Кейде өзің үнемі сырласып, тонның ішкі бауындай болып араласып жүретін жақын адам туралы ойлағанда «осы кісі туралы бәрін білемін» деп түйетінің бар ғой. Жетісу жұртшылығы жете бағалайтын қабырғалы қаламгер, қаламы қуатты журналист Мәулетхан Ақсанов ағамыз туралы осындай ойда едім. Дәл жеме-жемге келгенде ақпейіл ағамыз туралы жөнді білмейтіндігімізді енді байқап отырғандаймыз.
Бүгінде асқаралы алпыс жастың белесіне көтерілген қаламгердің өзі туралы өзінен артық жаза алмайтынымызды «Талдықорған» газетінде іркес-тіркес жарияланып жатқан үзік-үзік публицистикалық шығармаларының дәмінен байқап қалдық. Оның алдында 2011 жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен Алматы қаласындағы «Ан-арыс» баспасынан жарық көрген «Киелі елді мекен» кітабы оқырманның ыстық ықыласына бөленген болатын.
Осы кітапты оқып отырып, жазудың қыр-сырын жете меңгерген қаламгердің оқиғаларды әсірелемей тұп-тұнық, қаз-қалпында көркем сөзбен, кәнігі зергердің қолынан шыққан лағыл бұйымдай жұп-жұмыр етіп берудегі тәсілі қатты толғандырды. Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Майлышат деген елді мекенді былайғы жұрт біле де бермейді. Тіпті сол аудандағы жұртшылық та анда-санда бір есіне алмаса, үнемі жадында жаңғырмайтын. Сұрай қалсаңыз, ойланып барып есіне түсірер, бәлкім. Бұл енді ауданның шет жағындағы, бүгінгі тілмен айтқанда, «болашағы жоқ ауылдардың» санатында болар. Өйткені қазір онда үш-төрт үй ғана отбасы тұрады дейді жұрт. Осы елді мекеннің түлегі Мәулетхан ағамыз әлгі ауылдың тарихын ішкі қырындысына дейін ақтарып жазған. Өзі де сол ауылға ұзақ жыл ат ізін салмаған автордың кейінде ауылдың бүкіл тарихын ондағы адамдардың мінез-құлқын қалай дөп басып жазған деп таңдай қағасыз. Бәрі жадында жаңғырып тұр. Туған жер қасиеті осындай-ақ болар. Қарымды қаламгердің киелі елді мекен – Майлышат ауылы туралы жазған топтамаларын оқып отырып, «Майлышатты бір көрсем-ау» деп армандайсыз. Сондай «жердің төресінен ел-жұрт неге көшті екен» деп іштей налисыз. Ондағы ақжарқын, әрқайсысы өзінше бір әлем, тұлға, мөлдір адамдармен дос-жар болғыңыз келеді. Бұл енді автордың туған жерін жан-жүрегімен аялай сүйетіндігінің белгісі болса керек. Туған жердің киесі тамырында тулап аққан азаматтың діліндегі рух болса керек.
Қазір жұрт ауыл-ауыл туралы түрлі кітаптар шығарып жүр. Солардың көбі құрғақ статистикаға құрылады. Сол ауылдан шыққан белгілі адамдардың суреті мен өмірбаяны топтастырылады. Бір парақтап шығасыз да, жылы жабасыз. Есіңізде қалмайды. Бір рет қана «е..е...е» дейсіз де қоясыз. Ал көркем ойдан кесте тоқитын қаламгер сол тасыр жолға түспей ауылдың бүкіл болмысына, шөбі мен шөңгесіне, аңы мен құсына, жемісі мен жидегіне жан бітіріп, сізбен сөйлесіп, сырласып тұрғандай етіп жазады.
Осы ауылдың, яғни Майлышаттың ата-бабамыз елімізді жоңғар шапқыншылығынан азат етіп, ұлан-асыр той жасаған киелі мекен екенін біліп тағдырына алаңдайсыз.
«Бүгінде біреулер қазақты жасық, момын дейді. Сөйте тұрып дастарқанының молдығын, дархандығын, қонақжайлығын мақтап ала жөнеледі» дейді автор. Дейді де, сол қазаққа жаны қастардың Майлышат сияқты ауылдарды, оны құрған Ондабай Оразов сияқты азаматтарды бірінен соң бірін ұстап, ату жазасына кесіп, ауылдарды жапқандығына «іші қазандай қайнайды». Бұл – алып Қазақстан атты елдің шет түкпіріндегі ауылдағы оқиға. Ал сол кездегі ел білетін арыс азаматтардың жай-күйін сөз етудің өзі бұдан кейін артық.
Мәулетхан аға не жазса да шынайы жазатынын жоғарыда айттық қой.
