Қалаға да, далаға да сыймай кеткен ақын

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фотолар)

Кеше Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен көрнекті ақын Есенқұл Жақыпбектің 60 жылдығына орай "Менен де осы өтті өмір..." атты ақынды еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кешке ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, әнші Саят Медеуов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі, әнші-сазгер Жәкен Омаров, Роза Әлқожа сынды өнер шеберлері қатысып, ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады.  Еске алу кешін "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Жанарбек Әшімжан жүргізді. Ақынға арналған кешке «Алаш айнасы» тілшілері де қатысып қайтқан еді.
Ақынды еске алу кеші Есенқұл Жақыпбек туралы деректі киноны көрсетумен бастады. Орта бойлы, дембелше, шегір көзді, өткір сөзді. Міне ел есіндегі Есенқұл осындай еді. Оны ең алғаш айтыс сахнасынан көргендер, «Е, мынау орыс қой» дейді екен. Славян халқына бір қатысы бары түрінде тұратын Есенқұлдың әкесі қазақ, анасы украин қызы екенін өзі де мектеп жасында біліпті. Орыссың десе намыстанатын бала Есенқұл өзі тұратын Бірлік ауылын, ел-жұртын шексіз сүйді. Мазасыз сары баланың санасы ауылдағы әрбір өзгерісті қалт жібермей аңдып жүреді екен. Мектеп бітірер шағында ауылдың қал-жағдайын айтып, ол Қонаевтың өзіне хат жазған екен. Сонда жергілікті ауыл, аудан басшылары әлем-тапырақ күйге түсті. Қаршадай баланың қалақтай хатын ескерусіз қалдырмаған Димекеңнің ұлылығының арқасында  ауылға монша, клуб салынып, мектеп, жол жөндеуден өткен еді.
Есенқұлдың сөз өнеріне құмар болуына Оспанхан Әубәкіров ықпал еткенін ақын ешқашан естен шығарған емес. Алғаш оның фельетондары аудандық газеттерге шығып тұрды.


Әсілі, тұнық өлең көңілі пәк адамнан туады емес пе? Әскерден келген шағында бір көрген аруды өзіне жар етуінің өзі Есенқұл ақынның албырттығын, көңілінің ақтығын меңзейді. Ақынның өзі табан астында шешкен шешімімнің арқасында Меңсұлу мендік болды, деп еске алатын. Есенқұл Жақыпбекті еске алу кешіне ақынның жары Меңсұлу апай да қатысты.
Есенқұл қиын-қыстау заманда ешкімнің есігінен сығаламады, қызмет сұрамады. Қоғамның басты дерті жағымпаздыққа қарсы иммунитеті күшті еді ақынның. Қазақтың Есенқұлы қара базарда арбакеш болған кезеңде кейбіреулер жағасын ұстады.
Есағаң руларын ту етіп, тұтас қазақты жүдедіп жүргендерге жабырқай қарайтын. Ішкі дүниесі бықсып жататындай көрінетін қаладан қашып, ауылда тұрғаны да сол Есағаңның. «Әдеби ортадағы майда-шүйде әңгіме, тартыс, біреудің жақсылығына біреу қуана алмайтын қала мені жалықтырып жіберді, маған бұл қол емес екен» дейтін ақын. Жоқшылық қажытып, көңілі құлазып, жүйкесіне жүк түсіп жүргенде ақын «Алдай-ау» әнін жазған еді. 
«Біздің елдің жігіттері» осылай жазылған еді...
1990 жылдардың басында ұлтымызды келімсектер таптап, қыздарымызды зорлап, намысымызды аяққа басып жүрген кезде қазақ азаматтары дүр сілкініп, атқа қонып, үлкен толқу болған еді. Сөйтіп ұры-қары, келімсектер елден аластатылды. Осы тұста көкірегі ояу, көзінде ұшқын бар ақын жайбарақат жата алмай Жәкен Омаровпен бірлесіп «Біздің елдің жігіттері...» өлеңін жазды. Бірі сөзін, екіншісі табан астында әнін жазып шырқап қоя берген ән, сол бойы шырқалып кете барды.
Есенқұл Жақыпбектің "Бастау", "Ағымнан жарыламын", "Біз екеуміз", "Жеріңе табын", "Біздің елдің жігіттері", "Есіл дүние-ай!", "Бұл жаз да өтер", "Тау басында кәрі қар", "Сарғайған сары терезе", "Тазқара құстың тағдыры" атты жыр жинақтары қазақ поэзиясына қосылған қазына.
Нұрлан Оразалин, ақын Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:
– Қасиетіңнен айналайын Сүйекең, қадіріңнен айналайын Жәкең туған топырақттың бір перзенті Есенқұл еді. Есенқұлдың өліміне қалың қазақ сенген жоқ. Ол халқының көз жазсын сүрте білетін, қуанышын бөлісе білетін биік ақын еді. Айтыс Есенқұлды биікке көтерді. Қазақты шын сүйген Есенқұл кеудесін қағып, мен мына шаруаны бітірдім деген жоқ. Ақынның жүрегін, өзі айтқандай тас қамалын бұзып шыққан жырларының ғұмыры ұзақ болатыны ақиқат.
Алла жазса, алпыс жасымды халқымның ортасында атап өтем деп отырғанда ақынның жүрегі мәңгілікке тоқтады. Алайда Есенқұлдың жырларының ғұмыры мәңгілік болатыны оны еске алуға жиналған халықтың құрметінен байқалып тұрғандай. Тірісінде «Періште бар, пенде бар бізге де біреу зар болар» деп ақын өзі жырлағандай халықтың Есағаңа деген  сағынышы ешқашан сөнбек емес. 

Өмірдерек
Есенқұл Жақыпбек 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген. 1974 жылдың тамыз айынан аудандық газет редакциясында еңбек ете бастады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Айтыс сахнасында 30 жылдай халықтың сүйіспеншігіне бөленіп, айтыстың ақтаңгері атанды. Ол халық арасында кең тараған ән-термелердің авторы. Қазақстан Республикасы Президентінің үш дүркін Степендианты. Есенқұл Жақыпбек айтыс сахнасында 30 жылдай халықтың сүйіспеншігіне бөленді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста