Қаламына ақиқатты ту еткен

Қаламына ақиқатты ту еткен

Кейде өзің үнемі сырласып, тонның ішкі бауындай болып араласып жүретін жақын адам туралы ойлағанда «осы кісі туралы бәрін білемін» деп түйетінің бар ғой. Жетісу жұртшылығы жете бағалайтын қабырғалы қаламгер, қаламы қуатты журналист Мәулетхан Ақсанов ағамыз туралы осындай ойда едім. Дәл жеме-жемге келгенде ақпейіл ағамыз туралы жөнді білмейтіндігімізді енді байқап отырғандаймыз.
Бүгінде асқаралы алпыс жастың беле­сіне көтерілген қаламгердің өзі туралы өзі­нен артық жаза алмайтынымызды «Тал­ды­қорған» газетінде іркес-тіркес жарияла­нып жатқан үзік-үзік публицистикалық шы­ғар­маларының дәмінен байқап қал­дық. Оның алдында 2011 жылы Алма­ты об­лы­сы әкімінің қолдауымен Алматы қа­ла­сын­дағы «Ан-арыс» баспасынан жа­рық көр­ген «Киелі елді мекен» кітабы оқыр­ман­ның ыстық ықыласына бөленген бо­латын.
Осы кітапты оқып отырып, жазудың қыр-сырын жете меңгерген қаламгердің оқиғаларды әсірелемей тұп-тұнық, қаз-қалпында көркем сөзбен, кәнігі зергердің қолынан шыққан лағыл бұйымдай жұп-жұмыр етіп берудегі тәсілі қатты толған­дыр­ды. Алматы облысының Алакөл ауда­нына қарасты Майлышат деген елді ме­кен­ді былайғы жұрт біле де бермейді. Тіпті сол аудандағы жұртшылық та анда-санда бір есіне алмаса, үнемі жадында жаңғыр­май­тын. Сұрай қалсаңыз, ойланып барып есіне түсірер, бәлкім. Бұл енді ауданның шет жағындағы, бүгінгі тілмен айтқанда, «бо­лашағы жоқ ауылдардың» санатында болар. Өйткені қазір онда үш-төрт үй ғана отбасы тұрады дейді жұрт. Осы елді ме­кен­нің түлегі Мәулетхан ағамыз әлгі ауыл­дың тарихын ішкі қырындысына дейін ақ­тарып жазған. Өзі де сол ауылға ұзақ жыл ат ізін салмаған автордың кейінде ауыл­дың бүкіл тарихын ондағы адамдардың мі­нез-құлқын қалай дөп басып жазған деп таңдай қағасыз. Бәрі жадында жаңғырып тұр. Туған жер қасиеті осындай-ақ болар. Қарымды қаламгердің киелі елді мекен – Майлышат ауылы туралы жазған топтама­ла­рын оқып отырып, «Майлышатты бір көр­сем-ау» деп армандайсыз. Сондай «жер­дің төресінен ел-жұрт неге көшті екен» деп іштей налисыз. Ондағы ақжар­қын, әр­қай­сысы өзінше бір әлем, тұлға, мөл­дір адам­дар­мен дос-жар болғыңыз келе­ді. Бұл ен­ді автордың туған жерін жан-жү­регімен ая­лай сүйетіндігінің белгісі болса керек. Туған жердің киесі тамырында тулап аққан азаматтың діліндегі рух болса керек.
Қазір жұрт ауыл-ауыл туралы түрлі кі­тап­тар шығарып жүр. Солардың көбі құрғақ статистикаға құрылады. Сол ауыл­дан шыққан белгілі адамдардың суреті мен өмірбаяны топтастырылады. Бір па­рақ­тап шығасыз да, жылы жабасыз. Есі­ңізде қалмайды. Бір рет қана «е..е...е» дей­сіз де қоясыз. Ал көркем ойдан кесте тоқитын қаламгер сол тасыр жолға түспей ауылдың бүкіл болмысына, шөбі мен шөңгесіне, аңы мен құсына, жемісі мен жи­де­гіне жан бітіріп, сізбен сөйлесіп, сыр­ласып тұрғандай етіп жазады.
Осы ауылдың, яғни Майлышаттың ата-бабамыз елімізді жоңғар шапқыншылы­ғынан азат етіп, ұлан-асыр той жасаған кие­лі мекен екенін біліп тағдырына алаң­дайсыз.
«Бүгінде біреулер қазақты жасық, мо­мын дейді. Сөйте тұрып дастарқанының мол­дығын, дархандығын, қонақжайлығын мақтап ала жөнеледі» дейді автор. Дейді де, сол қазаққа жаны қастардың Майлы­шат сияқты ауылдарды, оны құрған Онда­бай Оразов сияқты азаматтарды бірінен соң бірін ұстап, ату жазасына кесіп, ауыл­дарды жапқандығына «іші қазандай қай­найды». Бұл – алып Қазақстан атты елдің шет түкпі­рін­дегі ауылдағы оқиға. Ал сол кездегі ел білетін арыс азаматтардың жай-күйін сөз етудің өзі бұдан кейін артық.
Мәулетхан аға не жазса да шынайы жазатынын жоғарыда айттық қой.
Сонау 1997 жылдары Талдықорған об­лы­сы тараған тұста облыс орталығын­дағы азаматтардың жағдайы шарасыздың күйін, «суға кеткен тал қармайдыны» еске са­латын. Жұмыс жоқ. Жұмыс болмаған соң күй қайдан болсын. Мәулетхан ағамыз да бұл жайтты айналып өте алмайды. Об­лыстық газеттің білдей аға тілшісі, газет тара­ғанда далада қала жаздап барып, әупірімдеп бір мектепке төрт сағатпен жұ­мыс­қа тұрады. «Талдықорған» газетінде де ақы­сыз жарты күндік жұмысы бар. Оған тәубе дейді. Ағамыздың тұратын үйі қала­ның бір шетінде де, жұмыс істейтін орны бір шетінде. Соған күнделікті жолақысын төлеп барып қайтудың өзі күш болған­дық­тан, құдайдан қуат тілеп, жаяулап қаты­най­ды. Жаяу адам қажиды емес пе. Бірде «таныс кезігіп қалса ала кетер» деген үміт жетегінде автобус аялдамасына келсе, бел­гілі ақын Әбен Дәуренбеков ағамыз со­надайдан көзіне оттай басылады. «Аға, жолға төлейтін тиыныңыз бар ма?» – деп, сұ­рақ­ты төтесінен қояды інілік базынамен.
«Бар» деп Әбен аға да елп ете түседі.
Автобусқа ентелей енеді. Сол сәтте Әбен ағамыз қалтасынан 5 теңге шығарып: «Мынау сөмке көтерген балам үшін, мен зейнеткермін», – деп, бір бума қағазды жола­қысын тексерушіге ұсынады.
«Жалпы, ол уақытта жолақысы үлкен­дер үшін 10 теңге, оқушылар үшін 5 теңге болатын», – деп еске алады автор.
«Бүгінгінің ер-азаматтарында ұят жоқ. Түйедей еркекке 5 теңге төлегені несі?!.» деп әйелдер қауымы сөз етіп жатады.
Әбен ағамыздың әпенділігін, қуақы­лы­ғын білетін біз үшін бұл – есте қалар жақ­сы оқиға. Осыны «Менде ақша бар» ат­ты шағын деректі әңгімесінде автор өте шебер бере білген. Өзін де, сол кездегі қо­ғам­ның бет-бейнесін де боямасыз әсерлі кейіптеген. Шындықтың бетіне тура қара­ған.
Бүгінде елімізге белгілі азаматтың қа­ла­мы жүйрік журналист, Қазақстан Рес­пуб­ликасы мәдениет қайраткері, «Талды­қор­ған» газеті бас редакторының жазып отырған әңгімесі бұл. Қаламға, жазуға адал­дық деген осындай-ақ болар. Осы әңгімені өз беделін көтеру үшін, «ол кезде менің жағдайым жақсы, Әбен аға тиынсыз жүргенде мен көп жәрдем жасап, талай рет өзіммен бірге ала кетуші ем» десе де ешкім шүбә келтірмес еді.
Міне, осындай жаны таза, шыншыл, еңбекқор ағамыз қазақ журналистикасын жаңа белеске көтеруде көп еңбек етті, әсі­ресе Мәулетхан ағамыздың маңдай тері мен қажыр-қайратының көбі бүгінде оқы­лымды басылымға айналған Талдықорған қаласынан шығатын «Алатау» газетін қа­лып­тастыруға кетті десек өтірік айтқандық емес. 2002 жылы жаңадан жарық көрген газет бар-жоғы мың данамен басылатын. Оны да базар-базардағы елге көтеріп жүріп редакция кызметкерлері тарататын. Осы газетті тұңғыш редакторы ретінде ая­ғы­нан қаз тұрғызып, ондағы жазылған ма­те­риалдарға, көтерген мәселелерге елдің назарын аударды. Биліктегілерді «Алатау» газетімен санасуға дейін әкелді. 1000 да­надан 15 000 данаға дейін жеткізді. Жақ­сы кадр қашанда қымбат қой, «Талды­қор­ған» газетінің жұмысын ұйымдастыру­ды қа­ла басшылығы М.Ақсановқа сеніп тап­сыр­ды. Қазір «Талдықорған» газеті бү­кіл об­лыс бойынша тарайды. Қалалық га­зет бол­са да, 11 000-нан астам тиражбен жұрт­шы­лық­қа жол тартады. Мазмұны ма­ңызды.
Білікті басшы, қарымды журналист ең­бек жолында түрлі марапаттауларға да ие болады. Қазақстан Журналистика акаде­мия­сының мақтау грамотасы, ҚР Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің алғысхатының және «Тәуелсіз­діктің 20 жылдығы» мерекелік медалінің иегері.
Өмірдегі барлық табысы мен қызмет­тік абыройға тек тынымсыз еңбегі мен қа­жы­мас табандылығының арқасында же­тіп, ақиқат жолынан ауытқымаған аға­мыз­дың әлі де алар биігі алда. Өзіндік оқыр­манын қалыптастырған қаламгер шы­рынды шы­ғар­маларымен жұртшылық­ты қауыш­тыра береді деп ойлаймыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста