Қазақ әдебиетінің Досжаны дүниеден озды
Қазақ әдебиеті орны толмас ауыр қазаға ұшырады. 72 жасқа қараған шағында көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжан дүниеден озды.
Ол 1942 жылы 9 қыркүйекте Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Құланшы ауылында туған. 1964 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ды үздік аяқтаған. 1963-1966 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінің әдеби қызметкері, 1966-1975 жылдары Алматыдағы мемлекеттік «Жазушы» баспасында аға редактор, бөлім меңгерушісі, 1976-1984 жылдары ҚР Баспа комитетінде аға редактор, бөлім меңгерушісі, 1984-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, 1992-1994 жылдары «Жалын» журналында аға редактор, 1994-1996 жылдары ҚР Авторлық және аралас құқықтар жөніндегі агенттіктің бөлім бастығы, 1996-2002 жылдары ҚР Ұлттық банк мұражайының директоры, 2002 жылдан «Мәдени мұра» – «Культурное наследие» журналының бас редакторы болып қызмет еткен.
Алғашқы өлеңі 15 жасында жарық көрген. Содан бері 11 роман, 22 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме жазды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 60 жылдай жабулы мұрағатына алғаш енген жазушы сот құжаттары желісімен «Абақты» дерекнама кітабын және 1986 жылғы Желтоқсан қырғынының қанды ізімен «Алаң» романын жазды.
«Жібек жолы», «Отырар», «Фараби», «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі», «Кісі ақысы», «Мұхтар жолы», «Абай айнасы», «Алыптың азабы», «Дала гладиаторлары», «Ақ Орда», «Үш тағдыр», «Бабалықпен тілдесу», «Диалог с детством», «Жан тәтті», «Астананың бас архитекторы», «Жазмыштың формуласы», «Абайдың рухы», «Терезенің жарығы», «Когда я умирал» атты кітаптары жарық көрген. Әлемнің 20 тілінде жеке жинақтары шыққан. 1990 жылы екі томдық таңдамалы шығармалары, 2002-2003 жылдары 13 томдық шығармалар жинағы оқырмандар қолына тиді.
Қаламгер ҚР Мемлекеттік сыйлығының, М.Әуезов атындағы ұлттық сыйлықтың лауреаты. Түркістан қаласының, бірнеше аудандардың Құрметті азаматы. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Қаламгер 1974 жылы «Зауал» кітабы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы жақсы роман» сыйлығын, 1988 жылы Украинаның «Днепро» баспасынан шыққан «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы жақсы кітап» сыйлығын алған. Жазушының есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының ІІ томына, «Ұлттық энциклопедияның» ІІІ томына, «Абай энциклопедиясына», Қазақстан Президенті жанындағы даму институтының «Элита Казахстана» анықтамалығына енген.
Оның еңбекқорлығы – бәрімізге үлгі
– Мен Дүкенбайды әдебиетке алғаш келген күннен бастап білемін. Ол шамамен 1963-1964 жылдар болатын. Ол мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ баспасөзде көрінген. Одан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен кезінде үздіксіз жариялана бастады. Оның қаламынан туған әңгімелері мен өлеңдері көпшіліктің назарын аударды. Тіпті сол кездегі көрнекті жазушылар өзіндік пікірлерін білдіріп, бағасын берді.
Әдебиетке өлеңнен келген Дүкенбай көп ұзамай проза жанрына біржола мойын бұрды. Қателеспесем, 1967 жылы оның повестер мен әңгімелер жинағы Мәскеудегі ең ірі баспалардың бірінен жарық көрді. Сол кезде Дүкенбайдың жасы небәрі 25-те еді. Біле-білген адамға бұл дегеніңіз үлкен жетістік еді. Міне, содан бері өмірінің соңына дейін талмай еңбек етті. Жазудан шаршаған да, жалыққан да жоқ. Біздің қазақ жазушыларының ішінде ең өнімді еңбек еткен жазушы осы Дүкенбай Досжанов болатын. Ол өзінің шығармашылығында кешегі тарих пен бүгінгі өмірді қатар алып жүрді. Дүкенбайдың жоғары бағаланған шығармаларының қатарында «Зауал» мен «Жібек жолы» атты шығармасы көш бастап тұрды. Оның «Зауалы» Ресейдің «Ең жақсы роман үшін» сыйлығын иеленді. Бұл да үлкен жетістік еді. Ол Мұхтар Әуезов туралы, Абай туралы сүйекті шығармалар жазды. Бүгінгі күннің де, осы заманның да қыр-сырын ашатын бірқатар жақсы шығармаларды жаратты. Осыдан бірер уақыт бұрын жарияланған суретші туралы шығармасы әріптестері мен оқырмандары арасында жоғары бағаланды. Ол туралы «Егемен Қазақстан» газетінде арнайы мақала да жарық көрді.
Дүкеңнің арамыздан ертерек кеткені – өкінішті жағдай. Ол еңбек етудің ғажайып үлгісі еді. Әлі де біраз нәрсе беретін еді. Амал жоқ, тағдырдың дегеніне көнеміз. Алла артында қалған ұрпағына ғұмыр берсін. Аяулы досымыздың алды жарық болсын дегеннен басқа амал жоқ.
Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ, жазушы
Ол ғажайып туындылар жазып қалдырды
Замандастарым сиреп кетті. Жұлдыздар ағып түсіп жатыр. Бүгін Дүкенбайдың қазасын естіп, қабырғамыз қайысып отыр. Ол екеуміздің достығымыз өткен ғасырдың 60-жылдары басталған. Ол әдебиетке ақын болып келгенімен, өлең өлкесінде көп тұрақтамай, проза жанрында қалам тартатындардың қатарына қосылды. Оның ол таңдауы дұрыс болды деп ойлаймын. Өйткені оның қаламынан «Отырар», «Түркістан», «Жібек жолы» сынды ғажайып туындылар туды. Бұл шығармалардың барлығын да әдебиетімізге қосылған асыл қазыналар деп айта аламын. Осыдан бірер уақыт бұрын «Дала мен қалада» Дүкенбайдың бір мақаласы жарық көрді. Сол мақаласымен бірге бір сурет жариялапты. Ол суретке мен Әдебиет институтында оқып жүргенде, Дүкенбай Мәскеуге келгенде Тәкен Әлімқұлов үшеуміз түскен едік. Мен сол мақаланы оқып, риза болдым. «Дүкенбай дос, бәрін жазыпсың, бірақ Тәкен туралы кеңірек жазу керек еді ғой» деп жауап жазайын дедім де, мойным жар бермеді. Сөйтіп жүргенде мынадай қаралы хабар алып отырмыз.
Өкінішті өмір ғой. Сондықтан отбасына, жан жары мен балаларына қайғырып көңіл айтып, сабырға шақырғым келеді. Дүкенбайымыздың алды – пейіш, арты – кеніш, иманы жолдас болсын дейміз.
Аян НЫСАНАЛИН, ақын
«Алаш айнасы»