Қазақта «Атың барда – желіп жүріп жер таны, асың барда – беріп жүріп ел таны» деген керемет бір нақыл сөз бар. Ерте заманнан-ақ ата-бабаларымыздың өмір салтына айналған осынау ұстаным күні бүгінге дейін мәнін жоғалтқан емес. Тек «жер тану», «ел тану» мақсатының, негізінен алғанда, іштегіні мансұқтап, сырттағыға сілекей шұбырту сипатында болып тұрғаны өкінішті. Басқаша айтқанда, «Біреудің қаңсығы – біреуге таңсықтың» кері. Әйтпесе ел аузындағы ғажайып аңыз-әңгімелер мен сал-серілердің інжу-маржандай небір тамаша ән-жырына арқау болған қазақ жері әлдеқашан туризмнің төріне айналар еді.
Швейцарияға бергісіз көркем Катон-Қарағай, атышулы Айғай құм, құпиясы сан қатпар Қаратау қамалдары, көрікті Көлсай, теңдессіз Таңбалы тас, кербез Көкше, бейнелі Бурабай, қасиетті Қарқаралы... Тізе берсек, қазақ даласы – тұнған шежіре. «Көшпелінің жұртында қалған сынық сағанағы да – тарихтың көзі». Тек бізде соны зерделеуге деген талпыныс жоқ. «Елжандылық төл тарихыңды білуден басталады» десек, біз қазір әсіресе жас ұрпақтың елін, жерін, туған топырағын танып өсуіне мүлде ықпал ете алмай отырмыз.
Міне, оқушылардың жазғы демалысы басталды. Гүл теріп, көбелек қуып, тауға шығып, орман аралап, жаз мезгілін қызықты өткізу – кез келген балаға бұйырмаған бақыт. Баяғы тегін лагерьлер көзден бұлбұл ұшқан, барының бағасы қымбат. Алматы, Астана сияқты үлкен шаһарларда тұратын балалардың дені қала маңынан ұзап шыға алмайтыны тәрізді, көптеген ауыл балаларының да алты адым аттап шығуға мүмкіндігі жоқ. Яғни жасөспірімдердің туған Отаны, атамекені туралы бүкіл таным-түсінігі, хабар-ошары өзінің тұрғылықты жерінің аумағынан әріге аспайды. Сондықтан мектеп оқушылары үшін арнайы шара ретінде танымдық туризмді жолға қою мәселесін жан-жақты ойластырған абзал. Сөйтіп, жазғы және тоқсанаралық демалыстарды пайдалана отырып, ауыл демей, қала демей, жер-жердегі балалардың тарихи орындарға, көрікті мекендерге саяхатын ұйымдастыру қажет. Бұл тәжірибеде бұрыннан бар. Мысалы, алыстағы ауылда тұрғанымызға қарамастан, сонау кеңестік кезеңде мектебіміздің бір топ оқушылары «Батыр қалалар» маршруты бойынша Ленинград, Сталинград, Севастополь, Одесса қалаларын, Брест қамалын, Киевті, Мәскеуді көріп қайтқаны әлі есімде. Ол кезде мұндай экскурсиялар жиі ұйымдастырылып тұратын және жолдама да сутегін болатын. Соның салдарынан болар, біз сол кезде Шығыс Қазақстанда немесе Жетісуда қандай тарихи орындар бар екенін, атамекеніміздің нендей игіліктерімен мақтануға болатынын ұқпасақ та, Ленинградтың Эрмитажы мен әйгілі ақ түндері, ашылмалы көпірі мен Крейсер Аврорасы, Ресей императорларының 1917 жылға дейінгі ресми резиденциясы болған Қысқы Сарайы, Мәскеудің Кремль куранттары мен Қызыл алаңы, Манежі мен Третьяков галереясы туралы бір кісідей-ақ білдік. Осының аяғы көп жастарымыздың өз мәдениетімізді мансұқтап, ал өзгеге келгенде аузын ашып, көзін жұмуына әкеліп соқтырды.
Осы тәжірибені қазір неге пайдаланбасқа?! Оқушыларға арналған танымдық туризмді жандандыру және аталмыш жобаны мемлекет есебінен, сондай-ақ меценаттық қаражат көздерінен қаржыландыру, біріншіден, ұлт ұрпағының төл тарихын тани алуына ықпал етсе, екіншіден, үлкен қалалар мен еліміздің алыс аймақтарының арасын жалғап, мәдени дезинтеграция процесінің етек алмауына, яғни біртұтас жүйе байланысының бұзылмауына негіз болары анық.
Осы орайдағы тағы бір мәселе балалардың жазғы демалысына байланысты. Өткенді айта берсең, сол жүйені сағынғандай боласың. Бірақ кешегі атаулының бәрін сызып тастай бермей, үлгілі үрдістерін кәдеге жарата алған да дұрыс. Мысалы, жазғы демалыс лагерьлерін алайық. Балалар онда жай демалып қана қоймай, денсаулығын түзеп әрі табиғат аясында жүздерін жел қағып, күн шалып, шынығып қайтатын. Қоршаған ортаны танитын. Еңбекке, достыққа бейімделетін. Отанының орман-тауын, өзен-көлін, даласын көріп-білу және оның күллі сұлулығын сезіну әрбір баланың бойында туған табиғатын аялай сүю, қорғау сезімдерін оятатын. Демек, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық елдің ертеңін ойлау мақсатынан туындауы тиіс.
Р.S.
Ежелгі дәстүр бойынша, ертеректе қазақтар дүниеге ұл бала келсе, кіндігін алты қырдан астам жерге апарып көметін болған екен. Ондағы мақсат «Алты қырды асып жүріп, елін-жерін қорғасын. Туған топырағына кіндігімен байланып, оны мәңгі бақи сүйіп өтсін» деген ойдан туындаса керек. Қазір ондай уақыт емес. Дүниеге келген нәрестенің кіндігі перзентхананың қан-жынына араласып, қай қоқыста қалатыны бір Аллаға ғана аян. Бірақ сәбидің кіндігіне жоқшы болмай-ақ, ес жиып, етек жапқаннан-ақ әрбір жасөспірімді елімен, жерімен етене таныс етіп өсірсек, атамекенге деген сүйіспеншілікті бала кезінен сіңірсек, оның өзі де – аз шаруа емес...
Оймақтай ой
Мақалада қозғалған жайттарды түйіндей келгенде, мынадай бір ой туады. Яғни жуық арада «Қазақстан Республикасы балаларының денсаулығын түзеу мен демалысын ұйымдастыруға мемлекеттік қамқорлық жасау туралы» арнайы заң қабылданып, жасөспірімдердің танымдық туризміне, жазғы демалысына қатысты келелі мәселелер шешімін тауып жатса, ол бір ұлағатты іс болар еді.