Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. Талантты жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Ан Арыс» баспасының Бас редакторы, халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі Талаптан Ахметжан 48 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүние салды.
Т.Ахметжан 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылында туған. 1979 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатты бітіріп, Өскемен құрылыс-жол институтына оқуға түседі. 1985 жылы институтты бітіріп, құрылыста мастер, Шығыс Қазақстан облыстық телерадио комитетінде редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде Бас маман, «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редакторы, «Парасат» журналында Бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2002 жылы 27 сәуірде шақырылған Қазақстан Жазушыларының кезекті ХІІ Құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары болып сайланған. 2007 жылы 6 маусымда шақырылған Қазақстан Жазушыларының кезекті ХІІІ Құрылтайында Төрағаның орынбасары болып қайта сайланған.
Қазақстан шығармашылық жастарының Республикалық «Жігер» фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының Оралхан Бөкей атындағы сыйлығының, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Халықаралық Валентин Пикуль атындағы сыйлықтың лауреаты.
2002 жылы «О дүниенің қонағы» атты кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған.
«Тұма», «Сұлу мен суретші», «О дүниенің қонағы», «Ақиқат жолы», «Мұң», атты прозалық кітаптары, Таңдамалы шығармаларының үш томдығы жарық көрген.
«Қараторғай», «Екі жүрек», «Тазша бала», «Сұлу мен суретші» атты спектакльдері республика театрларында табыспен қойылуда. Шығармалары орыс, түрік, корей тілдеріне аударылған.
Т.Ахметжан мінезге бай, сабырлы, сырбаз табиғат, үлкенге де, кішіге де кішіпейіл, еңбекқор, жүрген ортасына қадірлі, сыйлы, жайсаң жігіт еді. Қазақстан Жазушылар одағының шаруасы шайқалып тұрған, өтпелі бір қиын кезеңде басқарма төрағасының орынбасары қызметіне келіп, одақтың жұмысының оңалып, жандануына өзінің адал еңбегімен, іскерлігімен елеулі үлес қосқан азамет еді.
Оның талантты шығармалары әдебиетіміздің жетістігінен саналады. Шығармаларының нағыз кемелденген, кісілік келбетінің тұлғаланып, толысқан дер шағында мейірімсіз ажал абзал әріптесімізді арамыздан алып кетті. Оның орны толмас қазасы қай-қайсымыздың да қабырғамызды қайыстырып кеткендей болып отыр.
Оның жарқын бейнесі жүрегімізде сақталады. Оның шұрайлы шығармалары оқырмандарымен бірге жасай береді.
Бір ауыз сөз
Мен өз кітаптарымда ар-ұят, адамгершілік тақырыбын көтеруге ұмтыламын. Бүгінгі қоғам, ар-ұяттың аяққа басылып жатқаны, жан экологиясы, адам экологиясы – шығармаларымның негізгі өзегі.
Жан-дүниемізді, ар-ұятымызды қалай сақтай аламыз?..
Т.Ахметжан