Қасиетті Құлсары адыры
Ежелден қазақтың мекені болған Қызылжар топырағында қасиетті жерлер өте көп. Солардың бірі – қазіргі Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылының жанындағы Құлсары батыр жерленген адыр. Құлсары Абылай хан тұсында жауға қарсы қол бастаған батырлардың бірі болған және оның ержүректігімен қоса, әулиелік қасиеті жайында да аңыздар бар.
Бүгінде дендеріне шипа іздеген жандар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, әулиенің басына қонып, Алладан жандарына медет тілейді. Емделіп кетіп жатқандары да баршылық. Бұл – соңғы кездері ғана белең алған үрдіс емес, батырдың басына зиярат етушілер бұдан бұрын да болғанын ақсақалдар айтып отыр. Қарағай ауылының тұрғыны Өтеген Жүсіпов Құлсары әулиенің бейіті туралы мынадай әңгіме айтады: «Құлсары әулие жерленген жер Бұлақ ауылының оңтүстік-шығысында, ауылдан 8-9 шақырымдай жерде орналасқан. Осы үстірт үстінде басқа да зираттар бар. Бала кезімізде осы үстіртке барып, аруақтарға өзімізше дұға оқып, бет сипап қайтатынбыз. Сондағы байқағанымыз, зираттардың тастары арасында садақаға тасталған күміс ақшалар жататын. Үстірт маңайында жерошақтың орындарын, түрлі-түсті маталардың қиындыларын көретінбіз. Үлкендерден сұрағанымызда, алыс-жақын жерлерден ауруға шалдыққан адамдардың әулие зираты басына түнеп, тауап ететіндерін айтушы еді».
Құлсары бабамыз түрлі шөптерден дәрі-дәрмектер жасап, ауру-сырқауларды емдейді екен. Риза болған халық ол кісіні «әулие» деп атай бастайды. Ол қайтыс боларда: «Көзімді жұмғаннан кейін мені ана адырдың басына жерлеңдер. Егер үш жылдан кейін қабірді ашып қарағанда, денем бұзылмаса, сонда ғана маған «әулие» атын беріңдер», – депті. Ел-жұрты Құлсарының бұл аманатын орындап, қабірін ашқанда, батырдың бейітінен бір ғажап жұпар иіс шығады. Бұл хош иіске таңғалған халық сол жерде Құлсарыға «әулие» атын берген екен. Қазір бұл адыр Құлсары әулие атымен аталып кеткен.
Құлсарының әулиелігі туралы ел аузында тағы бір аңыз бар. Ол жасы жетіп қартая келе, өлім сағатының таяғанын сезіп, екі ұлын жанына шақырып, мынадай аманат айтқан екен:
«Мен о дүниеге аттанған соң жуып, кебіндеп, ауыл сыртына киіз үй тігіңдер де, мәйітімді сонда қойып, күзетіңдер. Үш күннің ішінде осы үйдің алдына бір ақ түйе келіп шөгер, соған менің мәйітімді артасыңдар да, түйенің соңынан ересіңдер. Түйе жүріп отырып межелі жерге жеткенде өзі шөгер, сол жерге мені жерлейсіңдер», – деген екен. Айтқанындай, әулие қайтыс болып, балалары арулап, ауыл сыртына киіз үй тігіп, мәйітті сонда апарып қойып, өздері күзетуге кіріседі. Екі-үш күннің шамасында, әулие айтқандай, киіз үйдің алдына келіп ақ түйе шөккен көрінеді. Балалары мәйітті түйеге мұқият артып, өзіне ғана белгілі бағытқа бет алған түйенің соңынан ілеседі. Түйе сол жүргеннен жүріп отырып қазіргі бейіті тұрған үстірт үстіне келіп шөгеді. Сөйтіп, Құлсары әулие өзінің өсиетімен осы жерге жерленген екен».
Бүгінде батырдың ұрпағы және басқа жанашыр азаматтар «Құлсары» атты қайырымдылық қорын құрып, батырдың басына мазар салып жатыр. Жалғызтаудың батыс беткейінде, таудың сілемі тәрізді үстірттің үстінде, Бұлақ ауылының түстігінде жерленген Құлсары әулиенің мазарының құрылысы жақында аяқталып та қалар. Мазар Ақтаудан әкелінген ақ тастардан өрілуде.