Қарақат Әбілдина қызды болуды қатты армандаған. Әнші үш ұлдан кейін қызды болудың амалдарын қарастырып, ай-күнін есептеп, жоспарлағанын жасырмайды. Бұл туралы Әбілдина желідегі парақшасында бөлісті, деп жазады Stan.kz.
Қарақаттың бұл күні ағынан жарылуы бекер емес. Әншінің қыз деп жоспарлап дүниеге келген төртінші ұлы күні кеше 8 жасқа толды. Төртінші рет ана атанған күнінде өнер иесі оқырмандарына шынын айтып, сырын ақтарды.
"Жасыратыны жоқ, 3 ұлдан кейін есептеткен болдым. Содан, қыз болады деп күтіп жүрдік қой. Өз басым өте сенімді жүрдім. Алла Тағала сондай бір сенім беріп қойды, қыз балаға есім іздеп, армандап, қиялдап, алысқа кетіп қалғанбыз ғой, тіпті. Жүктілік те бұрынғыларға қарағанда өте жеңіл, бірқалыпты өтіп жатты. Өзімді өте жақсы, жайлы сезініп, қайта-қайта тексеріле берудің де еш керегі болған жоқ.
Бірақ, соңғы ма еді, соңғының алдындағы ма еді, 7-айға толғанда УЗИ-ге шақырды дәрігерім. Сол күні деген күштіііі болып киініп, дайындалып, телефонымды сайлап, "ооой қазір қызымды көрем" деп алып-ұшып, уақытты әрең болдырып жетіп бардым. Сөйтсем деген тексеріп-тексеріп келіп "оооһ, маш..ок! Богатырь!" десін Узист!
Сезінген күйді айтсайшы әлгі жерде! "Ұл дегеніңіз қалай, қыз бізде" деп бой бермеймін. Содан ол кісі жымиыыыып, и жылы жүзбен: "Я конечно понимаю вас" деп бастап ұл екенін тағы жеткізді ғой, көрсетіп бәрін.
Сол кезде туған апайым Сымбат еріп барған қасыма, таңғы уақытта ғой, тұрдым да қағазымды да алмай, көзілдірікті басып киіп, шығып кетіппін кабинеттен. Жол бойы жылааап келе жатырмын. Бір алданған жағдайға түсіп қалған болып тұрмын ғой, "қыз, қыз" деп келіп, УЗИ "ұл" дегенде бірден қабылдау оңай болмады.
Үйге келдім. Келсем Қыдекең ояна қоймапты әлі. Не керек, көзімнің жасын сығып отырып ояттым ғой. Ол кісі шошып кеткен "әй не болды, не болды" деп, "осылай маған ұл деді" деп езіліп жылап отырсам Қыдекең жұбатқан боп өзі бірақ мәз.
Содан барып қана: Тәубе де, Алла де! Өйтіп астамшылық жасама. Сен өзі мешітке баршы қазір, садақаңды беріп, дұға жасашы" дейді. Мен келген бетте жылап оятқанда баланың денсаулығымен байланысты бірдеңе болып қалды ма деп қорқып кеткен ғой.
Қыдекеңнің "Алладан кешірім сұрашы" бір ауыз сөзі шынымен де қатты әсер етіп дереу ес жиып алдым да "Бісмәллә! Аллаға Тәуба!" деп, сәждеге барып, өзіме келдім", - дейді Қарақат Әбілдина.
Оқырмандарының бірі басынан өткен ұқсас жағдаймен бөлісіп, әншіні түсінетінін айтты.
"Қарақат әпке менің де 4 құбыламдай болған 4 батырым бар. Пендешілік жасап, неге қыз емес деп ренжідім. Ал қазір сол батырларымды ешқандай қыз бөпеге ауыстырмас едім. Аллаh ұлық. Жаратқанның бере салғандары үшін Шүкір! Тәубе деймін", - дейді оқырман.