Сонау 1997 жылдары Талдықорған облысы тараған тұста облыс орталығындағы азаматтардың жағдайы шарасыздың күйін, «суға кеткен тал қармайдыны» еске салатын. Жұмыс жоқ. Жұмыс болмаған соң күй қайдан болсын. Мәулетхан ағамыз да бұл жайтты айналып өте алмайды. Облыстық газеттің білдей аға тілшісі, газет тарағанда далада қала жаздап барып, әупірімдеп бір мектепке төрт сағатпен жұмысқа тұрады. «Талдықорған» газетінде де ақысыз жарты күндік жұмысы бар. Оған тәубе дейді. Ағамыздың тұратын үйі қаланың бір шетінде де, жұмыс істейтін орны бір шетінде. Соған күнделікті жолақысын төлеп барып қайтудың өзі күш болғандықтан, құдайдан қуат тілеп, жаяулап қатынайды. Жаяу адам қажиды емес пе. Бірде «таныс кезігіп қалса ала кетер» деген үміт жетегінде автобус аялдамасына келсе, белгілі ақын Әбен Дәуренбеков ағамыз сонадайдан көзіне оттай басылады. «Аға, жолға төлейтін тиыныңыз бар ма?» – деп, сұрақты төтесінен қояды інілік базынамен.
«Бар» деп Әбен аға да елп ете түседі.
Автобусқа ентелей енеді. Сол сәтте Әбен ағамыз қалтасынан 5 теңге шығарып: «Мынау сөмке көтерген балам үшін, мен зейнеткермін», – деп, бір бума қағазды жолақысын тексерушіге ұсынады.
«Жалпы, ол уақытта жолақысы үлкендер үшін 10 теңге, оқушылар үшін 5 теңге болатын», – деп еске алады автор.
«Бүгінгінің ер-азаматтарында ұят жоқ. Түйедей еркекке 5 теңге төлегені несі?!.» деп әйелдер қауымы сөз етіп жатады.
Әбен ағамыздың әпенділігін, қуақылығын білетін біз үшін бұл – есте қалар жақсы оқиға. Осыны «Менде ақша бар» атты шағын деректі әңгімесінде автор өте шебер бере білген. Өзін де, сол кездегі қоғамның бет-бейнесін де боямасыз әсерлі кейіптеген. Шындықтың бетіне тура қараған.
Бүгінде елімізге белгілі азаматтың қаламы жүйрік журналист, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, «Талдықорған» газеті бас редакторының жазып отырған әңгімесі бұл. Қаламға, жазуға адалдық деген осындай-ақ болар. Осы әңгімені өз беделін көтеру үшін, «ол кезде менің жағдайым жақсы, Әбен аға тиынсыз жүргенде мен көп жәрдем жасап, талай рет өзіммен бірге ала кетуші ем» десе де ешкім шүбә келтірмес еді.
Міне, осындай жаны таза, шыншыл, еңбекқор ағамыз қазақ журналистикасын жаңа белеске көтеруде көп еңбек етті, әсіресе Мәулетхан ағамыздың маңдай тері мен қажыр-қайратының көбі бүгінде оқылымды басылымға айналған Талдықорған қаласынан шығатын «Алатау» газетін қалыптастыруға кетті десек өтірік айтқандық емес. 2002 жылы жаңадан жарық көрген газет бар-жоғы мың данамен басылатын. Оны да базар-базардағы елге көтеріп жүріп редакция кызметкерлері тарататын. Осы газетті тұңғыш редакторы ретінде аяғынан қаз тұрғызып, ондағы жазылған материалдарға, көтерген мәселелерге елдің назарын аударды. Биліктегілерді «Алатау» газетімен санасуға дейін әкелді. 1000 данадан 15 000 данаға дейін жеткізді. Жақсы кадр қашанда қымбат қой, «Талдықорған» газетінің жұмысын ұйымдастыруды қала басшылығы М.Ақсановқа сеніп тапсырды. Қазір «Талдықорған» газеті бүкіл облыс бойынша тарайды. Қалалық газет болса да, 11 000-нан астам тиражбен жұртшылыққа жол тартады. Мазмұны маңызды.
Білікті басшы, қарымды журналист еңбек жолында түрлі марапаттауларға да ие болады. Қазақстан Журналистика академиясының мақтау грамотасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасы Президентінің алғысхатының және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медалінің иегері.
Өмірдегі барлық табысы мен қызметтік абыройға тек тынымсыз еңбегі мен қажымас табандылығының арқасында жетіп, ақиқат жолынан ауытқымаған ағамыздың әлі де алар биігі алда. Өзіндік оқырманын қалыптастырған қаламгер шырынды шығармаларымен жұртшылықты қауыштыра береді деп ойлаймыз.
Қаламына ақиқатты ту еткен
Последние статьи автора