Бүгінде «алтын бесік – ауылымызды» өз қолымызбен тербете алмауымыз көңілге қаяу салады. Кеше Мәдени саясат және өнертану институтының жанынан ашылған «Тағылым» мәдени-интеллектуалдық клубының кезекті отырысында қала мен ауыл мәдениетінің жай-күйі әңгімеге өзек болды. «Қала мен ауыл мәдениеті арасындағы айырмашылықтар» атты тақырыпта өткен жиында ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жай-күйі, қала жастары мен ауыл жастарының психологиясы, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды сақтап қалу жолдары талқыға салынды.
«Тағылым» мәдени-интеллектуалдық клубының аталмыш отырысына қатысқан Советхан Ғаббасов, Әшірбек Сығай, Асылы Осман, Ғаббас Қабышев сынды зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен мәдениеттанушылар ауыл мәдениеті төңірегіндегі мәселелерді көтеріп, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ отырысқа арнайы шақырылған мейман Шығыс Қазақстан облысының Күршім аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркін Жангудеев өзі туып-өскен, қызмет етіп жүрген өңірдегі мәселелерді алға тартты.
Ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек еткен азамат сонау 90-жылдардағы жекешелендірудің мәдениетке салқынын тигізген уақытта өз қаржысына сегіз клубты сатып алып, кейін халықтың игілігіне жарату үшін жергілікті басшыларға қайтарып берген екен. Кезіндегі кеңшарлар ыдырап, клубтар мен кітапханалар қаңырап бос қалған кезде мәдениет саласының қызметкерлері сауда жасап, дорба арқалап кетпеді ме? Ал бүгінде мұндай қиыншылықтар артта қалып, ауыл мәдениетін көркейтуге қаншама қаржы бөлінуде.
Бірақ ұйымдастыру жүйесі, қаржыны игеру жағы дұрыс жолға қойылмағандықтан да ауыл мәдениеті артта қалып тұр. Қалалықтар ауылдан келгендерді менсінбей, ауылдағыларға қалалықтардың қылықтары ерсі көрініп, басының бірігуі онсыз да қиын халқымыз жіктеліп шыға келеді. Ұлтқа, мәдениетімізге жаны ашитын, зиялыларымыз бен қаны қазақ азаматтарымыздың бәрі ауылдан шықты десек те, бүгінде алтын құрсақ ауылымыздан шыққан дарындарды танып, алға тарту жағы кенжелеп қалған секілді. Кімнің көкесінің лауазымы, атақ-даңқы жоғары болса, соның айы оңынан туып тұрған заман болды.
Тағы бір алаңдатарлық жайт, кеше ауылдан келген жас қалаға келіп, еркіндіктің көкесі осында екен деп, ойына келгенін жасап жүргені де — ұрпақ тәрбиесін тамырынан үзіп алғанымыздың кесірі. Міне, осындай көкейкесті мәселелер әрқайсысымызды бейжай қалдырмай, шешімін бірлесіп іздеуді талап етері хақ. Газетіміздің алдағы сандарында жоғарыда айтылған тақырып төңірегіндегі мәселелерді кең түрде таратып жазып, зиялы қауымның, мәдениет және ғылым өкілдерінің пікірлерін назарларыңызға ұсынатын боламыз.