Ең бақытты адам – артында іздеуші ұрпағы, елі қалған жан. Қазақта іздеуге тұрарлықтай тұлғалар өте көп. Соның бірі де бірегейі – Қадыр Мырза Әлі. Қазақ руханиятының мұхитына аянбай қойып кетіп, өле-өлгенше сол мұхитта қары талмай жүзген ақын, жазушы, жалпы, жан-жақты дарын иесінің шығармашылық мұрасы жайлы, өмірі жайлы бір мақала емес, том-том кітап жазудың өзі көп болмайтыны рас. Алайда біздің айтпағымыз басқа...
Маған түк те керегі жоқ сенсеңіз,
Бәрі қалар, бәрі қалар өлсеңіз, – деп жырлаған ақын, расында, өмірінде дүние-мүлік жинамай, шығармашылыққа өзін тұтас арнап, бақытты содан іздеген. Көзі тірісінде қалта байлығын керек етпеген ақынға енді тіпті, өзі айтпақшы, «түк те керегі жоғы» түсінікті. Алайда ұлы ақынын ұлықтамаған ұлттың қадірі қашпай ма? Жалғаннан жырақ ұшып кеткеніне екінші жылға аяқ басқан ақынның жоғын жоқтап, редакциямызға қазақтың кәсіпкер қызы, ұлттық өнердің жанашыры Сара Шаяхметқызы хабарласты.
Сара ШАЯХМЕТҚЫЗЫ, «Аруана» продюсерлік орталығының директоры:
– Алматы қаласындағы Розыбақиев пен Төле би көшелерінің қиылысындағы 61-үй жайлы айтқым келеді. Ол үйде бір кездері қазақтың біртуар азаматы, көрнекті ақын, Қадыр Мырза Әлі тұрған. Бірақ оны біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Мен үйдегі апамыз екеуі қолтықтасып қыдырып жүргенін талай көзім шалғаны бар-ды. Әйтсе де күнделікті күйбеңмен жүріп ол жайлы ұмытып кеттім бе, әйтеуір мән бермеппін. Күндердің бір күні сол маңдағы өзімнің қызмет орныма кіріп бара жатқанымда бір апам тоқтатып алды. «Қарағым, көрінбей жүрсің, шаруаларың оңды ма? – деп бастаған ол кісі, – білесің бе, мына үйде кезінде Қадыр ақын тұрған. Қазір ақынның өзі де жоқ бұл пәниде. Алайда оның ізі, сан қилы күндерінің елесі қалған қарапайым ғана үйіне бір ескерткіш тақта орнатуға болмас па екен?» – деді. «Расында...» деп тұрып қалдым, сол сәтте көз алдыма сонау бір кездер келді. Қадыр аға жоғары жақтың қолдауымен үлкен үй алып, сонда көшетін болған. Менің қызмет орным, яғни шаруа қожалығым тап сол ақын үйінің қасында. «Кедей болсаң, көшіп көр» дегендей, ақын ағамыз бен апамыз көрші тұрған менің кеңсеме көмек сұрай келді. Қол астымда жұмыс істейтін жап-жас, тепсе темір үзетін жігіттер бар еді, соларды дереу жібере қойдым. Өзіміз секілді тоңазытқыш, жиһаздар шығар деп ойлап ем, жоқ, жігіттер төрт күн бойы толассыз тек кітап тасығандарын айтты. Соны естігенде дүние емес, мал емес, кітап жинаған ағамыздың кемеңгерлігіне тәнті болдым. Көмектескен балаларға кітап беріпті, маған да алғыс ретінде ағамыз жиған бірді-екілі байлықтан үлес тиді. Қалта байлығынан сана мен рух байлығын әлдеқайда жоғары қойған Қадыр Мырза Әлідей ақынның сол кезде көшіп барған үйіне бүгінде белгі қойылуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр дегенді естіп жатырмыз. Дегенмен өзі он жыл тұрған, Төле би көшесіндегі 61-үйге «Осы үйде 1992-2002 жылдары қазақтың Қадыр ақыны тұрған» деп, шағын ескерткіш тақта қою артықтық етпесі анық.
Жалпы, баспана қашаннан қазақтың біртуар зиялыларының бас ауруы болып келе жатқаны айдан-анық. Қасым ақыннан бастап, «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды» десе, одан бергі ақындар, Мұқағали, Төлеген, Қадырлар да үйге бірден қол жеткізбегені анық. Ол жайлы ақынның өзі қайтыс боларынан аз ғана бұрын ауруханада жатқан жерінде берген сұхбатында былай деп еске алса керек.
— Алматыға келгенде бір ғана шамаданмен келіп едік. 4-курста жүргенде үйлендім. Жеңгеңнің әкесінің аты да Қадыр болып шықты, содан ба, басқадан ба, әйтеуір, Алла тағала жарастырып жіберді. Ағаш шеберінің ағаш жонатын үстелі ғана сиятын қуықтай бөлме, бір темір шелек, бір темір кереует сатып алдық. Сөйтіп, өмір сүріп кеттік. Ағалар алақанына салып бақты. Сәбит Мұқанов бір күні кездесіп қалып, аты-жөнімді сұрады. Айттым. «Иә, мен сені білемін, себебі өлеңдеріңді менің балабақшадағы немерем жатқа біледі» деді. Сол Сәбең, кәдімгі Сәбит бір күні маған өз қолымен шақыру қағазын әкеліп берді, 60-қа толып жатыр екен, бір себептермен бара алмай қалдым. Кейіннен кездесіп қалып, «Әй, Қадыр, сен менің туған күніме неге келмей қалдың?» – демесі бар ма, жерге кірерге тесік таппадым. Сол Сәбең бір күні маған: «Әй, бала, саған осы не керек өзі?» – деп сұрады. «Бізге бірінші кезекте керегі баспана ғой», – дедім. «Неше бөлме?» «Бір-екі бөлме болса жетеді». «Қап, мен кеше осы баспана мәселесіне араласпаймын деп айтып қойып едім, ұят болатын болды-ау. Енді сөзімді қалай бұзам?» – деп қиналды. «Әйтсе де бір амалын табармын», — деп уәдесін берді. Ғабит Мүсірепов те, Ғабиден Мұстафин де әкеммен қатар еді. Мен оларды да әке дейтінмін. Әке демекші, үш шалдың ортасындағы жалғыз ұл едім, үшеуінің үйіне кезек-кезек қонатынмын.
Әрине, бұл – Қадыр Мырза Әлінің әлі онша таныла қоймаған кезіндегі жағдайы. Себебі қазақ поэзиясына сіңірген еңбегі еленіп, ақынға баспана берілді. Бәлкім, жоғарыда айтқандай, Сәбең, Ғабең, Ғабиден ағалардың ықпалы да болған шығар. Қалай болғанда да еңбегінің жемісі, табанақы, маңдай терінің зейнеті болған әрбір үйі қастерлі болса керек. Себебі жай адамның үйіндей емес, онда үлкен шығармашылық иесінің рухы болары сөзсіз. Кезінде жеке бас бақыты, жеке жан рақатын күйттемей, бар уақыты мен күшін ұлтының жан азығы үшін құрбан еткен ақын, жазушы, жалпы, ұлт жанашырлары құрмет пен тағзымның қандайына болсын лайық.