«Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясы жарық көрді
Кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрген «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясының тұсаукесері өтті.
Жаңа ғылыми-танымдық жинақтың тұсаукесеріне белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қазақтың көрнекті ғалымы туралы еңбекті белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас редакторы Бауыржан Жақып таныстырып, бұл жинақтың рухани өміріміздегі үлкен оқиға, жаңалық деп бағалауға тұратындығына айрықша тоқталды. Тұсаукесер рәсімі барысында жиналған қауым аталған кітап жөнінде пікірлерін ортаға салып, сонымен қатар тұлғалық энциклопедия шығару үрдісін жандандыруға қатысты ұсыныс-тілектерімен бөлісті. Есімдері елге белгілі, қазаққа еңбегі сіңген тұлғалар туралы арнайы энциклопедия шығару ісін баспа ұжымы алдағы уақытта да жалғастыратындығын айтты.
Бауыржан Жақып, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас редакторы:
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бұл еңбек Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылып отыр. Бұл кітапқа енген сирек суреттер 800-ден астам суреттен іріктеп алынды. Тұлғалық энциклопедияда геолог-ғалымның туып-өскен ортасы мен дүниетанымының қалыптасуы, бай ғылыми-өндірістік мұрасы мен білімі, мемлекеттік және қайраткерлік қызметі мен сан салалы шығармашылық және тәжірибелік еңбегі түрлі қырынан қамтылған. Сондай-ақ Қаныш Имантайұлының геология, тау-кен, металлогения және тағы басқа да ғылым салаларына қатысты мақалалары мен іргелі еңбектері тұңғыш рет қазақ тілінде баяндалып, жеке беріліп отыр. Мұны рухани өміріміздегі үлкен оқиға, жаңалық деп бағалауға болады.
«Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясын шығару ісі «Қазақ энциклопедиясы» баспасында осыдан 13 жыл бұрын басталған болатын. Алайда қажетті материалдар мен тиісті қаржының жеткіліксіздігінен жинақты құрастыру жұмыстары кейінге шегеріле берген еді. 45 жылдық тарихы бар бұл мекемеде Тәуелсіздік жылдары «Абай» және «Мұхтар Әуезов» тұлғалық энциклопедиялары жарық көрген. Қазіргі уақытта әртүрлі тақырыптағы ғылыми-танымдық кітаптар мен сериялы түрде тұлғалық энциклопедия шығару жолында және өз өнімдерінің мазмұндық, полиграфиялық сапасын арттыру бағытында баспа ұжымы жаңаша ізденістерге баруда.
Жоба авторларының айтуынша, қазақ тіліндегі «Қаныш Сәтбаев» тұлғалық энциклопедиясы алдағы уақытта бірқатар шетел тілдеріне аударылмақ. Бұл «Қазақ энциклопедиясы» баспасының жұмыс істеу тәсіліндегі тың бастамалардың бірі болып отыр.
Қаперге!
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899-1964) – аса көрнекті қазақ геологі, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Бүгінде еліміздің бір қаласы мен жоғары оқу орны, ғылыми институттар мен кен-металлургия комбинаттары, Қазақстан қалаларының көшелері, мұражайлар, мектептер мен шаруашылықтар қайраткердің есімімен аталады. Сондай-ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) Қ.Сәтбаев есімімен аталады.