Қарағандыда 43 шіркеу бар
Бір ғана Қарағанды қаласында 43 (!) шіркеу бар. Католигі бар, протестанты бар, православы бар... тарқата берсең, жетерлік. Ірілі-ұсақты небір көз жауын алар ғибадатханаларға толы. Алматыдан келе жатқан жолда, қаланың кіреберісінде көзге шағылысқан, алтын жалатылған үлкен православ шіркеуі менмұндалап тұрады. Естуімізше, шіркеудің күмбезіне 30 келідей алтын кеткен. Атшаптырым аумақты алатын шіркеу қаланың шуынан тыныш жерде, шаһардың шетінде орналасқан. Рухани тыныштықты қалайтын жандарға таптырмас орын.
Қайбір жылы Рим папасы Иоан Павел ІІ келгенде, соның құрметіне тағы да Қарағандыдан бір-екі католик шіркеуі бой көтерді. Екеуі де қайдағы бір қуыстарда емес, қаланың көрнекті жерлерінен орын алған. Соның бірі Жеңіс паркінің аясында салынып жатыр. Бітуге де аз-ақ қалды. Аз күннің ішінде қоңырауы да күмбірлеп, «жамағатын» шақыра бастамақ.
Қарағанды орталық саябағының шетінде протестант бағытындағы Грейс миссионерлік орталығы да – өз алдына бір төбе. Санай берсең, он саусағың тұрмақ, он башпайыңды қоссаң да Қарағанды қаласындағы шіркеулердің санына жетпейді. Ал мұсылманы күннен-күнге артып келе жатқан шаһардағы мешіттердің санын санау үшін аяғындағы башпайларыңды көмекке шақырмасаң да болады. Бір қолыңдағы бес саусағың да жетеді. Есептей беріңіз:
бас бармағың – Қарағандыдағы бас мешіт,
сұқ саусағың – Майқұдықтағы Бала қажы мешіті,
ортан терегің – «Хазіреті Әлі» мешіті,
шылдыр шүмегің – Сұрыптаудағы мешіт,
кішкентай бөбегің – Пришахтинскінің мешіті. Бар-жоғы бес-ақ мешіт. Оның екеуі ғана діни басқармаға қарайды.
Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасы былтыр әлеуметтік зерттеу жүргізген екен. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 940 адам бойынша жүргізілген 2009 жылдың ІІ тоқсанындағы әлеуметтік сауалдың қорытындысы мынаны көрсеткен. Облыс бойынша, тұрғындардың 46,9 пайызы өздерін православ екенін көрсетсе, 36,1 пайызы мұсылмандар екен. Протестанттар – 5,5 пайыз, католиктер – 2,6 пайыз, будда дінінің жақтастары 0,2 пайыз болған, сондай-ақ 1,9 пайызы өзге сенімдегілер. Бұл көрсеткіш те көп нәрседен хабар береді.
Қарағандыдағы орталық мешітке 700 адам ғана сияды. Жұма намазына жиналған жамағаттың басым көпшілігі құлшылығын сыртта өтейді. Аязда үсіп, ыстыққа төзіп тұрады. Бұл кеншілер қаласындағы жамағаттың көптен бері көкейде жүрген проблемасы еді. Алла рақмет қылғандай, өткен аптада Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен және еліміздегі қалталы азаматтардың демеушілігімен тағы бір көркем мешіттің іргетасы қаланды. Аталмыш шараға еліміздің бас мүфтиі, дін басымыз, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі келіп өзі қатысты. Сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов те келіп, сөз сөйледі.
«Тәуелсіздік алған жылдары елімізде небәрі 68-ақ мешіт болатын. Аллаға шүкір, бүгін міне 2290-шы мешіттің іргетасы қаланғалы тұр», – деді бас мүфти. Мешіттің құрылысы 2011жылы 11 желтоқсанға қарай бітеді деп жоспарланып отыр. Яғни Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай қала жамағатына тартылар сый болмақ. «Екі мың адамдық мешіт Қарағанды қаласының Орталық мешіті болады» деп отыр қазіргі орталық мешіттің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов.