Қаламгерлер – табиғат жанашырлары
Аймақтың әдеби-рухани өміріне тың серпін әкелген «Ақсораң» қазақ әдебиетін қолдау қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қарағандыдағы №77 мектеп-балабақша кешенінде мектептің жоғары сынып оқушыларына арнап «Green класс» деген тақырыпта семинар өткізді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшылығымен өткізілген семинардың мақсаты жоғары сынып оқушыларының экологиялық білімін жетілдіру, қоршаған ортаны қадірлеуге үндеу деп санайды ұйымдастырушылар.
Семинар сабақта «Ақсораң» қоғамдық қорының вице-президенті Серік Сағынтай қазіргі ғаламдық экологиялық мәселенің БАҚ беттерінде жариялануы, халық арасында экосауаттылық жайының қазіргі қалпы, үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтардың табиғатты қорғау ісіне араласуы жайында сөз қозғады.
Семинар сабақтарда жастардың экосауатын жетілдіруге орай қала мектептерінің оқытушылары А.Кептербаева мен Г. Сапабекқызының «Табиғатты қорғау – басты парызымыз» атты кітапшасы, жергілікті ақын-сазгерлердің әндері мен жырлары топтастырылған «Табиғатым – махаббатым...» атты аудио жинағы таныстырылып, «Қазіргі ғаламдық экологиялық мәселелер» атты бейнеролик көрсетілді. Үш сағатқа созылған семинар соңы оқушылар арасында өткізілген экологиялық ойынға ұласты.