Есте қалмас ескі дәуірлерден бері халық жадына «Бес қазылық таулары» деген атпен сіңген Қарқаралы, Бақты, Қу, Кент, Қызыларай тауларының өзгесінен шоқтығы биік Кент қазылығы мен Қызыларай қазылығының тура ортасында – Қызыл – Көшен қырқаларының бір бөктерінде Қасым Аманжолов дүниеге келді. Өткен ғасырдағы ақ пен қызыл шарпысының қарсаңы, аталас ағайыны Угар Жәнібековтің Ленадағы қырғынға қатысарынан бір жыл бұрынғы қоңыр күз екен. Қасым туған үй – сол дәуірде тау-қырат қолаттарына ұйлығыса мекен тепкен қазақы қоржын там, қызыл тасына қына бедер салған табиғаттың төл туындысы тәрізді...
Ел аузында «Аманжол қорасы» аталған ескі жұрт басында «Қасым туған үй – осы» деген тақта тұр. Бірер онжылдық ешкім тұрмаған соң әрі Арқа қысының қытымыр мінезі салдарынан ақын шыр етіп дүниеге келген боз орда жермен-жексен. Жыл аралатып барып тұратын қастерлі өңір болған соң, әр барғанымызда іргетасы шөгіп, табиғат өзі берген дүниесін қайтарып аларына көзіміз жете түседі. Қасымның кеңестік кезеңде жазылған «ресми», «бейресми» өмірбаянында сол кезгі дәстүрмен «сіңірі шыққан кедей әулетінде туған» деп жазылады. Шындығында солай ма? Әлбетте, шығармашылығы мен ғұмырының өзі көзі қарақты жан үшін үлгі болар азамат ақынның ата-бабасын тергеп, бақ-байлық жарыстыру мақсатымыз емес. Дегенмен ел білетін, кейіндері бұрмаланған шын жайттарды жаңғырту керек қой. Оның сыртында зайырлы, салауатты мемлекеттердің барлығында дерлік ұлы тұлғаларының ғұмыр тарихы мен жеті атасынан бергі тек-шежіресін таратып-ақ қойған. Шежіре – қазаққа жат құбылыс емес. Өкініштісі, білу үшін емес, бөлу үшін, солақай сөз өрбіту үшін қызмет етіп қалатыны бар. Сонымен, Қасымның туған үйінің жұртына қарасақ, анау айтқан тобанаяқ кедей тұратын үй емес тәрізді. Орналасқан қыр бөктерінен көз ұшындағы кеңістік қолдың саласындай жазылып, көрініп-ақ жатыр. Сол сала-саладағы қыр-қырат желкесіне шыққан жолаушыға да «менмұндалап» қиядан шалынады. Тар қолаттың қуысына тығылып жататын жалшының жаппасы мұндай болмаса керек. Он екі қанат орданың орнындай үй таудың қызыл тасынан өрілген. Дәуірінде еңсесі едәуір биік болған сыңайлы – үйіндісінің өзі бала бойынан асардай. Үйдің қыр желкесіндегі қабырғасына арқардың сыңар мүйізі қоса өріліп қаланыпты. Ел мұны Рахымжан сері ел аралап қайтқанда атын байлайтын орын деседі. Қасымның әкесі Рахымжан шынтуайтында ел аралап, өнер ұстаған, ат баптап, ит жүгірткен сері адам болыпты. Аты жусағанда, жібек арқанмен байлайды екен. Қарқаралылық белгілі өлкетанушы Ю.Попов Қасымның аталары мен нағашыларының ауқатты, белді әулет болғанын айтады. Өлкетанушы келтірген сол дәуірдегі статистикалық санақ деректері Аманжол қорасында тұрған әулеттің мал-мүлкінің есебіне дейін тізіп береді...
Қасымның әкесі Рахымжан сері өмірден ертерек озып кетеді. Жетім қалған Қасым мен ағасы Тайжанның тағдыры ақын жырларында бірқыдыру суреттелген. Ағалы-інілі қос жетім өгей ортадан қашып, жылап барып, түнеп қалатын Аманжол мен Рахымжан бейіті де ақын туған үйден бірер шақырым жерде жатыр. Қазір жермен-жексен болып орны ғана қалған. Басында белгі жоқ! Бірер жылда жымы білінбей, қара жердің қыртысына сіңіп кетер түрі бар. Еуропаның зайырлы мемлекеттерінің бірі болсақ, басында елі қойған елеулі ескерткіш тұрар ма еді! Бізде ол жоқ. «Алаш айнасының» ұлтымыздың ұлы тұлғаларының ғұмыр тарихына арнап ұйымдастырып келе жатқан қаншама мақалаларында бұл мәселе тұрақты түрде қозғалып келеді. Мәселен, Әлихан Бөкейханның туған үйі, өскен ортасы, ізі қалған жерлері немесе басқа да ұлы тұлғаларымыздың табаны тиген жерлері туралы біршама материал жарық көрген болатын. Бұл тізімге Қасымды да қосуға әбден болады. Себебі Қасымның туғаны мен балалық шағы туралы азды-көпті деректерден өзге, соғыс жылдарындағы тағдыры мен Алматыдағы әдеби қызметінен басқа айтарымыз аз. Қарқаралыдан ұшталып, Кент, Қызыларай арқылы Семейге өтетін күре жол арқылы Қасым 11-12 жасында Семейге кетеді. Одан ілкіде Балқаш қаласында оқыпты. Бірақ ақынның Балқаштағы тірлігі туралы бірауыз дерек жоқ...
Қасым әкелерінің қысқы қыстауынан қозыкөш жерде жазғы жайлауының жұрты жатыр. Мұнда көпшілік «Жақыбала құдығы» атап кеткен, қазір «Қасым құдығы» аталатын қара құдық тұр қауға сабы доғарылып. Суы мөлдір, тұщы. Құдық маңында жергілікті жанашыр жұрт отырғызған көшеттер бой түзеп келеді.
Қасымның құдығы да, атажұрты да Қарқаралының Қасым атындағы ауылдық округінде, Сарыобалы бөлімшесінің аумағында көршілес Ақтоғай ауданымен шекаралас жерде жатыр. Бұл өңірде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Жақып мырза Ақбаев, Әлімхан Ермековтер дүниеге келген. Алаш идеясының алтын бесігі болған топырақта туған ақын қазақ рухын жырлаған ұлттық ақын екенін Ғафу Қайырбеков ағамыз сонау 80 жылдық тойында тілге тиек еткен болатын. Ұлттық идея дүниеге келген өңірде жырдың рухын арқалап Қасым дүниеге келді. «Тас түскен жеріне ауыр» деген осы болса керек...