген атақ бар. Онда неге осы буынды ешкім елемейді, еңбегін неге ескермейді? Егер солар ескерілсе, одан кейін өсіп келе жатқан дарындар талпынар еді, шын өнердің бағаланатынын білер еді. Уақыт бәрін екшеп, өз орнына қояды дейміз, бірақ сол уақыт өте келе таланттың бетіне әжім түсіріп, шашын ағартады, бір кездері алаулаған от кеудесі ешкім үрлемеген соң өшіп те қалады. Осы жағынан алып қарағанда, мен өзімді осылай сәл де болса көрініп, жансарайымды жарып ұшқан өнерімді халықтың назарына ұсынып жүргенімді бақыт санаймын. Қазақ әніне тамшыдай үлес қоссам, ол да – мен үшін бақыт!
Бөлек ой
Өз жерімізде тұрып, өз арналарымыздан бейнебаянымызды көрсету үшін әрбір айналымына бәлен ақша төлейтініміз қай әншінің арқасына аяздай батпайды дейсіз? Ары кеткенде бес минуттық бір бейнебаянымызды түсіруге 5 мың мен 10 мыңның арасында қаржы жұмсалады десек, оны бір рет қана көрсету кей арнада бес мың теңге болса, бір арнада жеті жарым мың теңге, ал бірінде тіпті бір айға бес мың АҚШ долларын құрайды. Сондықтан бүгінде ақшасы барлар ғана арнаның төрін бермей тұр, оның дауысы, кәсіби біліктілігі деген мәселе ешкімді де қызықтырып жатқан жоқ. Содан келеді де болар-болмас диапазонда дауысы бар біреулер Республика сарайы, Конгресс холл сынды зәулім сарайларда жеке концертін өткізіп шыға келеді.